• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Басылым 18 Қаңтар, 2025

«Казахстанская правда»: үлкен жолдың бел-белестері

97 рет
көрсетілді

«Казахстанская правда» газетінің жарыққа шыққанына – 105 жыл. Осы мерейлі датаға орай елордадағы Достық үйінде «Үлкен жолдың кезеңдері» атты ғылыми-практикалық конферен­ция өтті. Оған ел қайраткерлерінен бастап жалпы зиялы қауым, мемлекеттік қызметкерлер, барша сала мамандары қатысып, басылым туралы ойларын ортаға салды.

Баспасөз – сенімді дереккөз

«Казправданың» алғашқы нөмірі 1920 жылы 1 қаңтарда жарық көрді. Газет «Известия Киргиз­ского края» деп аталды. Уақыт өте келе ел­мен бірге баспасөз де өзгерді. «Степ­ная правда», «Советская степь» деген атпен шықты. Ал 1932 жылдан бастап «Казахстанская правда» болды. Әрине, газет атаулары ғана емес, сонымен қатар форматы, тиражы, тақырыбы, мазмұны да өзгерді.

Газеттің тарихынан сыр шерткен «Қазақ газеттері» серіктестігі­нің бас дирек­торы, академик Дихан Қамзабекұлы іс-шараны жүргізіп, «Казправданың» қазіргі күнге дейін жүріп өткен жолын айтып өтті.

– 2021 жылдың наурызында екі жетекші республикалық газет – «Egemen Qazaqstan» мен «Ка­зах­стан­ская правда» бірік­ті­рілді, 2023 жылы қаңтарда екеуі де «Қазақ газет­­тері» ЖШС-ға кіреді. Барша жұрт қадірлейтін газет туралы ой да, ниет те шексіз. Бірақ біз тұжы­рым­дап айтайық: Біріншіден, «Казах­станская правда» газеті – елі­міз­дің береке-бірлігіне, қоғам­дық келсіміне аянбай атсалы­сып келе жатқан басылым. Екіншіден, бұл басылымның кіндігі аса ауыр тарихи кезеңде 1920 жылы кесілсе де, оның тұңғыш редакторы – Алаш зиялыларымен тығыз байланыста болған, І Мем­лекеттік дума депутаты Тимо­фей Иванович Седельников. Үшін­шіден, «Казахстанская правда» газеті – Қазақстандағы орыс­тілді БАҚ-тың атасы және көш­бас­­шысы. Төртіншіден, ол – қалам ұста­ған сарапшылардың, ғалым­дар­­дың, ойлы азаматтардың, жур­на­листердің пікір алаңы, шеберлік мек­тебі, – деді Д.Қамзабекұлы.

Конференция барысында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтауын сенатор Нұртөре Жүсіп, Мəжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтауын депутат Асхат Аймағамбетов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің құттық­тауын Президент кеңесшісі Бауыржан Омаров жеткізді.

Сенат төрағасының құттық­тауында Қазақстан журналис­тикасындағы дәл осы күннің маңызы, еліміздің ақпараттық кеңістігін дамыту, қоғамдық пікірді қалыптастыру және ұлттық мүддені қорғауға қосқан газеттің үлесі аталды.

«Казахстанская правда» газеті ғасырдан аса уақыт бойы ел өміріндегі аса маңызды оқиға­лар­дың жаршысы болып келеді. Ұжым әрдайым жоғары сапамен, жауапкершілікпен және жур­на­листің биік мәдениетімен ерекшелене білді. «Казахстанская правда» – тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңі мен тарихи жаңғыртулар және еліміздің өсіп-өркендеуі жолында қабылданған маңызды шешімдер шежіре болып қатталған іргелі басылым. Газет ұжымы қазіргі цифрлық технология дәуірінде де кәсіби біліктіліктің биігінен көрі­ніп отыр. Сондай-ақ қоғамның өзек­ті мәселелеріне жіті назар ауда­рып, сенімді ақпарат көзі ретінде ұлтқа қызмет етіп келеді», делінген М.Әшімбаевтың құттықтауында.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қоша­нов өз құттықтауында басы­лым­ның еліміздің қалыптасуы мен дамуы­ның барлық маңызды кезе­ңін қамти отырып, Қазақстан тари­хы­ның шынайы шежірешісіне айналғанын атап өткен.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Газет шығару үдерісі мен оларды оқу мәдениеті ешқа­шан үзілмеуге тиіс. Біз бұл істе са­бақтастықты сақтауымыз керек», деген еді. Еліміздің басты га­зет­терінің бірі ретінде «Казах­стан­ская правда» ұзақ уақыт өз оқыр­­мандарын жаңа және өзекті ақпа­ратпен, репортаждармен, экс­клюзивті сұхбаттармен қуанта­тынына сенімдімін. Бүгінгі таңда «Казправда» жаңа қоғам­ның қалыптасуына елеулі үлес қоса отырып, журналистік шебер­ліктің жоғары деңгейін жалғас­тырып келеді. Парламент Мәжі­лі­сінің заң шығару қызметі мен жұ­мы­сын әрдайым терең және мұқият жариялағаны үшін же­ке алғы­сымды білдіргім келеді», ­де­лін­ген Е.Қошановтың құттықтау ­хатында.

Ал Мемлекеттік кеңесші Е.Қарин­­­нің құттықтауында: «Осы уақыт ішінде басылым қазақ жур­налисти­касының темірқазығына, ұлт баспа­сөзінің ұстынына айналды. Мұнда қаламгерлеріміздің бір­неше буыны шеберлігін шыңдады. Газет беттерінде біртуар перзент­теріміздің қолтаңбасы қалды. Бүгінде іргелі ұжым халық мүдде­сіне, ел игілігіне қыз­мет етудің озық үлгісін көрсетіп отыр. Мем­лекеттік саясаттың мән-ма­ңы­зын түсіндіруге атсалысып, тың бас­тамалар мен жаңа реформаларды жүзеге асыруға үлес қосып келеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға айрықша мән береді. Журналистерді әлеу­мет­тік қолдау мәселесін де ұдайы назарда ұстайды. Сіздер өз мін­дет­те­ріңізді мінсіз атқарып, мәрте­белі ма­мандыққа деген адалдық­тың озық үлгісін көрсетіп жүрсіз­дер. Алдағы уақытта да елімізді өр­кен­дету жолында қажырлы еңбек ете бересіздер деп сенеміз», делінген.

Сондай-ақ жиында Мәдениет жә­не ақпарат министрі Аида ­Ба­­лае­ва­­ның, Қазақстан халқы Ассам­блея­сы төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың, «Российская ­газета» басылымы, «Беларусь сегодня» баспа үйі, Қазақстанның стратегиялық зерт­теулер институты, Президент мұра­­ғаты, т.б. ұйым басшыларының құт­тықтаулары оқылды.

Іс-шарада «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ-ның 2000-2016 жылдардағы пре­зи­денті, Мемлекеттік сый­лық­­тың лауреаты Сауытбек Абдрах­­ма­нов арнайы баяндама жасап, баспасөз қазіргі журна­лис­ти­каның классикасы екенін атап өтті.

– Баспасөз материалдардың беделі мен сапасын қамтамасыз етеді. Бұл газет пен журнал мақа­лаларын тарихи құжат ретінде сақтауға мүмкіндік береді. Газет журналистикасында терең мазмұн бар. Баспасөз көбінесе интернет-ресурстармен салыстырғанда беделді және сенімді ақпарат көзі ретінде қабылданады. Қағаздан оқу мәтінге тереңірек енуге ықпал ететіні де күмән тудырмайды. Адамдар­дың қағазда оқылған ақпаратты жақсы есте сақтайтыны бұрыннан дәлелденген, – деп баспасөздің ерекшелігіне тоқталды.

Сондай-ақ Президент жанын­дағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы, газеттің белсенді авторы, көрнекті заңгер Игорь Рогов газет 100 жылдан бері отандық журналистиканың темірқазығы болып келе жатқанын айтты.

– Басылымның Қазақстанның ұлттық идеясын іске асырудағы, Мемлекет басшысының саясатын насихаттау мен түсіндірудегі, мәдени-гуманитарлық, мораль­дық-адамгершілік және басқа да құндылықтарды дамыту мен таратудағы рөлін ерекше атап өткен жөн. Басылым консти­ту­ционализмнің идеялары мен қағи­даттарын жүзеге асыруға айтар­лық­тай үлес қосып келеді. Оның ресурс­тары арқылы теория мен прак­тиканың өзара байла­нысы, республиканың прови­­зиялық жүйесіне енгізілген «новел­ла­ларды» терең және жан-жақ­ты зерттеу қамтамасыз етіледі. «Каз­правданың» әрдайым сұранысқа ие болуының себебі оның атауында жатыр, тарататын ақпаратына сәйкес келеді, – деді И.Рогов.

 

Тұлғалар шыққан тарихи басылым

Конференция барысында сөз ­ал­ған Қазақстанның халық ­жазушысы, газет ардагері Любовь Шашкова «Казахстан­ская правда»­ басылымының қазіргі күн үшін маңызы зор өзіндік тарихи, айрықша тәжірибесі бар екенін атап өтті.

– Қолына қалам ұстаған, өзі­нің әдеби болашағына бейжай қарамайтын оқырман үшін бұл газет несімен тартымды? Басылым жоғары білікті кәсіби мамандарымен оқырманды қызықтырып, өз беттеріне елдегі жарқын, бірегей, танымал тұлғаларды тарта білді. Өлеңдерімен елге есімі әйгілі болған ақын Олжас Сүлейменов осы газетте еңбек жолын бастады. Олег Мицкевич, Геннадий Толмачев, Валерий Буренков сынды жазушылар еңбек етті. Бұл газеттің тарихи тәжірибесі мен қаламы қарымды журналистері кітап оқитын ұлт жасау жолында өзінің үлкен қолдау білдіретініне сенемін, – деді ол.

Жазушы осы орайда ақын О.Сүлейменовтің алдағы он жыл­дықтар кітап пен ұлт арасындағы саналы түрдегі өзара тәуелділік уақыты болуы қажеттігі туралы айтқан сөзін келтірді.

– Ақын қазіргі өркениет оқыр­манды тыңдарман мен көрерменге айналдырып жатқанын, адамзат баласы жазу пайда болғанға дейінгі тас ғасырында осындай болғанын жеткізген еді. «Егер алғашқы жазу таңбаларын үйрене бастаған, үстіне тері жамылған біздің арғы бабаларымыздың алдында даму келешегі болса, қазіргі өркениет – құлдыраудың бастауы, мәдениеттің тоқырауы» деді ақын. Менің ойымша, бұл айтылып отырған сөздер бүгінгі газеттерге де қатысы бар. Егер біз оқитын ұлтты қалыптастыра алсақ, бұл дамыған ел құрудың бір тетігі болатыны сөзсіз, – деп ойын жалғады жазушы.

Қазақстан стратегиялық зерт­теу­лер институтының бөлім басшы­сы, саясаттанушы Жанар Төлен­ди­нова заманауи талаптар­ға сай жаңа медианың дамып жатқанына қарамастан, дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының орны қоғам үшін әлі де зор екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, қазіргі таңда еліміздегі 5,5 мыңға жуық тіркелген отандық БАҚ-тың көпшілігі – баспасөз құралдары.

– Бұл бүгінде айтылып жүр­ген «газет-журналдың күні бітті» деген әңгімені жоққа шыға­рады. Дегенмен медиа тұтыну көрсеткіштеріне назар салсақ, отандастарымыздың жартысынан көбі, яғни 57 пайызы­ ақпаратты әлеуметтік желіден ала­тынын айтқан. Ал баспасөзді оқитындар қатары 4 пайызды ғана құрайды. Бірақ бұл елімізде баспасөздің беделі төмендеді дегенді біл­дірмейді. Өйткені газет пен журнал ең сенімді дереккөз саналады. Мемлекет басшысы жаңа жылды газеттерге сұхбат беруден бастауы тегін емес. Мәселен, былтыр қаңтардың басында «Egemen Qazaqstan» газетінде Президенттің «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» деген тақырыппен сұхбаты жария­ланса, биыл «Ana tili» газетінде «Мақ­сатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты сұхбаты жарық көрді. Сондай-ақ өткен жылы ШЫҰ саммиті қарсаңында «Казахстанская правда» газетінде Прези­денттің бағдарламалық мақа­ласы шыққанын білесізд­ер. Бұған қарап, Мемле­кет бас­шысы елдің бас идеологі ретінде келешекке арна­ған өз ойларын негі­зінен баспасөз арқылы білдіріп келе жатқанын көреміз, – деді Ж.Төлендинова.

Сарапшы кейінгі жылдары «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жүзеге асып жатқанын, бұл тұрғыда масс-медиа – билік пен халық арасындағы алтын көпір рөлін атқаратынын жеткізді. «Казахстанская правда» газеті бұл тұр­ғыда уақыт талабына сай өз қыз­ме­тін жоғары дәрежеде атқарып жат­қанын, басылым беттерінде қо­ғам­дағы ең өзекті тақырыптар мен мәсе­лелер қозғалып жүргенін айтты. Билік тарапынан халыққа жетуге тиіс ақпараттар да, халықтың жоға­ры жаққа білдіргісі келетін ойлары да ғасырдан аса ғұмыры бар газеттен көрініс тауып жатыр. Басылымның заманауи ақпарат құралдарынан ерекшелігі – аталған ақпараттың бәрі әлеуметтік желі мен кейбір интернет-ресурстардағы секілді хайпсыз, байыпты түрде көтеріліп, жазылып жатқанын атап өтті.

 

Марапат – адал еңбектің есесі

Қазақстан халқы Ассам­блея­сының «Шаңырақ» кафедралар қауым­дастығының төрағасы, ЕҰУ профессоры Наталья Калашни­кова біздің елі­мізде генетикалық тұрғыда үлкенге құрмет дәстүрі бар екенін және бұл құрмет тек адамдар арасында ғана емес, тарихы ғасырдан асқан басылымға да көрсетіліп жатқанын жасырмады.

– 1920 жылдан бастап «Известия Киргизского края», кейін «Степная правда» болып жарық көрген газет 1932 жылы бәрімізге етене таныс «Казахстанская правда» атауын иеленді. Ол бар назарын портретті тақырыпқа аударатын баспасөздің үздік дәстүрін сақтап қалды. Қазіргі таңда басылым Жаңа Қазақстанды құру жолында оның маңызды мінберінің бірі ретінде өз қызметін сәтті атқарып келеді, – деді ол.

Н.Калашникова Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Казах­стан­ская правда» газеті бірлесіп бір­­қатар игілікті іс атқарғаны жа­йын­да деректерді келтірді. Мәселен, со­ның бірі – «Қазақстан: бейбітшілік пен келісім аумағы» (2010) кітабы. Бұл еңбек газет журналистерінің мате­риал­дары негізінде әзірленген. Сон­дай-ақ ол «ҚХА-ға 20 жыл: Бір ел – бір тағдыр», «Қазақстан халқы Ассам­­блеясы: екі онжылдықтың тарихы», «Ұлы Отан соғысы жыл­да­рын­­дағы халықтар достығы: майдан га­зет­тері беттері негізінде» атты бір­ле­сіп шығарылған кітап­тарға тоқ­тал­ды.

Конференцияның жарыс­сөзінде газеттің бұрынғы басшылары Александр Тараков, Владимир Курятов, Мәжіліс депутаты Ека­терина Смышляева, Президент архиві директорының орынбасары Роза Кәрібжанова, өзге де қонақтар сөз алып, мерейлі мерейтойын атап өтіп жатқан басылымның қазақ баспасөзі айдынындағы орны жа­йында ойларымен бөлісті.

Жиында «Казахстанская правда» газетінің бірқатар қызметкері адал еңбегі мен жоғары кәсіби біліктілігі үшін марапатқа ие болды. Атап айтқанда, Мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығы­мен «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен газеттің Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы меншікті тілшісі Любовь Доброта, газеттің экономика бөлімінің редакторы Юрий Фоменко, Алматы қалалық қосынының аға тілшісі Айгүл Тұрысбекова марапатталды. Сондай-ақ газеттің арнаулы тіл­шісі Марина Демченко, қоғам бө­лі­мі­нің тілшісі Әсет Сыздықов, ди­зай­нер-көркемдеуші Павел Цеди­лин Мәдениет және ақпарат минис­трінің Алғысхатына ие болды.

Айта кетсек, «Казахстанская правда» газетінде байырғы дәс­түрге сай түрлі тақырыпта қалам тер­беп, кітаптары жарық көріп жат­қан қаламгерлер аз емес. Соның бірі Әсет Сыздықов өткен жылы «Алма­тинское чудо» кітабын жа­рыққа шығарған еді. Бұл еңбек қазақ қоғамында көп талқыға салынып, оқырмандар тарапы­нан жоғары бағасын алды. Автордың мәлім­деуінше, алдағы уақытта кітап­тың мемлекеттік тілдегі нұс­қа­сы да оқырман қолына тиеді. Конференцияның екінші бөлімінде басылым ардагерлері мен олардың ізін басқан редакция қызметкерлері пікір алмасып, баспасөздің даму ­барысы туралы ойын ортаға салды.

 

Гүлнар ЖОЛЖАН,

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»