Асыра айтқандық емес, қазір қазақта не көп, той көп. «Той – Құдайдың қазынасы» деп ата-бабаларымыз текке айтпай, алыс-жақын ағайынын, құда-жекжатын шақырып, думандатып қуанышын бөліскен. Бірақ соңғы уақытта ғасырлармен қанаттасып, заманамен жалғасып келе жатқан ұлттық салт-дәстүрмен сабақтасқан халқымыздың тойынан сән де, мән де кетіп барады.
Еліміздің оңтүстік өңірлері бар қазақтың ұйып отырған ұясындай аймақ екені рас. Бірақ қазақы тойлардың жөн-жоралғысымен қатар, қадір-қасиеті төмендеп кеткен. Расында тойдағы қауымның келбеті қазаққа, істеген әрекеті мазаққа айналды.
Әрине, біз белгілі бір дәрежеде яғни, заң аясында той жасауға қатаң түрде тыйым салуды сұраудан аулақпыз. Бұл жерде біз қазақ той жасамасын немесе тойханалардың иесі бизнесін дөңгелетпесін деп отырған жоқпыз.
Той мәдениетін сақтауды меңгерсек, әрі-беріден кейін қазақтың тойы бос мақтан, баянсыз дүниеге айналмаса екен, қазақ тойында көрініс алып жатқан арсыздық пен келеңсіз жағдайды, саналы кісі ұялатын іс-әрекеттерді сол той-думанға ортақтасып жүрген еңбектеген баладан, есейген жеткіншектерге көрсетпесек екен деген ниеттен туып отырған ұсыныс. Сондықтан күні ертең кеш болып қалмауы үшін қазақ тойының берекесін кетіріп, беделін табанға басып жатқан жағымсыз әрекеттерге тоқтау салмасқа болмас деген ниетпен мына төмендегі мәселелерге қоғам мен билік назар аударса екен дейміз.
Біріншіден, қазақ алдымен той жасамас бұрын оның мағынасы мен маңызына мән беріп, тойхана мен асхана мәзірін ажыратып алу, яғни аста-төк пен ысырапшылдыққа жол бермеу (мәселен, дастарқан мәзірін ысырапсыз үйлестіру керек. Бір тойда дастарқанға үш мәрте ас тарту дегеніңіз – барып тұрған ысырапшылдық. Өңірлерде азық-түлік бағасының шарықтауына мейрамханалардағы той иелерінің сұранысы бірден-бір негізгі себеп болып отырғанын бірі білсе, енді бірі білмейді. Енді бұған тойды несиеге ақша алып жасайтын қазақты қосыңыз. Ол кез келген отбасының және өңірдің әлеуметтік жағдайына кері әсер ететіні айтпаса да түсінікті);
Екіншіден, тойдың мәнді өтуінің тағы бір негізгі шарты – асаба мен өнерпаздарды дұрыс таңдау. Той барысында ұлттың абыройы мен қадір-қасиетін түсіретін көрініс пен іс-әрекеттерге, той қонақтарының беделіне нұқсан келтіретін орынсыз әзілдер мен ерсі, дөрекі ән-билерді өткізуге жол бермеу (қарияларды, ақ жаулықты әжелерді, егде адамдарды және тойдағы қонақтарды секіртіп, секеңдетіп билетіп, келеке-мазақ қылмай, той мәдениетін сақтау);
Үшіншіден, ең сорақысы, қазақты надандыққа жетелейтін, соңғы кездері ел арасында орын алып жүрген келеңсіз жағдайлар бар. Атап айтқанда жан-жануарларды ақ дастарқан жайылған тойханаға кіргізу және ит-мысыққа арнап той өткізуге қатаң түрде тыйым салу (тойханаға жылқы немесе сиырмен кіруге, егде адамды бесікке салып тербетуге, ұлттық шапанды малға жабу, ит пен мысыққа үйлену тойларын жасату сынды надандыққа жол бермеу).
Айта берсек, мұндай мысал аз емес. Өзекті өртейтін өкініш те осы. Бұл мәселе қоғам арасында талқыға түсіп жатқанына біраз болды. Жамбыл облысының зиялы қауым өкілдері, ардагерлері, дәстүрге жанашыр азаматтары бірлесіп «той мәдениетін қалыптастыруға» байланысты мәселе көтеріп, әкімге ұсыныс айтты. Өңір басшысы Ербол Қарашөкеев бұл бастаманы қолдап, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығына жүйесін жасап, жетілдіруді тапсырды.
Осы жылы орталық ішінен «Дәстүр және өнер» бөлімін ашып, үш бағытта жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Бірінші бағыт – ақсақалдар институтын қалыптастыру, қазыналы қарттардың беделін көтеру, ұрпаққа ұлағатты сөз қалдыра алатын, «тәйт» дей алатын қариялар тобын жасақтау. Екінші бағыт – «Әжелер әлемі». Бұл балабақшасыз-ақ немере бағып, ертегімен саналы ұрпақ тәрбиелеген ел аналарымен жұмысты үйлестіреді. Ұмыт болған ертегі жанрын жаңғыртып, облыстың бүлдіршіндеріне тәлім беретін топ қалыптастырады. Үшінші бағыт – той мәдениетін қалыптастыру, қазақы дәстүрмен той басқару нұсқаулығын жасақтау. Асабалар одағын құру, одақпен тығыз қарым-қатынас жұмысын үйлестіру.
Сонымен қатар той мәдениетін қалыптастыру ережесіне ұсыныс ретінде облыстың тойханадағы кәсіпкерлеріне де үндеу жолдап отырмыз. Яғни тойхана ішінен балалар алаңшаларын ашса деген тілек бар. Үлкен тойларда ата-анасының арақ ішкенін көрмесе, дарақы даңғазаның куәсі болмаса, қазақтың тойы осындай болады екен деген ұғым қалыптаспаса дейміз. Егер кәсіпкерлер келісіп, балалар алаңшасын ашса, тойға амалсыздан алып келген ұл-қыздарды екі-үш сағат сол жерде ойнатып, тамақтандырып, қайтарда алып кететіндей жағдай жасау керек.
Түйіп айтсақ, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы той мәдениетін қалыптастыру нұсқаулығын жасауды жоспарлап отыр. Оның ішінде қазақы тойдың келбеті қандай болу керек, ас мәзірінің ережесі, ұлттық ойын түрлері қамтылмақ. Өңірдің зиялы қауымы, ардагерлері және белсенді асабалардың ұсыныстары негізінде әдістемелік кітапша жарық көреді.
Жасұлан ӘБДІХАЛЫҚ,
Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының директоры
Тараз