Қазірде еліміздің қалаларындағы коммуналдық қызмет көрсететін көптеген кәсіпорын түрлі әрекет ойлап тауып, қызмет бағасын қалайда арттыруды көздейтіні жасырын емес. Петропавл қаласы тұрғындарына ауызсу жеткізуші «Қызылжар су» кәсіпорыны да осы үрдістен қалмауға тырысқан сыңайлы.
Кәсіпорын жұмсалған су көлемін есептейтін құралдарда көрсетілген су көлеміне тарифті көбейтіп, су ақысын алуды өзгертетін болыпты. Енді тұрғын үйге тіркелген әрбір адам тұтынған су көлемі есептегіш бойынша артқан сайын тариф те өседі. Мысалы, әрбір адам ай сайын 3 текше метр су тұтынса, базалық тариф өзгертілмей қолданылады, егер ағызған су 3-тен 5 текше метрге дейін артса тариф 20 пайызға, әрбір тұрғынға шаққанда су көлемі 5-тен 10 текше метрге көтерілсе 50 пайызға артады. Егер ағызған су әрбір адамға 10 текше метрден жоғары болса тариф екі есе көтеріледі.
Соңғысы жаз айларында аулаларында жеміс-жидек, гүл өсіріп суаратын жекеменшік үйлердің тұрғындарына қиын тиеді. Өйткені ағызған судың көлемі бұл айларда көбейеді.
Бұл өзгеріске кәсіпорынның өзі «дифференциялық тариф» деп айдар тағыпты. «Мақсат – тұрғындарды суды аз, үнемді жұмсауға дағдыландыру, оның қажеттілігін қаржылық тұрғыдан ұқтыру» деп жазыпты кәсіпорын мамандары өздерінің ресми сайттарында.
Мұның екінші қыры да бар. Бұрын тұрғындар үйге тіркелген адамдар санын аз қылып көрсетуге тырысатын. Өйткені тариф әрбір тұрғын үшін төленетін. Енді адамдар үйіне тіркелген адам санын көбейтіп көрсетуге тырысатын болады. Өйткені жұмсалған су көлемін адам санына бөлгенде ол аз болуы керек, сонда төлем азаяды. Мысалы, жұмсалған 10 текше метр суды 5 адамға бөлсек, 2 текше метрден ғана келеді. Бұл су ақысы үшін базалық тариф қана қолданылады деген сөз. Ал егер үйде 2 адам ғана тіркелген болса әрқайсы 5 текше метрден су жұмсаған болып, тариф 50 пайыз артады. Қорыта айтқанда, қазақтың «екі есеп, бір қисап» дегеніне саятын әрекет. Сондықтан кейбір тұрғындар мұндай жаңалыққа ешқандай алаңдаушылық білдірмей отыр. Ал халықтың көп нәрсені ұға бермейтін негізгі бөлігі қарсылық танытып, әлеуметтік желіде түрлі наразылық жазып жатыр.
ПЕТРОПАВЛ