Ұлттық кітапхана төрінде белгілі шығыстанушы, аудармашы, PhD Нияз Тобыштың «Иран қазақтары» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Аталған еңбек Иран қазақтары туралы жазылған бірнеше туындының басын құрайтын шағын энциклопедия үлгісінде жасалған. Тағдыр тауқыметін тартқан маңғыстаулық қазақтардың тілі бөлек, салты бөтен жат жерде өмір сүріп, қалай тілі мен салтын сақтап, ұлттық болмысын жоғалтпай жүргенін суреттейді. Қилы заманда әлемнің әр бұрышына тараған қазақтың туған топырақтан жырақтағы өмірін баяндайды.
Алқалы жиынға Иран Бас консулдығының мәдени атташесі, Алматы қаласындағы Иран мәдени орталығының директоры Ағазаде Хоссейн, Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры Төреәлі Қыдыр, Ш.Уәлиханов атындағы тарих институты директорының орынбасары Жеңіс Жомарт, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Мейірбаев, Оңтүстік Азия және Таяу Шығыс елдері кафедрасының оқытушысы, PhD Батырхан Болатбек, шығыстанушы, парсы тілінің аудармашысы Гаухар Омарханова және басқа да ғалымдар мен зиялы қауым қатысты.
Жиын барысында Ұлттық кітапхананың қызметкері, Қазақ радиосының ардагер-дикторы Аманжан Еркебайұлы құттықтау сөз сөйлеп, жаңа туындының мазмұнына тарихи тұрғыдан тоқталды.
Рухани іс-шарада модераторлық еткен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Ислам Жеменей аталған еңбек автордың осы тақырыптағы төртінші кітабы екенін атап өтті.
«Иранда тұрған қазақтардың тарихы айтылсын, жазылсын деген ниетпен 1980 жылдан бастап Иран қазақтарының мәдени қоғамын аштық. Мәдени қоғам жұмыстарының аясында журналда ирандық ғалымдардың мақалаларын жарияладық. Бұдан бөлек иран мәдениеті туралы деректі фильм түсірілді. Мәдени қоғамның жұмысына белсене атсалысқан ирандық ғалымдар қазақты, қазақтың салт-дәстүрін ерекше жақсы көрді. Кейін Халифа Алтаймен байланыс орнатып, Иранға шақырдық. Бір ай қонағымыз болып, өзінің естелік кітабының бір тарауын Иран қазақтарына арнады», дейді Ислам Жеменей.
Сондай-ақ Алматыдағы ИИР-дың Бас консулдығының мәдени атташесі, Иран Мәдени орталығының директоры Ағазаде Хоссейн екі елдің әдеби-рухани байланысы тереңдей түсетінін тілге тиек етті.
«Ирандағы қазақтар да, Қазақстандағы ирандықтар да екі елдің де гүлденуі мен дамуына ерекше үлес қосты. Сондықтан бұл кітапты және осындай іс-шараларды мұқият оқып, назар аударуымыз керек. Айта кететін тағы бір жайт, ирандық журналист Хошанг Данаи Иран Мәдениет министрлігінің қаржылай қолдауымен Ирандағы қазақтар туралы деректі фильм түсірді. Қазіргі таңда монтаждау, дыбыстау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жомарт Жеңіс мырза да өткен жылы Қазақстандағы ирандықтар туралы бірлескен зерттеу жүргізуді ұсынды. Егер кімде-кім Қазақстандағы ежелгі ирандықтар туралы зерттеу жобасымен айналысуға ұмтылса, Алматыдағы Иран мәдени орталығы бұл жобаларды қуана қолдайтынын айтқым келеді. Ислам Жеменейдің Шығыс әдебиеті мен Абай туралы парсы тілінде жазылған кітабы биыл Иранда жарық көретінін де хабарлаймын», дейді ол.
Нияз Тобыштың айтуынша, бұл кітап келешекте Иран қазақтары жайында зерттеу жұмыстарын жүргізуге ынталы жандарға арналып құрастырылған.
«Көп қандастарымызға бір кездері өздерімен бірге ала кеткен қасиетті топырақты сағына иіскеп, сол жақта мәңгілік көз жұмуға тура келді. Өмірден өтер алдында қасында отырған балаларына «Екі орта ашылып жатса, туған жерге оралың, боқ байлыққа алданып қалмаң, менің қасиетті мекеніме деген сағынышымды ала барың» деген аманатын айтумен кетті. Сол әке мен ана тапсырған аманат тек еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана орындалды. Алғашқы көш 1995 жылы Ақтау қаласына келген еді. Содан бері әлі жалғасып жатыр. Бұл еңбек алпыс жылдан астам уақыт көз жасы құрғамаған, туған жер құдіретін құрандай қастерлеп өткен, жат жерде мәңгілік көз жұмған қандастарымыздың рухына арналады», дейді Нияз Тобыш.
Сегіз бөлімнен тұратын кітап Ирандағы қазақтардың тарихы мен салтына, кәсібіне және өмірінің әртүрлі аспектілеріне (Горган, Гонбад-Кавус және Бандар-Түрікменде тұратын) арналған. Шағын энциклопедияда Халифа Алтайдың «Алтайдан ауған ел», Ислам Жеменейдің «Иран қазақтары», Отыншы Көшбайдың «Сыбызғы сыңсып жылайды», «Ұлттың ұлы перзенті», Мансур Киаидың «Иран қазақтарының салт-дәстүрлері», Жетібай Жылқышыұлының «Тіл таңбалы ақындар», Таған Дәрібайұлының «Елге ел қосылса – құт», Ғарифолла Әнестің «Қ.Сыдиықұлы еңбектері» атты туындылар қамтылып отыр.