Облыс әкімдігінде төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Келелі кеңесте азаматтық қорғаудың аумақтық күштері мен құралдарының көктемгі ықтимал су тасқынының алдын алу дайындығы, сондай-ақ қажет болған жағдайда халықты эвакуациялау мәселелері қаралды. Гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі, су тасқынының алдын алу шаралары, қираған нысандарды қайта жаңарту мен жаңғырту жұмыстары талқыланды.
Өткен жылы жалпы ұзындығы 2 шақырым болатын жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының 24 учаскесіне тасқын судан нұқсан келіп, облыс аумағындағы 3 көпір бүлінді. Соның ішінде Кіндікті ауылына апаратын жолдағы көпір қайта қалпына келтірілді. Тассай ауылындағы көпірге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, Бозай ауылындағы көпірді қалпына келтіру жоспарланған.
Автомобиль жолдарындағы су тасқынының салдарын жою барысында «Семей жолдары» ЖШС мердігерлік ұйымы «Ақсуат – Шыбынды – облыс шекарасы» жол учаскесінде 6 су өткізу құрылысын орнатты. Бүгінде ықтимал төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында 70 арнайы техникасы бар 7 апаттық бригада тәулік бойы кезекшілік атқаруды бастады. Қажетті материалдар қоры жасақталып, 1000 текше метр құм, 1047 текше метр құм-қиыршық тас қоспасы, 260 текше метр тасты топырақ жиналды. Мотопомпалар, күрек, етік, басқа да жабдықтар сатып алынып, құтқарушылардың әзірлігі пысықталды.
2024 жылғы су тасқынын талдау негізінде «Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Боғас» автожолдарының учаскелерінде су өткізу құбырларын жөндеу жоспарланған. Жұмысты аяқтау 2025 жылғы тамызға жоспарланып отыр. Бұған қоса, мол сулы Ертіс өзенінің су деңгейіне күнделікті мониторинг жүргізіліп, жағдай бақылауға алынған. Барлық іс-шараларды іске асыру су басу қаупін азайтуға, су тасқыны кезеңінде жол инфрақұрылымының қауіпсіздігін, көліктің үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған.
СЕМЕЙ