Шаруалар биылдан бастап көктемде дән егіп, күзде өнім жинап алу үшін берілетін субсидиядан қағылайын деп отыр. Бұдан былай диқандарға демеуқаржының орнына жылдық сыйақысы 5% арзан несие берілмек. Жылдың қарбалас шағында қолдау көрсетіп, қолтығынан демейтін мемлекетке арқа сүйеп үйренген диқанның мұндай өзгерістен соң «алдағы науқан қалай болар екен» деп алаңдайтындайы бар.
Алаңдатқан мәселе өңірге жұмыс сапарымен келген Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаровтың қатысуымен өткен жиында сөз болды. Кәсіпкерлер палатасында өткен басқосуда Қазақстан фермерлер одағы облыстық филиалының төрағасы Марат Ахметов несиенің 5 пайыздық мөлшерлемесі диқандарға ауыр тиетінін айтты.
«Канада, Америка тәрізді дамыған елдерде болып жүрміз. Ол жақта несие 1,5-2%-бен 15 жылға дейін беріледі. Осыған дейін жағдай онша болған жоқ, субсидияны алып тастаса тіпті қиындап кете ме деп күмәнданамын. Өйткені дәнді дақылдың бағасы құлдырап кетті, логистика жағы да қымбат. Майлы дақылды өткізу тіпті қиын. Қостанай өңірінің шаруалары көлемі 50 млрд теңгеден асатын субсидиясын ала алмай отыр. Үкіметтің берешегі қордаланып қалды. Бірақ берілетін түрі жоқ. Жылдан-жылға созбаққа салынып келеді», деді Марат Ахметов.
Жиында 2024 жылғы субсидия бойынша өтелмеген берешек, қарсы міндеттемелерді енгізу, сондай-ақ «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша қос кепілдік беру тәрізді өзекті мәселелер де талқыланды.
Мәжіліс депутатының айтуынша, аталған мәселелер түрлі деңгейде қарастырылып, қайта сүзгіден өткізіліп жатыр. Бұған дейін берілуі тиіс субсидиялар шаруалардың қолына алдағы наурыз айының соңына дейін тиетін болады.
«Бұл пайыздық мөлшерлемені өтеу бойынша берілетін субсидиялар ғана. Фермерлер 20-24% несие алып, кейін мемлекеттің пайыздық мөлшерлемені қайтарып беруін күтеді. Кейбір фермерлер мұндай қаржылық жүктемеге төтеп бере алмайды. Шын мәнінде, банктер осыдан ақша табады. Енді субсидиялаудың осы түрін алып тастау және ауыл шаруашылығы өндірушілерін несиелеуге қаражат бөлу туралы шешім қабылданды. Ал қалған субсидиялар өзгеріссіз қалады. Субсидияның өз уақытында төленбеуіне өткен жылы көктемде болған алапат су тасқыны себеп болып отыр. Бюджеттегі қаржының дені тасқынның зардаптарын жоюға жұмсалды. Мемлекеттің қаржысы да шектеулі болады ғой. Менің білуімше, облыс бойынша 52 млрд теңге көлемінде субсидия төленбей отыр. Бұл мәселені Ауыл шаруашылығы министрінің алдында көтергенмін. Мәселе шешіледі. Алдағы 3-4 айдың көлемінде бұл қаржы төленеді», деді депутат.
Айтуынша, субсидияның орнына жеңілдетілген несие беріледі. Бұл ретте тек банктің жылдық сыйақысын өтеп беретін субсидиялар алынып тасталмақ.
«Оның орнына жеңілдетілген несие беріледі. Ал химияға, тыңайтқыштарға берілетін инвестсубсидия бұрынғыша өзгеріссіз қалады. Бұған дейін шаруалар 22%-бен жыл сайын несие алып келген еді. Оның 14%-ын Үкімет өтеп беретін. Бірақ ол үшін алдымен сол 22%-ды шаруа өз қалтасынан банкке төлеуі керек. Ал Үкімет субсидияны әрдайым кешіктіреді. Шаруалар жылда осының зардабын тартып, қаржысын анда тартса мұнда жеткізе алмай жатады. Мұндай жағдайға жол бермеу үшін қазір бүкіл пайызды өтеу субсидиясы жойылды. Оның орнына 5%-бен жеңілдетілген несие беріледі», деді Айдарбек Қожаназаров.
Жиында көтерілген мәселелер мен ұсыныстардың бәрі бірыңғай тізімге ресімделіп, Үкімет пен «Атамекен» ҰКП-ның назарына ұсынылады. Өткен жылғы қараша айының соңында отандық фермерлерге берілуі тиіс субсидия берешегі 194,8 млрд теңгеге жеткен еді. Бұл қарыздар кезең-кезеңімен көктемге дейін өтелмек.
Қостанай облысы