• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Республика күні Бүгін, 16:20

Республика күні Әл-Фараби көзімен

40 рет
көрсетілді

Еліміздің тарихи шешімін айқындаған Егемендік декларациясы – мемлекеттігіміздің берік ұстыны. Бұл құжатта ел аумағының тұтастығы, шегенделген шекарасы, ұлттық бірегейлікті нығайтуға бағытталған ұстанымдар айқындалған. Жарлықтың жарияланған күні қазір қайта жаңғыртылып, «Республика күні» ретінде аталып өтеді.

Кез-келген ұғымның мағынасын айқындау үшін оның этимологиялық тамырына үңілген дұрыс. «Республика» латынның «ортақ іс» деген сөзінен шығады. Дүниеде не ортақ? Ай – ортақ. Күн – ортақ. Жақсы – ортақ.  Жақсы дегеніміз не? Қиын ұғымға жақындаудың бір жолы – оның қарама-қарсы нысанын тану. «Жақсылық» деген не екенін дәл айту қиын, бірақ біз «жамандықтың» не екенін нақты білеміз. Сол арқылы жақсылықтың бейнесін де шамалаймыз. Міне сол шамалаған жақсылыққа әрбір адам ұмтылып өтеді. Ал жақсылыққа ұмтылатын адамдар біріккен кезде мемлекетке айналады.

Аристотель өзінің «Саясат» еңбегінде былай деп жазады:

«Әрбір мемлекет – белгілі бір қауымдастықтың түрі, ал әрбір қауымдастық қандай да бір игілікке ұмтылу мақсатымен құрылады. Себебі адамдар әрдайым өздеріне жақсы деп көрінетін нәрсеге жету үшін әрекет етеді».

Мұнда бір нәрсеге назар аудару керек. Өзінің жақсы деп тапқан нәрсесіне жету үшін әрекет ететін қандай адам? Әрине, еркін адам. Басыбайлы жанның әрекеті өз ықтиярынан тумайды. Демек, республикалық жүйедегі қауым – «тәуелсіз болу» деңгейінен әлдеқашан өтіп, келесі кезеңге ұмтылған қоғамдық құрылым.

Сонымен «Республика» ұғымының мәні айқындалып қалды. Аристотельдің сөзін тиянақ қылғаннан кейін, оны тарқату барысында Әл-Фараби концепциясын айналып өте алмаймыз. Оның «Қайырымды қала тұрғындары» трактатында жоғарыда айтылған «ортақ іс» хақында баяндалған тарау бар. «Қайырымды қала тұрғындарының ортақ мәселесі туралы» деп аталады. Яғни, республика – ортақ іс болатын болса, ол қандай істер болуы керек? Әл-Фараби ізгі қоғамның тұрғындары білуі ләзім бірнеше ортақ мәселені ұсынады.

«Ең біріншісі, олар әуелгі Себепті және оның барлық атрибуттарын білуге тиіс», дейді. Ғұлама

«Әуелгі Себеп» ұғымын бүкіл болмыстың бастауы ретінде қарастырады. Бұл – барлық нәрсенің бар болуына негіз беретін, өзі ешнәрсеге тәуелді емес Түпкі Себеп. Абайдың «Мекен берген, халық қылған ол – ләмакан (мекенсіз), Түп Иесін көксемей бола ма екен» деген өлеңі де осыны білдіреді. Яғни ол – бардың бар болуына себепші, бірақ өз болмысы үшін ешқандай өзге себепке мұқтаж емес жалғыз абсолют. Бұл түсінік – Әл-Фарабидің барлық дүниенің бастауы – әуелгі Себеп деген қағидасына жол ашады. Сондықтан Әл-Фараби үшін «ортақ іс» дегеніміз – ең әуелі осы Әуелгі Себепті тануға бағытталған рухани ізденіс. Себебі адам мен қоғамның барлық игілігі, әділеті, үйлесімі осы бастапқы танымнан туындайды.

Бұдан кейінгі ортақ мәселелер – ақыл иелерін танып білу, жанның қабілеттерін іске қосу, дербес таңдау жасау, бірінші басшы туралы, оның дәргейіндегі қайырымды қала туралы, оған қарама-қарсы халықтар туралы ой қорыту, сол арқылы адам мен қоғамның жетілу жолын түсіну. Сонда Әл-Фараби тұжырымдамасына сүйенсек, ізгі қоғам тұрғындары тек экономикалық немесе саяси әрекет арқылы емес, әлемнің бастауы мен мәнін түсінуге ұмтылу арқылы нағыз бірлікке жетеді.

Ендігі тұста 1990 жылы қабылданған «Мемлекеттік егемендік декларациясының» өзіне үңіліп көрейік:

«1. Қазақ ССР-і ұлттық мемлекеттiгiн сақтау, қорғау жəне нығайту жөнiнде шаралар қолданады...

2.Қазiргi шекарасындағы Қазақ ССРінің территориясы бөлiнбейдi жəне оған қол сұғылмайды, оның келiсiмiнсiз пайдалануға болмайды».

Әл-Фараби мемлекеттің ішкі және сыртқы міндеттерін айшықтап көрсетеді. Мем­лекеттің сыртқы міндетіне қайырымды қала тұрғындарын қорғау немесе елді сыртқы дұшпандардан сақтау жүйесін ұйымдастыруды талап етеді. Құжаттың екінші тармағында ел аумағының тұтастығы мен жергілікті азаматтардың ерік бостандығы айтылған. Мұнда Әл-Фараби үлгі тұтқан философтардың бірі – Платонның пікіріне тоқталмай кете алмаймыз. Оның «Мемлекет» атты еңбегінде территориялдық тұтастыққа қатысты мынадай ой бар.

Ол қоғамды «адам жанымен» салыстырады: «Мемлекет пен адамның жаны ұқсас. Егер адамның жаны бөлшектенсе, ол азғындап, әлсірейді. Мемлекет те сондай».

Әр топ өз міндетін атқарып, бір мақсатқа қызмет етсе, қоғамда әділет пен тәртіп орнайды. Сондықтан елдің бөлінбеуі мен келісім қағидаты – тек саяси шарттылық емес, ішкі үйлесім мен тұрақтылықтың кепілі.

Ал Әл-Фараби осы ойды ары қарай дамытып, мемлекетті біртұтас тірі ағза ретінде қарастырды:

«Қайырымды қала – бір дене секілді. Әр мүше өз қызметін орындаса, дене тіршілігін жалғастырады. Ал бір мүшесі әлсіресе, бүкіл дене әлсірейді».

Осы  тұста  біз мынаны білуіміз керек. Адамның ең бірінші арман-аңсары мемлекет емес. Оны жасайтын саясат емес. Тіпті білім де, тәжірибеде емес. Бұлар екінші дәрежелі мақсат-мұраттар. Адамға ең керегі – кәдуілгі бақыт. Ал мемлекет адамның бақытты болуына жағдай жасайтын орта.

«Адам өз табиғатынан жалғыз өмір сүре алмайды. Сондықтан ол өзге адамдармен бірігіп, өмір сүруге мәжбүр. Осы бірлестік арқылы ғана ол өз мақсатына – бақытқа жете алады», дейді ғұлама бабамыз.

Шығыс ойшылдары адамның екі бақыты бар дейді: бірі бұ дүниеде, бірі о дүниеде. Бұ дүниедегісі – мықты денсаулық, тату отбасы, барақат тіршілік. О дүниедегісі – жаратушының мейіріне бөленіп, мәңгілік өмірін жалғастыру. Осы екі бақыттың қауызы – мемлекеттің тыныштығы, халықтың амандығы. Бұл қауызды сақтау екі бақытты да көксеген әрбіріміздің асыл мұратымыз болса керек. Сондықтан Республика ұғымының мәні – мемлекеттің тек саяси құрылымын емес, адам мен қоғамның өзара жауапкершілігін, ортақ игілік пен бақытқа бағытталған өмір сүру қағидатын білдіреді.