Алматыда өткен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жалпыға ортақ декларациясын қабылдау күніне орай «Орталық Азиядағы тұрақты даму үшін деректер журналистикасы: мақсаттар, сын-қатерлер және адам құқықтары» атты халықаралық конференция аясында Орталық Азия елдерінің мамандары бірлесіп жазған «Деректер журналистикасы бойынша оқу курсы» таныстырылды.
Іс-шараға қашықтықтан қатысқан Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қазіргі ақпараттық кеңістіктегі дата журналистиканың маңызына тоқталды.
– Дата журналистика фейк, жасанды интеллектіні қолданумен жасалатын негізсіз деректерді сараптауда жоғары рөлге ие болып отыр. Жасанды жаңалық, ақиқатын ажырату, осы тұрғыдан алғанда кәсіби оқу құралдарының қолжетімді болғаны керек. Әлемдік тәжірибеге негізделіп жазылған «Деректер журналистикасы бойынша оқу курсында» қамтылған деректер жаңа бағыттағы мүмкіндіктерді игеруге ықпал етеді. Қазір кейбір жағдайда кәсіби журналистер блогерлер мен әлеуметтік желі белсенділерінің тасасында қалып қояды. Осындай жағдайлар журналистің жұмысына шектеу жасайды. Олар кәсіби журналист айта алмаған нәрселерді айтады, кейде, керісінше жауапкершілікті сезінбеген кейбір медиабелсенділер фактілерді тексермей жариялай салады. Контентті кейін журналист зерттеп, зерделеп халыққа ұсынса, оны көпшілік оқымай қалуы да ықтимал. Өйткені жаңалық тез тарайды. Сондықтан журналист жаңа деңгейге шығуға ұмтылуы қажет, – деді министр.
Орталық Азия университеттеріне бейімделіп, ЮНЕСКО-ның қолдауымен, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан авторлары бірлесіп дайындаған еңбекте деректерді өңдеу мен талдау саласындағы үздік әлемдік тәжірибелер мен құралдарды меңгеруге, жаңа бағыттағы журналистерді дайындауға, жасанды интеллект пен цифрлық, әлеуметтік платформалармен жұмыс істеу тәжірибесі қамтылған.
«UNESCO IPDS» жобасы авторларының жетекшісі, саяси ғылымдар докторы, Нархоз университеті Құқық және мемлекеттік басқару мектебінің профессоры Гүлмира Сұлтанбаеваның айтуынша, оқу курсы ЮНЕСКО-ның Коммуникацияны дамытудың халықаралық бағдарламасының «Орталық Азия елдеріне бейімделген деректер журналистикасы курсын даярлау» жобасы аясында өзбек, тәжік, қырғыз, ағылшын тілдеріне әзірленді. Оқулық «Зерттеу және статистика принциптері», «Ашық көздерден ақпарат жинау», «Электронды кестелерге кіріспе», «Сторителлинг тренді деректер журналистикасына» қатысты 11 тараудан тұрады.
Жоба авторлары дата журналистиканың еліміздегі қазіргі деңгейі әлі де графикалық деңгейде екенін айтады. Осы орайда интерактивті, картографиялық журналистиканы дамыту қажет. Егер интерактивті журналистика дамыса, тараптардың бір-бірімен кері байланысында мәселе туындамайды. Ал журналистік зерттеуде картографиялық бағыт үлкен рөлге ие. Дата журналистика елімізде алғаш рет 2019 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде ашылып, оны бүгінге дейін 70-ке жуық маман бітіріп шықты.
АЛМАТЫ