Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. ...Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Кейінгі жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр» дегені мәлім.
Президент сөзінің айқын бір дәлелі ретінде Рудный қаласында 8-11 сынып оқушылары арасында өткен «Бейімбет оқуларын» айтуға болады. Көрнекті қаламгердің 130 жылдығына орайластырылған білім жарысына қаржы бөліп, ұйымдастырған Астана қаласындағы «Qazaqstan Construction Holding» серіктестігі екенін де айта кету керек. Байқаудың ашылу рәсімінде бұған айрықша тоқталып өткен қалалық білім бөлімінің басшысы Темірхан Жайлыбаев: «Бүгінде Рудныйда үш қазақ мектебі, қаладан 60 шақырым жердегі Қашар кентінде тағы бір қазақ мектебі бар. Қалған жетеуі – аралас мектеп. Кейбір аралас мектептерде қазақ сыныптары басым. Бұл – келешекте Рудныйда қазақ мектептерінің көбейе түсетінін көрсетіп отыр. Облыс көлемінде жасөспірімдерді көркем кітап оқуға ынталандыратын жақсы жобалар жүріп жатыр. Алайда «Бейімбет оқуларының» жөні бөлек. Біз ірі кәсіпорындарды шақырып келтіре алмай жүргенде, «QC Holding» компаниясы мектепке өзі келіп бүгінгі өнегелі іс-шараға мұрындық болып отыр. Кітапқа құрмет көрсетіп отырған компания басшыларына бүкіл қала оқушыларының атынан шынайы алғыс білдіреміз», деді.
Аталған серіктестік қазір Рудный қаласында 4 үй салып жатыр. Компания басшылығы ескі кеңес дәуірінен қалған көше атауларын өзгертуге құлықсыз қаладағы жаңа тұрғын үй кешендеріне «Әлихан», «Ахмет», «Аят», «Тобыл» деген атау беруді ұйғарып отырғаны да қуантарлық жайт.
Балалардың кітапқа сүйіспеншілігін арттыруды көздеп отырған құрылыс компаниясының «QC Read» жобасын ақын Абылай Мауданов үйлестіріп, бастан-аяқ ұйымдастырып жүрді. Айтуынша, «Бейімбет оқулары» Рудныйдан бұрын Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында өткен. Оған 163 бала қатысып, «Шұғаның белгісі», «Түйебай», «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры», «Талақ», «Әже», «Қара шелек», «Айт күндері», «Күлпаш» сынды 8 шығарма бойынша тест тапсырып, жоғары ұпай алған оқушылар жеребе арқылы эссе жазған.
«Мені таңғалдырғаны әрі қуантқаны, оқушылардың Бейімбет мұрасына азат, жаңаша көзбен қарап, талдап, баға бере алғаны. Мұнайлы ауданында «Шұғаның белгісі» тақырыбына 47 оқушы эссе жазды. «Адам күресу үшін туған. Шұғаның қателігі – махаббаты үшін күреспегені. Бұл сын Әбдірахманға да лайық. Екеуі соңына дейін бақыт үшін күрескенде, мақсатқа жетер еді. Бейімбет Майлин бізге осы ойды жеткізді» деп тәпсірледі кейбір қатысушылар. «Бар кінә Есімбекте. Ол өз байлығы жектілікті бола тұра, одан әрі баий түсуді көздеді. Ондай тойымсыздар бүгінгі қоғамда да бар. Байлықтың түбіне жеткен ешкім жоқ. Әуелі, адам тағдыры, баланың бақыты бірінші орында тұруы тиіс. Ол болмаған жерде бәрі құрдымға кетеді. Билік, байлықты көксеген Есімбек ақыры құдасыз қалды, қызынан да айрылды. Бұл ащы мысалдан адамдар сабақ алу керек» деген оқушылар да болды», дейді Абылай Мауданов.
Бейімбет Майлин атындағы жетінші мектеп-гимназия 2010 жылы «100 мектеп» бағдарламасы аясында ашылған. Қазір 1 127 бала мемлекеттік тілде білім алып жатыр. 2019 жылы білім ордасына Бейімбет Майлин есімі берілді. Мектепте Бейімбеттану кабинеті жұмыс істейді. Мектеп директоры Қымбат Бірманованың айтуынша, мұнда 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі балаларға факультатив сабақтары өтеді. Би-аға мектебі – Қазақстан ЮНЕСКО клубтары федерациясының мүшесі. Қазір осы клуб аясында өтіп жатқан бук трейлер бойынша оқушылар Бейімбет шығармаларын оқып жатыр. Оның нәтижесі алдағы уақытта белгілі болады.
«Бүгінгі іс-шараға біздің мектептен 107 бала қатысып жатыр. Би-аға шығармаларының тілі жеңіл, балаға ұғынықты. Сол замандағы елдің тұрмыс-тіршілігі, адамдар санасындағы өзгерістер, ауыл тұрмысы шынайы берілген ғой. Балалармен әңгімелескенімізде «Шұғаның белгісінен» басқа шығармаларының бәрі бізге өте жеңіл дейді. Біріншіден, жеке компанияның бастамасымен ұйымдастырылған мұндай іс-шара біздің өңірде бірінші рет өтіп жатыр. Компания басшылығының мектепке, білім саласына, болашақ ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлуі қуантады», дейді мектеп басшысы.
«QC Holding» компаниясы пиар бөлімінің жетекшісі Айза Аблакимнің сөзінше, компания басшысы Нұралхан Әмірханұлы аса кітапқұмар кісі екен. Бұл ұжымда мынадай бір қызық дәстүр қалыптасқан. Мәселен, компания басшысы өзі оқып шыққан кітаптардың ішінен таңдап алып жұмысшыларға мыналарды оқиық деп бес кітап береді. Жұмысшылар оны оқып шығып, артынан тест тапсырады. Ең жоғары ұпай жинаған адамға 500 мың, кейде 1 млн теңге сыйақы беріледі.
«Қазір біз кезекті бес кітапты оқып жатырмыз. Ертең кадр бөліміне осы балалар сияқты отырып тест тапсырамыз. Бір күні басшымыз менен «Біз балалар мен жасөспірімдердің кітапқа деген сүйіспеншілігін арттырып, көркем шығарма оқуға бет бұруы үшін не істей аламыз, қандай үлес қоса аламыз?» деп сұрады. Мен: «Балалар кітап оқымайды емес, оқиды, бірақ оларды ынталандыра түсу керек. Мысалы, «Apple iPad», «Apple iPhone» сияқты қымбат технологияны балалар да алғысы келеді. Мүмкін біреудің жағдайы болмай жатқан шығар, мүмкін біреудің әке-шешесі саған әлі ерте деп айтатын шығар, бірақ бала қызығады ғой» дедім. Осылайша, биыл қыркүйек айында Әбіш Кекілбайұлының 85 жылдығы аясында «QC Read» жобасын өткіздік. Мұндағы «QC» – біздің компанияның қысқартылған атауы, «Read» – оқу деген сөз. «Әбіш оқуларынан» озып шыққан 3 бала бағалы сыйлықтарға ие болды. Дәл осы Бейімбет атамыздың атындағы №7 мектепке қарама-қарсы, бұйырса, екі тұрғын үй көтеріледі. Біреуі «Ахмет», екіншісі «Әлихан» деп аталатын болады. Ленина 215-тегі тұрғын үй кешені осы мектептің алдынан көрініп тұр. Тоғыз қабатты бұл үйді жергілікті тұрғындардың бәрі «Ленина 215» деп атап кеткен. Басқа атауы жоқ. Бұл үйді күрделі жөндеуден өткізіп, «Майлин үйі» деп атадық және осы үйге Бейімбет атамыздың мұралын салғыздық. Ең қызығы, мұрал Бейімбет мектебінің алдынан анық көрінеді», дейді Айза Аблаким.
Рудныйда өткен «Бейімбет оқуларына» қатысқан 172 баланың ішінен озып шыққан бес өренге компания өкілдері «Iphone 15 PRO», «Apple iPad 2022» және үш бірдей «Apple iPad 2021» табыс етті.
Қостанай облысы