• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Пікір 17 Қаңтар, 2025

Ел тағдырына бәріміз жауаптымыз

50 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әр жылдың қорытындысын саралап, талдап, алдағы міндеттерді айқындайтын жақсы үрдісті қалыптастырғаны халық көңілінен шығып отыр. Бүгінгі толассыз ақпараттар ағынында Мемлекет басшысының «Ana tili» газетіндегі сұхбаты елді де, әлемді де елең еткізді.

Әр жылдың өз ерекшелігі, өз ырысы болары анық. 2024 жыл да әлем үшін де, сол әлемнің бір бөлшегі Қазақстан үшін де  сынақ пен мүмкіндікке толы болды.

Әсіресе көктемгі су тасқыны елді де, ерді де дағдартты. Су тасқынының беті қатты болғанын көз көрді. Көктемгі су тасқынының салдарын жою үшін қабылданған шаралар мемлекеттің тиімді жұмыс істей алатынын көрсетіп, зардап шеккен әр отбасы көмек-қолдаусыз қалмады. Үй салынды, пәтер берілді, инфрақұрылым нысандары қалпына келтірілді. Барша тұрғын мен кәсіпкердің шығыны өтелгенін біздің Ақмола облысының жағдайынан да толық аңғаруға болады. Тіпті қарғын судың ортасында қалып, барлық байланыстан үзілген Жарқайың ауданындағы Үшқарасу ауылына азық-түлік, дәрі-дәрмек, зейнетақы мен жәрдемақылар да қайықпен жеткізіліп тұрды. Бұл жағдай ауыл халқын шынайы ризашылыққа бөледі.

Президент сұхбатында елімізде былтыр бұрын-соңды болмаған астық жиналғанын да айтты. Бұл – көптің несібесі, елдің ырыздығы. Биыл Астанада ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумы өткізілді. Президент өзі бас болып ауылдың дамуына, жергілікті жұртшылықтың қанаттана түсуіне зор ықпал етті. Осы форумда Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ақмола облысын үлгі ретінде айтуға болады. Бұл аймақ елорданың азық-түлік белдеуі деген атқа лайық екенін дәлелдеді. Биыл облыстың ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімі екі есе өскен. Бұл – өте жақсы нәтиже», деп атап көрсетті. Расында, ақмолалық диқандар өткен жылғы ауа райының аса күрделі жағдайына қарамастан, 6,6 миллион тонна астық жинап, орасан табысқа қол жеткізді.

«Жалпы, былтыр әлемдік деңгейдегі осындай көптеген іс-шараға қатыстыңыз. Бұл сіздің сыртқы саясатқа баса мән беретініңізді меңзеп, Президент – кәсіби дипломат, сондықтан халықаралық мәселелерге көбірек назар аударады» деген әңгіменің шығуына түрткі болды. Шынымен де солай ма?» деген газет тілшісінің сауалына орай Қасым-Жомарт Тоқаев біз, ең алдымен, халықара­лық аренадағы іс-әре­кет­терімізге жауапкершілікпен қарап, қазіргі заманның аса күрделі мәсе­лелеріне келгенде, сындарлы ұс­танымда болуымыз керектігін жет­кізді. Қазіргідей дүрбелеңі, дау-жанжалы, қарулы қақтығыстары ты­йылмай отырған жағдайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретіндегі қызметінде сыртқы саясатқа басымдық беріп отыруы аса маңызды, өте орынды.

«Менің басты мақсатым – мемле­кетіміздің экономикалық әлеуетін, егемендігін және халықаралық аренадағы орнын нығайта түсу», деген осы бірауыз сөзімен-ақ Президентіміз туған елі мен халқының алдындағы парызын пайымдап отыр емес пе? Олай болса, Президент сыртқы саясатты нығайтып жатса, біз, отандастар өз еліміздің ішкі саясатын нығайтуымыз керек. Бұл – елдегі бірлікті, ынтымақты нығайту, еңбек ету, білімді болу, жасампаз ұлт болу,болашаққа сеніммен қарау!

Президентке тілшінің қойған сұрақ­тары да, Мемлекет басшысының сол сұрақ­­тарға қайтарған жауаптары да көп­шіліктің көкейінде жүрген алаңды мәсе­лелер еді. Қазақ елін дүрбелең­ге салып, әлем жұртының назарын аудар­ған 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы жүрек­терді әлі де сыздатып, алаңдатары бар. Өйткені мұнда ел тағдыры, мемлекет тәуелсіздігінің тағ­­дыры жатқаны анық еді. Сол Қаңтар оқи­ға­сынан алар бір сабақ бар, бұл – тәуел­­сіз­дікке опасыздық жасауға болмайды, тәуел­сіздік тағдырымен ойнауға жол жоқ.

«Қаңтар оқиғасынан үш жыл өт­кенде азаматтарымыздың көпшілігі елімізде бұрын-соңды болмаған осы дүрбелең көпе-көрінеу әлеуметтік әділетсіздіктің, саяси тоқыраудың, сондай-ақ қаскөйлердің шектен тыс менмендігінің және олардың халық пен мемлекет тағдырына немқұрайлы қарауының кесірінен орын алғанына әбден көз жеткізді», деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың журналиске берген жауабында Қаңтар оқиғасының салдары мен себебі орынды анықталған дер едім.

Өмір өзгеріп жатыр. Сол оң өзгерістерді байқамау, сезбеу мүмкін емес. Қоғам ашықтыққа ден қойды. Билік пен халықтың арасында сенімді байланыс орнығып келеді. Осының барлығы да Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың азаматтарды саяси өмірге белсенді араласуына мүмкіндік жасауының арқасында болып отыр.

«2022 жылғы маусым айында өткен референдумның нәтижесінде Конституция баптарының үштен бірі жаңарғанын қаперге сала кетейін. Мұның өзі реформаның қаншалықты ауқымды екенін көрсетеді. Қазіргі таңда көптеген реформа іс жүзінде жүзеге асырылып жатыр. Біздің бағытымыз айқын, мақсатымыз белгілі», деген Прези­денттің Қазақстанның тұрақты түрде әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, еліміздің өңір­дегі көшбасшы мәртебесін нығайту жөнін­дегі стратегиялық міндеті – баға жетпес құндылық, басты мақсат, өзекті мүдде. Олай болса, Президент айтып отырған эко­но­миканы және егемендікті нығай­туға әрқайсымыз қызмет етуге міндеттіміз. Ел тағдырына, тәуелсіздікке бәріміз жауаптымыз!

 

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

КӨКШЕТАУ