• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Алматы Бүгін, 08:55

Хайуанаттар бағының «қуанышы»

Алматы хайуанаттар бағының жануарлары төлдеп жатыр. Жыл басында Амур жолбарысы тапқан таутандарға алматылықтардың өзі жабылып ат қойған. Содан көп ұзамай үш бірдей кенгурудың төлі дүниеге келген еді. Енді, міне, хайуа­наттар бағының аққол гиббондары мен сақиналы құйрықты лемурлары балалады.

Кенгуру көпке дейін өзінің балалағанын біл­дір­мейді екен. Тіпті Хайуанаттар бағының тәжірибелі мамандарының өзі де кенгурудың баласы басын қалтадан қылтитып шығар­ғанда ғана байқайтын көрі­неді.

Сақиналы құйрықты лемур­лардың екі жұбы да егізден төлдеген. Алғашқы егіздер 6 нау­рызда, екінші жұптың төлдері 17 наурызда туған. Қазір олардың барлығы мамандардың жіті қада­ғалауында, енелерінің бауырында өсіп-жетіліп жатыр.

Ал наурыздың басында бала­лаған аққолды гиббонның төлі хайуанаттар бағында бірнеше буын бойы жалғасып келе жатқан өзіндік «бір әулет». Олардың әкесі Джим, әжесі Джулия да осы хайуанаттар бағын­да туған. Ал оның арғы атасы Табинді хайуанаттар бағының тұрақты келушілері жақсы таниды.

Мамандардың айтуынша, аналықтар мен олардың төлдерінің жағдайы жақсы. Күннің жылынуы­на байланысты жануарлар жазғы қоршауға шығарыла бастайды. Енді келушілер олардың табиғи ортаға барынша жақын жағдайдағы тіршілігі мен мінез-құлқын тамашалай алады.

Қалай десек те, сирек жануар­лардың дүниеге келуі – хайуанаттар бағы үшін айтарлықтай қуанышты оқиға. Алматы хайуанаттар бағы приматтар бөлімінің жетекшісі Шолпан Әбдібекова: «Аққол гиббондар мен сақиналы құйрықты лемурларда төлдің дүниеге келуі осы түрлердің генетикалық әртүр­лілігін сақтауға ықпал етеді әрі келушілердің жабайы табиғатты қорғау мәселесіне қызығушылығын арттырады», дейді

Сұр кенгурулар Лорд пен Ларадан, сондай-ақ Тик пен Линдадан екі төл туған. Лара алтыншы рет төлдесе, Линда алғаш рет балалаған. Ал жирен кенгурулар Мартин мен Мартадан тағы бір еркек төл дүниеге келген.

«Жаңа туған кенгуру төлін бірден байқау мүмкін емес. Біз оның дүниеге келгенін біраз өскен соң, қалтадан басын шығара бас­тағанда ғана аңғарамыз. Сон­дықтан нақты туған күні шамамен ғана анықталады», дейді Жыртқыш сүтқоректілер бөлімінің жетекшісі Гауһар Сіргебаева.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар