Бізге Пабло Неруданың өлеңдері арқылы таныс Чили елі – ерекше табиғаты мен бай мәдениеті бар мемлекеттің бірі. Тынық мұхиттың жағасына орналасқан елге баяғыда ақиық ақын Мұқағали Мақатаев «Чили – шуағым менің» деген үлкен дастан арнаған еді.
Жақында чилилік Мария Аргентина есімді биология пәнінің мұғалімі Ақан серінің «Балқадиша» әнін үйреніп, жұрт арасында орындап жүргенін естідік. Оның айтуынша, ол қазақ әнін алғаш рет бір досы арқылы естіпті. «Ол маған Димаш Құдайберген туралы айтып берді. Оның таңғажайып даусын тыңдағанымда, өз құлағыма өзім сенбедім. Сол күннен бастап Димаштың жанкүйеріне айналдым да, домбыра үйренуді бастадым. Осылайша, қазақ музыкасын тереңірек зерттедім. Сол кезде «Made in KZ» сияқты тамаша музыкалық топтарды, сондай-ақ Роза Рымбаева, Батырхан Шүкенов сияқты көптеген дарынды әншіні білдім», дейді ол тебіреніп.
Ұлтымыздың музыка өнеріне жан-тәнімен ғашық болған ол «Отан Ана», «Атамекен», «Менің Қазақстаным» сияқты әсем әндерді естіп, ән мәтіндерінің мағынасын түсінуге құлшыныпты.
«Бұл әндер менің жүрегімді бірден баурап алды. Көп ұзамай оларды өзім де айтқым келетінін түсіндім. Ән айтуды жаным қалайды. Әсіресе басқа тілдерде орындағанды ұнатамын. Ал қазақ тілі – ерекше әуезді тіл. Сондықтан күн сайын қазақ әндерін тыңдап, мәтіндерін жазып алып жүрмін. Алғаш орындаған әндерім «Самалтау» мен «Қараторғай» болды. Мен фин, жапон, италия, португал тілдерінде де ән айта аламын. Дегенмен қазақ әндері мүлде бөлек әсер қалдырады. Өйткені әрбір әннің шынайы, терең, өте мұңлы тарихы барын түсіндім. Көп жағдайда бұл бір халықтың басынан өткен ауыр тағдыр туралы сыр болып есептеледі. Сол себепті қазақ халқының тарихын, мәдениетін, дінін де зерттей бастадым. Осылайша, оларды мүмкіндігінше жақсы түсінгім келді».
Мария Аргентина қазақ әндеріне деген қызығушылығы Димаштан басталғанын ерекше мақтанышпен айтады. Оның ендігі мақсаты қазақ тілін еркін сөйлеп үйрену екен.