• RUB:
    6.44
  • USD:
    511.92
  • EUR:
    588.91
Басты сайтқа өту
Саясат 23 Қараша, 2024

Мәслихаттың маңызы артып, пәрмені күшейеді

370 рет
көрсетілді

Мемлекеттік биліктің халық сайлаған маңызды тармағы мәслихаттардың пәрменділігі мен ықпалдылығын арттыру – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 3 қазандағы барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының II республикалық форумында сөйлеген сөзінде жергілікті өкілді билік халық сеніміне сай болуы үшін мәслихат депутаттарының біліктілік деңгейін көтеруге және жергілікті экономикалық саясатқа ықпалын күшейтуге айрықша мән беру қажеттігін айтты.

Бұл ретте Парламент Сенаты мен Maqsut Narikbayev University-дің бірлес­кен қоғамдық жобалық кеңсесі – MIND ғылыми-талдау орталығы мәслихаттар қызметінің тиімділігіне кедергі келтіретін түйінді мәселелерді зерттеп, оларды шешу жөніндегі ұсыныстарды әзірледі. Осы жөнінде Бибігүл Жексенбай бастаған бір топ сенатор өткен айда Үкіметке депутаттық сауал жолдап, бірқатар проблемаға ерекше назар аударды. Солардың ішінде жергілікті өкілді органдарды қаржыландырудың жеткіліксіздігі, мәслихат депутаттарының өкілеттігі мен функцияларының шектеулілігі, депутаттық есептерінің сайлауалды бағдарламаны қамтымауы, мемлекеттік билік органдары мен лауазымды тұлғаларға депутаттық сауал жолдау құқығы және оны тиімді пайдаланудың құқықтық кепілдіктерінің жүйесі заңнамалық деңгейде қарастырылмағаны атап көрсетілді. Мәслихаттардың бірыңғай цифрлық платформасы да жоқ. Сол себепті олардың қызметі туралы ақпаратқа қолжетімділік төмен.

Мәслихат депутаттарына халық мүддесін білдіру жүктел­гені­мен, олардың заңна­малық және әкімшілік деңгейдегі мүм­кін­діктері шамалы. Өкілді орган аппаратын қаржылан­дыру толық шешілмегендіктен, оның функ­циялары талапқа сай орын­дал­май отыр. Соның салдары­нан жергілікті тұрғындар үшін маңызды әлеуметтік және инфра­құрылымдық жобаларды жүзеге асыру, ұсыныстар мен баста­маларды одан әрі дамыту үшін талдамалық-сараптамалық құжат­тарды дайындау мүмкін емес.

Мәслихаттардың шешім қабылдау өкілеттігі, әсіресе қар­жы және бюджет мәселелері бойын­ша жиі шектеледі. Мұның өзі олар­дың жергілікті тұрғын­дардың қажеттіліктері мен қоғамдық сұраныстарға тиімді жауап беру қабілетіне теріс әсерін тигізіп отыр.

Шынтуайтында, заң жүзінде жергілікті өзін-өзі басқару дербес делінгенімен, іс жүзінде мәслихат­тардың әкімдерге тәуелді екені белгілі. Сондықтан да тұрғындар олардың тиімділігі мен пәрменділігі төмендігі турасында сыни пікірлер айтып жүр. Мұны барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының өздері де жоққа шығармайды.

Мәслихаттардың өз әлеуетін жеткілікті пайдаланбай отыр­ғанын Экономикалық зерттеулер институты екі жылдан бері Азия даму банкімен бірлесе әзірлеп келе жатқан Өңірлік әл-ауқат индексі айғақтап берді. Оның маңызды көрсеткішінің бірі – халықтың жергілікті мем­лекеттік органдарға, сон­ың ішінде мәслихаттарға сенімінің деңгейі. Аталған зерттеуге қарағанда, өткен жылы тек Түркістан облысының мәслихаттарына сенім деңгейі (72,4 па­йыз) жергілікті әкімдік­терге қарағанда (58,6 пайыз) әлдеқайда жоғары болған. Бұл түркістандықтар әкімдерден гөрі мәслихат депутаттарына көбі­рек сенім артып отырғанын көрсетеді. Жергілікті өкілді билік пен атқару­шы органдардың үйлесімді жұмысының нәтижесінде өңір тұрғындары­ның қаржылық әл-ауқаты 10 балдық көр­сеткіш бойынша алдыңғы жылғы 6,12 балдан былтыр 6,21 балға дейін жақсарған.

Сенат депутаты Бибігүл Жек­сенбай өз әріптестерінің атынан мәслихат­тар қызметінің тиімділ­ігін арттыру мақ­сатын­да олар­ға жергiлiктi iстер­дi басқару­ға белсендi қатысуға мүмкiн­дiк беретiн қосымша өкiлеттiк­тер беруді, жергілікті өкілді орган­дардың қаржылық дербестігін арттыру үшін бюджет қаражатын бөлу жүйесін қайта қарауды, бюд­жет қаражатының пайдаланы­луын бақылау жүйесін енгізуді, депутат­тардың халық алдындағы есептерін сайлауалды бағдарламамен байланыстыра отырып, бір жүйеге келті­руді, сондай-ақ елімізде Бірыңғай депутат күнін белгілеуді ұсынды.

Аталған депутаттық сауалға ресми жауап берген Премьер-министр Олжас Бектенов бүгінде Үкіметте мәслихаттардың өкілеттіктерін кеңейту және жергілікті өзін-өзі басқару институтын нығайту мақсатында қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Нақты айтқанда, Парламент Мәжілісінің депутаттары «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» жаңа заң жобасына бастама­шылық жасаған. Бұл заңнамалық құжат жергілікті өзін-өзі басқа­ру саласындағы қоғамдық қатынас­тарды реттеу, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының құқықтық мәртебесін, олардың қаржы-экономикалық негізін айқындау үшін әзірленген. Онда мәслихат төрағасы мен мәслихат аппараты басшысының өкілеттіктерінің ара-жігін ажырату, мәслихат депутатына заңнамада белгіленген нормалар бойынша іссапар шығыстарын төлеу не іссапарға жіберілген жағдайда қызмет­тік автокөлік беру, жазбаша депутаттық сұрау салуды енгізу және оны мәслихат сессиясында жария ету арқылы депутаттық сұрау салудың мәртебе­сін арттыру, санитарлық тазарту қағидаларын бекіту бо­йынша мәслихаттың құзыретін кеңейту, әкімнің халық алдындағы есептік кездесулерінде көтерілген мәселелерді шешу барысына мониторинг жүргізу сияқты мәселелерді шешу көзделген. Өкілді органдар қызметін цифрландыру­дың 2023-2025 жылдарға арнал­ған тұжырымдамасы аясында «E-parlament» бірыңғай плат­форма­сын пайдалануға беру қарас­тырылып отыр. Ол барлық деңгей­дегі депутаттардың бірыңғай цифр­лық платформасына айналды­рыл­мақшы. Бұл халық қалау­лы­ларының қыз­­меті туралы ақпа­рат­қа қол­жетімділікті арттыруға, олардың сайлаушылармен бай­ланысын нығайтуға септі­гін тигізбек. Мемлекет басшысы­ның тапсырмасына сәйкес мәс­лихаттар депутаттарын Прези­денттің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында оқыту да іске асырылмақшы.

Заң жобасында бюджет қара­жа­тын жұмсауға бақы­лауды күшейту мақсатында депутат­тардың әкімдік­тің бюджеттік комиссияларының жұмысына қатысуы және оларға бюджетті қажеттілігіне қарай, бірақ жылына екі реттен артық емес нақтылауға бастама жасау, халық қатысатын бюджеттің іске асырылуын мониторингтеу құқықтарын беру жөніндегі түзетулер көзделген. Сондай-ақ депутаттар сайлауалды бағ­дарламаларының орындалуы туралы есеппен жылына кемінде екі рет міндетті түрде азаматтармен кездесу өткізуге міндеттелмекші. Бұған қоса Үкімет қолданыстағы заң­намаға өз міндеттерін орын­да­ма­ғаны және тиісінше орындамағаны үшін мәсли­хаттар депутаттарының, соның ішінде тұрақты негізде жұмыс істейтін депутаттардың жауапкершілігін күшейту мақсатында Парламент депутат­тарына қолданылатын жазаға ұқсас жазаның қосымша түрлерін көздей­тін түзетулер ұсынбақшы. Үкімет Бірыңғай депутат күнін белгілеу туралы ұсыныс Еңбек және халықты әлеу­меттік қор­ғау министрлігі бекіт­кен Кәсіби мерекелерді белгілеу қағи­да­ларына сәйкес қаралып, тиісті ше­шім қабыл­данатынын да хабарлады.

Сонымен, Мемлекет бас­шысының саяси реформалары ая­сында мәсли­хаттардың маңы­зын арттырып, пәр­менділігін күшейтуге бағытталған заңна­малық өзгерістер жасалатын күн алыс емес.