• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тұлға Бүгін, 08:35

Уылжыған іңкәр сезім

Ғарекең, атақты Ғарифолла Құрманғалиевтің, Алтын қорда қалған сұхбаттары көп те емес шығар. Өткенде соның бір шетіне іліккендей болып, жұқанасын естігенбіз. Ол кездің журналистикасының өзі бөлек мәнерде, бір қойғанда екі-үш сұрақты жолдап жібереді ғой тілші. Әрине, сұхбат алушының дауысынан ізет пен құрмет те қатар білініп, кейіпкердің де үн ырғағынан кісілік мейір мен мерейдің лебізі лекігендей, мағмұрланып сөйлегені аңғарылады. Қазіргі подкастардай қитұрқы сұрақ та, құйрығын ұстатпайтын түлкібұлаң жауап та жоқ.

«Кішкентай бала кезімде ауыл­дың үлкендері босағаға не бұрышқа отырғызып қойып ән салдырып, жыр тыңдайтын. Сегіз жастағы сондағы дауысым шырылдап керемет шығатын.

Мұхит деген кісі болды, біле­сіздер. Оның баласы Шайқы деген әнші. Шынтас Қаратаев деген әнші және бар. Әбуғалидың Құмары, Сартай, Сартайдың баласы Құбайыс, Жарылқаған дей­тін жыршыларды тыңдайтынбыз. Осылардың қай-қайсысы да бір ауылға келді десе, біреудің атына мінгесемін де, барып тыңдап, құмардан шығып қайтамын.

Сөйтіп жүрдім де, он екі жасымнан бастап көп алдында домбырамен өлең айта бастадым. Ән сала бастағанда қызыға әрі құмарта тыңдағаным – Мұхиттың ұлы Шайқының даусы. Бірде ел алдында «Дидар» және «Көк айдай» деген екі әнді қатар шырқап салды. Екеуі де күні бүгінге дейін менің құлағымда қалды. Сөйтіп мен ең бірінші әнді Шайқы Мұхитұлынан үйренген болып шығамын. Сонан кейін Мұхиттың «Үлкен Айдайы», «Кіші Айдайы», «Айнамкөзі», «Жайқоңыры», «Паңкөйлек» дейтін әндерінің барлығын Шын­тас Қаратаев деген әншіден үйрен­дім. Оған да ілесіп ән салып жүр­дім. Осылардай әнші болсам, осындай даусым болса деп жаңағы Шайқыны көргенде армандадым», деп Ғарекең әрі қарай Мұхит­тың «Көк Айдайын» шырқап ала жөнеледі.

Кең таралған «Көк Айдай» – өте әсерлі ән. Ән басталардағы арындаған асау қағыстар естілген домбыра даусының өзі кісі көңілін бейжай қалдырмайды. Әуен сыры ақ мамығын боратқан, ақ шуағын таратқан Арқаның желіндей бұрқырап ала жөнеледі. Биіктен құлдилай жөнелген ағыстай арынды, асық көңіл тулатқан ғашық жүректің демін сездіреді.

«Ой қалқа, сен де ақмаңдай,

мен де ақмаңдай,

Қосылса екі ақмаңдай

шам жаққандай.

Төбесі тақияңның көрінгенде,

Аяқты баса алмаймын

жын қаққандай»

деген шумақ Мұхитқа ғана тән. Бойдағы құштарлық, ынтық сезім мүмкін бара-бара тіл жеткісіз іңкәр­лікке айналғанын білдіретін секілді. Яғни құмарлық, желік сезімнен ада, мәжнүн жүректің іңкәрлігі лекіп сала берердей. «Төбесі тақияңның көрінгенде...» буыны босап, өзді-өзі дел-сал күй кешкен ыстық жүректің лүпілінде аялап өтем деген іңкәр сезім табы сезіледі, құмарлықтан гөрі. Тақиясына шейін танып-білген, қимыл-қозғалысын қалт жібермей танитын һәм соның өзіне «мас» болып қалған жүрек­тің ырғағын, әрине, аңдау қиын емес. Мұндай ғажайып туын­дыны Ғарекең Мұхит салдың немересі Шайқыдан тікелей үйренгенін айтып тұр. Шайқы – қазақ музыкасын негіздеген академик Ахмет Жұбановтың қаламына ілінген бірегей өнер иесі. Ол туралы Ахмет Жұбанов «Замана бұлбұлдары» деген аса құнды еңбегінде арнайы тоқталады: «...Мұхит балалары көшіп жүретін Жымпиты маңы алыс болмай, Ғарифолла Шынтас, Шайқымен кездесіп тұратын болды. Бұл екеуі Мұхиттың ән репертуарын да, орындаушылық әдісін де қаз-қалпында алып қалған, кейбір жағдайларда Мұхиттан кем түс­пейтін музыка қайраткерлері болды. Ғарифолла енді Шынтас пен Шайқыға ән жағынан шәкірт болып, олардың қасына еріп ел аралады. Бір жағынан өздері дем алу үшін, екіншіден, үйрене берсін деп, айт-тойда, базар-жиын­­­­да Шынтас, Шайқы әнді көбіне Ғарифоллаға айтқызады», дейді.

Осындағы Шынтас пен Шайқыға қарата жазылған «Мұхиттың ән репертуарын да, орындаушылық әдісін де қаз-қалпында алып қалған, кейбір жағдайларда Мұхиттан кем түспейтін музыка қайраткерлері» деген сөйлемнің астын сызып оқырға керек.

«Республикалық эстрада-цирк өнері студиясында оқып жүргенде, 1982–1985 жылдары, Халық әртісі Ғарифолла ата Құрманғалиевпен жиі сұхбат құрып едік» дейтін шайқытанушы Бөрібай Кәртеннің төмендегі лепесі есті құлақты елең еткізбей қоймайды.

«Әңгіменің аяғын ұстазы Шай­қыға әкеп тірейтін. Сонда ылғи қайталап айтатын мына бір сөздері жадымызда жатталып қалды: «Мен әнді Шайқыдан үйрендім. Шайқыға мүшел жасқа толар-толмастан еріп, атқосшылықта жүрдім. Уай, оның әншілігі сұмдық еді. Тор төбел аты болды. Қайда жиын-той, сонда әкететін мінгестіріп. Ат үстінде ән салады сондайда, жазық далада келе жатып. Біраздан соң: «Ал Ғарифолла, сен сал», дейді. Бөгелмеймін, басам. Әнімді аяқтаған соң жарықтық: «Ой, құлдығым, түбі мықты әнші боласың», деп бауырына қысатын. Сонда деймін-ау, Шайқының е-ең жоғарғы дауысына үнімді үш тыныс алып барып теңестіретінмін. «Дидарды» салғанда… құдай сақтасын, айтатыны жоқ...», дейтін ылғи да».

Мұнан, әрине, ғибрат аларға керек. Әлі күнге Мұхиттың «Көк Айдайының» жалына жармасып, «тізгіндеп мініп кеткен» әнші некен-саяқ екеніне көз жетеді. Осыдан-ақ қазақ ән өнері қадым заманнан бұлттан асып, аспан әлеміне ұя салғанын байқаймыз. Нанбасаңыз, Ғарекеңнің, Хатимолла Бердіғалиев, Сәуле Жанпейісова, Айгүл Қосанованың орындауында «Көк Айдайды» тыңдап көріңіз.

Соңғы жаңалықтар