• RUB:
    6.6
  • USD:
    518.37
  • EUR:
    609.97
Басты сайтқа өту
Өндіріс 07 Желтоқсан, 2024

Аяқкиім өндірісінің қарқыны жоғары

140 рет
көрсетілді

Түркістан облысы Жетісай ауданындағы «Sh.S.Самұрық» ЖШС бүгінде тәулігіне 800 жұп аяқкиім шығарады. Ш.Ділдәбеков ауылдық округіндегі цехта 30 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Аяқкиімнің 30-ға жуық түрін шығаратын өндіріс орнының қуаты жылына – 250 мың жұп.

Өндіріске қажетті негізгі шикізатты Қытайдан алдыратын кәсіпкер Сәкен Шораев кәсіпорынды іске қосу үшін жеке қаржысы есебінен 500 млн теңге инвестиция салған. Бүгінде Жетісайдан шыққан аяқкиімдер жергілікті базарлармен қатар Астана, Алматы, Шымкент қалаларының сауда орындарында сатылып жатыр. Екі жылдан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келе жатқан өндіріс орны бәсекелестікке төтеп бере алады. Себебі өндірген өнімдерінің бағасы төмен, ал сапасы жоғары. Көлемі жағынан 25 пен 45 өлшемді аяқкиімдерді тігетін өндіріс орнының басшысы алдағы уақытта кәсіпорынның ауқымын да, қуатын да арттырмақ. 

Сол арқылы жұмысшылар санын көбейтіп, отандық өнімдерін брендке айналдыруды жоспарлап отыр. Кәсіпкер нарықты жан-жақты зерттеген. Тұтынушылар тарапынан киім-кешектердің ішінде аяқ киімге деген сұраныс көп. Ел нарығындағы аяқ киімдердің барлығы дерлік шетелдің өнімі көрінеді. Деректерге қарағанда, елімізде аяқ киім өндіретін 70 шақты шағын және орта кәсіпорын бар. Алайда, олар ішкі нарықтың тек 5 пайызын ғана қамтамасыз ете алады екен. Осы кәсіппен айналысатын мамандардың айтуынша, аяқ киім өндіру – күрделі сала. Оның үстіне елімізде аяқ киім өндірісіне қажетті мамандар тапшы. Өндіріс орындарының көбісі мамандарды өздері даярлайды. Шетелдік компаниялармен бәсекелестік, маман тапшылығы, шикізаттың импорттық болуына қарамастан елімізде отандық өнімді дамытып, аяқ киім шығарумен айналысып жатқан кәсіпорындар бар. Осындай өндіріс орнының тағы бірі – Түркістан қаласындағы «Дружба» шағын аяқ киім фабрикасы.

Ширек ғасырдан астам аяқ киім өндірісімен айналысатын фабрикада тауардың бірнеше түрі, яғни классикалық, спорттық және жұмыс бәтеңкелері бар. Ең бастысы аяқ киімдер таза былғарыдан тігіледі. Осынау шағын өндіріс орнын басқарып отырған Әбдісадық Әбдіразақов бұл кәсіпті 17 жасында бастаған екен. «1987 жылы кооператив аштық. «Дружба» деп аталатын. Алғашқыда ерлерге арналған модельді аяқ киімдер шығардық. Кейіннен түрлі кәсіпорын, зауыт жұмысшыларына арналған аяқ киімдер мен арнайы киімдер шығарыла бастады. Кооперативтің әлеуеті жоғары болатын. Шамамен онда 100 адамдай қызмет етті. Кезінде Түркістан өңіріндегі өте мықты, үлкен кәсіпорындардың бірі болды. Сол жерде жүріп аяқ киім тігудің қыр-сырын меңгердім. Осы іске соншалықты қызықтым. Басқа жұмыс істеп, өзге мамандықты таңдап кетуіме де болар еді. Бірақ бұл кәсіп менің ұстанымыма, өмірімнің мәніне айналды. Кооператив жұмысын кейіннен жалғастырып, міне, осы күнге дейін жүргізіп келемін. Аяқ киім тігу менің хоббиім, мамандығым, кәсібім», дейді Әбдісадық қария.

«Дружба» өнімдерінің бас­ты ерекшелігі – таза былғарыдан тігеміз. «Аяқ киімнің астарына ешкі терісінен жасалған былғарыны қолданамыз. Ол өте жұмсақ болады. Көптеген фабрика аяқ киімнің ішкі астарына былғары емес шүберек тіге салады. Ал өнімнің сыртына ірі қара малдың терісінен жасалған былғарыны тігеміз. Ол қатты, сапалы болып келеді. Ыстыққа, суыққа төзімді болады. Біз былғарыны Шымкент қаласындағы тері илейтін кәсіпорындардан аламыз. Жалпы таза былғарыны жасандыдан айыру қиын. Базарда сатылатын аяқ киімдердің көбісі жасанды былғарыдан, синтетикадан жасалады. Мұндай аяқ киімдердің сапасы, әрине төмен болады және олар денсаулыққа зиян. Ал таза былғарыдан жасалған аяқ киімдер аяқты терлетпейді, яғни ауа өткізгіш қасиеті болады. Біз өндіріс барысында синтетика қолданбаймыз. Ал етіктердің ішіне меринос қойының жүнін тігеміз. Ол өте жылы әрі жұмсақ болады», дейді кәсіпкер. Дайын өнімдер қораптарға салынып, дүкен сөрелеріне жіберіледі. Фабриканың Түркістан қаласында жеке дүкені бар. Цехта тігін машиналары қолданылғанымен жұмыстың басым бөлігі адам қолымен жасалады. Пішу­ден бастап, аяқ киімге енгізілетін өрнек, нақыштардың барлығы қолмен ойы­лып жасалады. Әсіресе «оксфорд» деп аталатын модельдің жұмысы өте көп екен. Соған қарамастан ол 13500 теңгеден сатылады. Нақыш демекші, аяқ киімнің моделін, фасонын жасайтын арнайы мамандар бар. Олар сұранысқа сай заманауи модельдерді жасап отырады. Нарықтағы сатылымға қарай қай модельдің өтімі жақсы болса, фабрика сол аяқ киімді көбірек тігеді. «Ел нарығында шетелдік аяқ киімдер қаптаған. Түр-түрін таба аласың. Бағасы да, сапасы да әртүрлі. Егер біз сол импорттық өнімдердің бағасынан жоғары қоятын болсақ, сатылым төмендеуі мүмкін. Тұтынушылар 500 теңге болса да арзанын алғысы келеді. Сондықтан бәсекелестікке төтеп беру үшін бағасын төмендетуге мәжбүрміз, – дейді кәсіпорын басшысы. – Аяқ киім тігу оңай жұмыс емес. Қазір жұрт сапалы аяқ киімге басымдық береді. Оның ішінде таза былғарыдан жасалған аяқ киімнің пайдалы екеніне көз жетті. Қуантатыны сол – қазір отандық өнімге сұраныс артып отыр. Сондықтан біздің уақыт келді деп ойлаймын. Қазір мемлекет кәсіпкерлікті қатты қолдап отыр. Әсіресе өнім өндірушілерді. Сол үшін азаматтарға қорықпай кәсіп бастауға кеңес берер едім».

Ал Түлкібас ауданы Тұрар Рысқұлов ауылының тұрғыны Уәлихан Қожан­тай аяқ киім тігетін цехын үлкен фабрикаға айналдыруды көздейді. Бизнес жүргізудің қыр-сырын білетін, менеджменттің құпияларын жақсы зерттеген Уәлихан аяқ киім шығару саласын дамытуды 2017 жылдан бас­тап ойлай бастаған. Былғары өңдеуге, одан бұйымдар жасауға әуестігі бала кезінен бар екен. Әкесі Пернебек Торғаев ауылда жыртылған етіктерді жамап, тігіп беретін қолөнер иесі болған. Осы кәсіпті дамыту үшін көп ізденген Уәлихан бизнес-жоспар түзеді. Алдымен Алматыдағы «Шебер» оқу орталығында үш ай оқу курсынан өтеді. Үш ай былғарымен жұмыс істеудің құпиясын меңгеріп, аяқ киім шебері деген сертификат алып шығады. Бизнес-жобасын жүзеге асыру үшін «Zhas projekt» конкурсына қатысқан. Сол жобада оның бизнес бастамасы қолдау тауып, грант алған кәсіпкер өз қалтасынан қосымша қаржы шығарып цехқа керекті құрал-жабдықтар мен материалдар сатып алған. Бүгінде цехтағы 4 қызметкер курста оқыған білімін күнделікті тәжірибеде қолданып, нәтиже шығарып отыр. Кәсіпкер аяқ киім өндірісіне қажетті шикізатты Шымкент қаласындағы тері өңдейтін кәсіпорыннан, сондай-ақ Тараздағы қой жүнін өңдейтін зауыттан әкеледі. Әрине отандық шикізат сапасы Түркияның немесе Италия­ның былғарысымен теңесе алмайды. Дегенмен соның өзінде Уәлихан басқаратын шағын цехта отандық теріден сапасы жоғары қымбат етіктен кем түспейтін аяқ киімдер шығарылады. Кәсіп­кердің айтуынша, шетелдегідей жеке өзіне арнап аяқ киім, жалпы киім тіктіру елімізде дамымаған, тіпті, жеке тапсырыс жасайтындар жоқтың қасы. Жеке тапсырыспен жұмыс істейтін қолөнершілік өнер елімізде енді дамып келеді.

 

Түркістан облысы