• RUB:
    6.62
  • USD:
    519.64
  • EUR:
    609.23
Басты сайтқа өту
Ғылым 24 Желтоқсан, 2024

Сыр бойы шаһарларының байырғы мәдениеті

80 рет
көрсетілді

Сырдың бойы қадым заман тарихы сақталған топырақ. Ұлы даладағы қалалық өркениет алғаш пайда болған өңірде есте жоқ ескі заман ескерткіштері молынан кездеседі. Бұрала аққан жойқын дария арнасы сан ауысқан өлкедегі көне қорымдар мен қалалар орнында талай мыңжылдықтар дерегі көмбе астында көміліп жатыр.

Бірлескен жобалардың берері көп

Өңірде 1946 жылдан бастап кешегі тоқсаныншы жылдарға дейін Хорезм экспедициясы ғылыми археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, жүздеген ескерткіш тізімге алынды, талай ежелгі қоныстар мен қорымдар, заманында сән-салтанаты келіскен шаһарлар орындары анықталып, аймақта кең тараған жасанды суландыру жүйелері зерттелді. Осылайша тас, қола, ерте темір дәуірі және ортағасыр ескерткіштерінің өзіндік белгілері айқындалып, кезеңдерге, дәуір­лерге бөлінді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында осындай археологиялық ізденіс­тер тоқтап, кейіннен қайта жалғасты. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда уни­верситеті мен Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының мамандарынан жасақталған барлау экспедициясы жүздеген ескерткішті аралап, зерттеп, ұзақ жылдарға арналған ғылыми зерттеу жұмыстарының жоспарын түзді.

Сол ізденіс ізі бүгін де үзілген жоқ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда универ­ситетінің Археология және этнография ғылыми орталығының ғылыми қызметкері Жетесби Сұлтанжанов облыста бірнеше ғылыми мекеме экспедиция жүргізіп отырғанын айтады. Бірлескен жобалар аясында да біраз тірлік атқарылып жатыр. Шетелдіктермен бірге атқарылған жұмыстарда археологиядағы соны жаңа­лық – жаратылыстану ғылымдарының әдістері арқылы жасалатын зертханалық талдауға көп көңіл бөлінеді.

«Кеңес одағы кезінде археологиялық экспедиция да, жинақталған материал­дар да жеткілікті болғанмен сол кездегі ғылымның даму деңгейіне сәйкес бол­жамдық мерзімдеуге сүйенетін. Ал қазір қазба барысында ашылған құрылыстың мерзімдік шегін радиокөміртекті сарап­тама арқылы жақындатуға болады. Бұл бағытта біздегі археологиялық мате­риалдарға қызығушылығы мол Ресейдегі Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институты мен Германиядағы Эберхард-Карл атындағы Тюбинген университеті, басқа да шетелдік ғылыми ұйымдармен бірлескен жобаларымыз бар», дейді ғалым.

 

Әр ескерткіш – бір қала

Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты мен Қызылордадағы Қорқыт Ата атындағы университеті мамандары бірлесе қолға алған тағы бір бастама – Жетіасар мәдениетінің ескерткіштерін кешенді түрде қайта зерттеу. Жалпы өт­кен ғасырдың ортасынан басталып, елу жылға созылған Хорезм археологиялық-этно­графиялық экспедициясы дерегінде осы мәдениетке жататын 50-ге жуық ірі ескерткіш белгілі. Мұндағы ерекшелік әр ескерткіш – бір қала. Оларға қазба жүр­гізіп, зерттеу ұзақ жылдар үлесіндегі шаруа.

Өңір тарихына қатысты көп дерек патшалық Ресейдегі зерттеушілерден бастап кешегі Хорезм экспедициясының еңбектерінде бар. Олардың барлығы Ресейдегі Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институты мен Шығыс халықтарының өнері мемлекеттік музейінде тұр. Осыдан да белгілі археолог, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының Астана фи­лиалы директоры, PhD Әзілхан Тәже­кеев бастаған ғалымдар тобы көрші мем­лекет архивтері мен қорларындағы материалдарды жинастырып «Хорезм экс­педициясының Сыр өңіріндегі зерт­теулері» кітабының бірінші томын жа­рыққа шығарды. Қазір ғалымдар Шығыс Арал маңының археологиялық мұра­­ла­ры бағытында «Хорезм археология­лық-этнографиялық экспедициясының жаңа архивтік деректерін жүйелеу» тақы­рыбында Ғылым және жоғары білім ми­нистр­лігінің гранттық жобасы аясында Хорезм экспедициясының архив материалдарын зерттеу үстінде. Жоба барысында экспедиция мүшелерінің далалық күнделіктері, Сыр өңірінде орналасқан археологиялық ескерткіштердің аэрофотолары мен топографиялық жоспарларының көшірмелері алынды. Осының негізінде алдағы уақытта «Хорезм экспедициясының Сыр өңіріндегі зерттеулері» кітабының екінші томын шығару жоспарланып отыр.

«Әттеген-ай» дейтін бір тұсы, Кеңес одағы тараған жылдары біраз материал жоға­лып, кейбірі араласып кеткен. Сипат­тама­лық құжаттамалары да сақтал­мағандықтан көп мұра экспонат ретінде ақпарат бер­мейтін жай бұйымға айналады. Сон­дықтан да өз ғалымдарымыз былтырдан бастап Қурайлы асар қорымына қазба жұмыстарын жүргізіп, жаңа материалдар жинақтауға кірісіп кетті.

Архелогтер зерттеп жатқан Жетіасар мәдениетінің тағы бір ескерткіші – Қара­асар қалашығы. Ескерткішке қима қазба салғанда оның әр қабатындағы табылған заттарға жаратылыстану ғылымы әдісімен жүргізілетін зертханалық талдау арқылы шаһардың әр замандағы тынысын тануға болады. Әзірше қазба кезінде бір алаң­нан екі түрлі құрылыс кезеңі анықталып тұр.

Қалалық өркениет алғаш пайда бол­ған өңірдегі ескерткіштер ерте заманда құрылыстың қарқынды дамығанын көрсетеді. Мысалы, мыңжылдық мұра – Алтынасар қалашығындағы жаңбыр мен жел мүжіген кіші үйдің қазіргі биіктігі 22-25 метр болып тұр. Осыған шамамен 10 метр қоссаңыз қазірдің өзінде көп қаладан табыла бермейтін биік ғимараттың бейнесі шығады.

Хорезм экспедициясы зерттеулері барысында тек ірі қалаларға ғана назар аударылғаны байқалады. Мысалы, Қармақшы ауданындағы Сортөбе қалашығы мамандар назарына кейін іліккен тарихи нысандар қатарындағы шаһар. Алғаш рет белгілі археолог Жолдасбек Құрманқұлов бастаған Шірік-Рабат археологиялық барлау тобы мен «Археолог» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы» мамандары қалашықтың жобасын сызып, ондағы құнды жәдігерлердің суреттерін жариялап, ел назарын аударған еді. Ал 2017–2020 жылдары Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің археологтері Сортөбе 1 және 2 қала­шық­тарында қазба жұмыстарын жүргізіп, қаланың Хорезм экспедициясы кезінде тек санмен ғана таңбаланғаны белгілі болды.

Жетесби Сұлтанжанов соңғы жылдар бедеріндегі барлау жұмыстары нәти­жесінде дария бойынан жаңа қоныстар табылып жатқанын айтады.

«Тартоғайдың тұсынан Сырдың тө­менгі ағысы басталады. Сол тұстан қала­шық тауып, оған сол маңдағы Бота­бай ауылының атын ұсындық. Өзен екі айырылатын тұстағы бұл қоныс бекет қызметін атқарған болуы мүмкін. Енді зерттеу жұмыстары басталады. Жалпы жоспарымызда Сырдарияның ескі арналарын бойлап, осыған дейін тіркел­ген ескерткіштердің жағдайын барлап, жаңаларын тіркеу жұмыстары бар. Жал­пы соңғы жылдар аясындағы жұмыстар нәтижесінде жаңадан 70–80 ескерткіш­тің орны анықталды. Биылдың өзінде бұ­рын белгісіз болып келген оншақты қо­ныс табылды», дейді археолог.

 

Сараптама да – ғылым

Жас ғалым тарихи мұраларға зерт­ханалық сараптама жасау бастамасы біздің елде көтеріліп отырғанын айтады. Бірақ ісін жақсы білетін мамансыз іс алға баспайтынын да ұмытпауымыз керек. Дәл қазір елімізге заманауи қондырғы әкелгенмен оның «тілін» білетін маман жоқ. Оларды дайындау 30–40 жылдың жұмысы.

Осы күні бұл бағытта мыңдаған тал­даулар жасаған Еуропа мен Америка мемлекеттері озық тұр. ТМД шең­бе­рінде Литва зертханаларының жұмысы ауқымды. Біздегі табылған мұралар­дың көбі осы мемлекетте сараптамадан өтеді. Бұл ең алдымен бұрынғы аумақтық бірліктің әсері мен Балтық жаға­лауында жасалатын сараптама баға­сының басқа мемлекеттерден ар­зан­дығы. Литва ғалымдарының Қазақ­стандағы Ботай, Шірік-рабат және Жеті­асар мәдениеттерінің мұраларымен бұрыннан таныстығы да істі ілгерлетуге көп септігін тигізіп отыр.

Қазба жұмыстарын жүргізу барысында табылған жәдігерлерді сақтау да үлкен мәселе. Жергілікті археологтер Жанкент қалашығына 2014 жылдан бері облыс әкімдігінің қолдауымен зерттеу жүргізіп, қалашық аумағындағы бірнеше тұрғынжайды қайта қалпына келтірді. Сырдағы аспан асты музейінің бастамасы жасалған қалашыққа апаратын жол салынып, ежелгі оғыздар астанасын көруге қызыққан жұрт қатары артты. Бұл бастаманы болашақта тағы бірнеше тарихи қалада жалғастыру жоспарланып отыр.

«Өз басым архелогиялық мәлімет­тер нәтижесінде өңірдің көне заманның келбетін қалыпқа келтіруге болады деп сенемін. Қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер ерте Сыр бойы табиғатының мүлдем басқа болғанын көрсетеді. Жетіасар қазбаларында қазір біздің өңірде мүлдем кездеспейтін бұғы сүйектері көптеп табылды. Аймақ климаты қолайлы болғандықтан әр дәуірде Сырдың төменгі ағысында бірнеше астана бой көтерген. Олардың қатарына Сақ тайпаларының орталығы Шірік-рабат рухани кешенін, Жанкент пен Сығанақ қалашықтарын жатқызамыз. Сақтар орталығы Шірік-рабатқа жақын жерде сол тайпаның қолөнершілері топтастырылған Бәбіш мола бар. Жанкентті орталық еткен оғыздар Сырға Жетісудан келген. Жалпы, урбанизация үдерісінің басталуы, әр кезеңдегі миграция толқынымен халықтардың Сырдария өзенінің төменгі ағысындағы қалаларда шоғырлануы Сыр өңірінің флора мен фаунасы бай, суы мол жайлы мекен болғанын көрсетіп тұр», дейді жас ғалым.

 

Қызылорда