• RUB:
    6.52
  • USD:
    512.44
  • EUR:
    593.15
Басты сайтқа өту
Өндіріс 14 Қаңтар, 2025

Ынталыға береке бар

47 рет
көрсетілді

«Темірлан» серіктестігі шал­ғайдағы шоқ жұлдыздай шағын Тасөткел ауылының көсе­гесін көгертіп тұр. Кәсіпорын мал өнім­дерін өңдеу бағытында тәуір нәтижеге қол жеткізіп отыр. Сүт өнімі өндірісін көбейтумен қатар жаңа жұмыс орындарының ашылуы жергілікті жұрт үшін ақ түйенің қарны жарылған қуанышқа айналған. Ауылда қол қусырып қарап отырған адам жоқ. Еңбекақылары уақтылы әрі қомақты төленгеннен кейін түгелге жуық ортақ іске үлес қосып келеді.

Былтыр қолға алынған инвести­циялық жоба кезең-кезеңімен жүзеге асып, 400 бас ірі қараға шақталған ферма құрылысы аяқталды. Құрылтайшылар жобаны толық аяқтап шығу 700 млн теңге қаражат жұмсады. Қазір компания «Көкше» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан 1 млрд 87 млн теңге несие алып, екінші ферманың құрылысын бастап кетті. Жаңа ферма да 400 басқа лайықталған.

Кәсіпорын сүт өнімдерін өңдеуді жолға қою үшін жаңа технологияны пайдаланады. Төрт түлік малдың тілін табу жергілікті жұрт үшін таңсық шаруа емес. Ал өнімін өңдеу – айрықша маңызды мәселе. Бағзы замандағыдай «қойын құрттап, айранын ұрт­тап» жүре беруге болмайды. Бар дүниені ұқсата білген жөн. Адырлы, тастақ, шөбі құнарлы өлке қара мал үшін мейлінше қолайлы. Әйтсе де, тыңға түрен салған әне бір жылдары құйқалы өңірдің құты қашқаны да шындық. Сондықтан мал азығын мей­лінше түрлендіріп, мол дайын­­дамай, қыр асу қиындай бер­мек­ші. Мәселенің мәнісін жақ­сы түсінген серіктестік «сиыр­дың сүті тілінде» екенін жақсы біледі. Мал бағу әдісін де ғылы­ми негізде жетілдіріп, толымды етіп жатыр.

Серіктестік сенімді қадам жасап, алдына биік мақсат қойып отыр. Нәтижеге қол жеткізетіні де сөзсіз. Себебі серіктестік басшысы Ерлан Алин іскерлігімен танылған азамат. Тәжірибелі басшы білікті маман ғана емес, туған жердің түтінін түзу ұшыруға аянбай атсалысып жүрген жанашыр жан. Жарқайыңдықтар үшін Ерлан Алиннің жанқиярлық еңбегі әдемі үлгіге айналған. Бұл төңіректе шаруашылық туралы сұрай қалсаңыз, халықтың дені осы серіктестікті мақтана ауызға алары сөзсіз. Ауа райы күрт өзгеріп, кей жылдары қырын қабақ танытса да, жұрт­­ты жақсы­лыққа бастап жүр. Адал еңбекке ұйым­дас­тырып, қажыр-қайратын бір арнада тоғыс­ты­ра білетін және бола­шағын болжап, келешегін кемел етуге тырысатын еңбеккер жанның бейнесі нағыз бүгінгі күннің қаһарманы кейпінде. Бір қызығы, серіктестік басшы­сының мамандығы өзге тараптан екен. Әуелі дене тәрбиесінің мұғалімі болған, шаңғы спортымен белсенді айналысқан. Әскери борышын өтеп келгеннен кейін жаттықтырушы болып еңбек еткен. Әлде қиындықтан қайыспау, жол-жөнекей кездескен бөгесінді бұзып-жарып, алға ұмтылу спортта қалыптасқан мінез бе екен?

Әуелі «Саян» шаруа қожа­лығын құрыпты. Малды өз төлі­нен өсіріп, қажетті техниканы жинақтап, ескіні жамап-жасқаған. Төрт құбыласын түгел­деген соң «Темірлан» жауап­кершілігі шек­­­теулі серік­тестігін құрған. Бүгін­гі босағасына береке біткен ұжым­­ның алғашқы бастауы осылай қалыптасқан. Кейін Ерлан Қинуарбекұлы істің көзін таба білген ілкімділігінің арқасында шаруасын мығымдай түскен. Игі­лігін ел көріп отыр. Серіктестік өнімдері сапасы жағынан жоғары бағаланады. Тұтынушылар тарапынан өкпе-наз айтылған емес.

Жалғыз төрт түлік мал емес, тың дала төсінде ақық дән де өсіреді. Егістік алқабы 45 мың гектарды құрайды. Кешегі кеңес заманындағы екі кеңшардың жері. Осыншама жерді өңдеу үшін қуатты техника, қажырлы жұмыс күші керек екені белгілі. Болашақтың жайын ойлаған шаруашылық басшысы ауыл шаруашылығына қажетті техниканы толық жаңғыртқан.

«Темірлан» серіктестігі қа­зір бері қойғанда аудандағы, әрі қой­ғанда өңірдегі етек-жеңі кең пішілген ірі ауыл шаруа­шылығы кәсіпорны санатында. Серіктестік өз шаруасын ыждағаттаумен қатар, ауданның әлеуметтік-тұр­мыс­тық жағдайының жақ­саруына көп көмек көрсетеді. Елді ме­кендердің жолын жөн­деу­ге, білім және мәдени нысандарды жаңғырту жолында да аянып қалған емес.

Биыл төрт бірдей инвести­ция­лық жобаны қолға алып, жүзеге асырып жатыр. Егін шаруа­шы­лы­ғында табысқа қол жеткізу үшін 340 гектар алқапты суармалы егістікке көшіру мақсатында итальяндық құрылғы сатып алған. Желілік элеваторға сапасы мықты түрік құрылғысын орнатқан. Шиыра айтқанда, серіктестік табысқа қол жеткізумен қатар, өз ауылымен бірге тұтас ауданның да ахуалын жақсартуға септігін тигізіп келеді.

 

Ақмола облысы,

Жарқайың ауданы