Сахна сыртындағы шығармашылық өмірдің қыр-сыры театрсүйер көрерменге беймәлім. Біздің көретініміз – қаншама еңбек, талант, қажыр-қайрат пен дайындықтың, қайталаудың, ширығу мен шарықтау нәтижесінен туған көркем дүние. Ал осы көрген жанның көңілін баурап, көзін әсемдікке тойдыратын бекзат өнердің сахна шымылдығы ашылғанға дейінгі қым-қуыт тіршілігі, мың-сан мәселесі, азан-қазан өмірі көрермен үшін жұмбақ әлем болып қала береді.
Иә, театр – шығармашыл жанның бар уақыты мен күш-жігерін талап ететін өнер. Әсіресе балет әртістерінің өмірі кішкентай қауіп-қатерлерге толы екені де рас. Тұрақты дене бітімін сақтау, денсаулығын күту, тез қалыпқа келу – балет бишілерінің жазылмаған заңдылығы сынды. Аяқтың ұшымен шебер билеп, бірін-бірі көтеріп, биіктен өнер көрсететін балет әртістерінде күтпеген тосын оқиғалар, кәсіби жарақаттар көп болады. Осы орайда жаңа жыл қарсаңында «Астана Опера» театры жанынан еліміздегі алғашқы мамандандырылған оңалту орталығының ашылуы айтулы жаңалық болғанын атап өтеміз. Театр саласындағы бұл игіліктің ең бірінші ел астанасының мәдени жауһары «Астана Опера» ұжымына бұйырғаны да бекер болмаса керек. Әрине, бекзат өнерге жаңа тыныс алып келген оңалту орталығын көруге біз де асықтық. Арнайы ат басын бұрдық.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Астана Опера» театр саласында жаңа стандарттарды енгізуді жемісті жалғастырып келеді. Соның бір дәлелі – «Самұрық-Қазына» қорының қаржыландыруымен іске асқан игі бастама әртістер мен техникалық ұжымның белсенді физикалық қозғалыстан және жарақаттардан кейін қалпына келуі үшін жасалып отыр.
Жалпы, мұндай орталықты ашу мәселесі – біраз жылдан бері қозғалып келген тақырып. Театр ұжымы түйткілдің шешімін тапқанына шын қуанышты. Енді жұмыс барысында денсаулығына зақым келтіру қаупі жоғары балет бишілері мен декорацияларды құратын сахна машинистері мамандандырылған оңалту кабинетінің көмегіне жүгіне алады.
«Біз үшін қызметкерлердің денсаулығы – бірінші орындағы мәселе. Неге десеңіз, олар – театрдың жаны, осы сахнаның шамын жағушылар. Өз таланттарымен өнерімізді өміршең етіп келеді. Сондықтан әртістеріміздің денсаулығына бейжай қарай алмаймыз. Осынау жобаның маңыздылығын түсініп, қолдау көрсеткені үшін «Самұрық-Қазына» қорына ризашылығымызды білдіреміз. Бұл – театрымыз үшін ғана емес, еліміздің тұтас театр саласы үшін жасаған елеулі қадам», деп атап өтті театр басшысы Ғалым Ахмедьяров.
Сондай-ақ ол балет әртістері дайындық немесе спектакль кезінде жиі жарақат алатынын атап өтті.
«Оркестр әртістері үнемі кәсіби жүйке-бұлшықет ауруларына ұшырайды, сахна машинистері, әсіресе сахна операторлары ауыр декорацияларды үнемі көтеру және орнату салдарынан жиі жарақат алады. Дәл осы санаттағы театр қызметкерлерінің денсаулығы үнемі әрі тұрақты оңалтуды қажет етеді», дейді театр директоры.
Иә, әсіресе балет әртістерінде кәсіби жарақаттарға алып келетін физикалық жүктеме екені сөзсіз. Осы уақытқа дейін олар өз күшіне ғана сенетін, болмаса оқыс жағдайда жалпы бейіндік емханаларға жүгінетін. Енді оңалту кабинетінің арқасында кәсіби көмек қолжетімді бола түсті. Әрі жақын, әрі тегін. Кабинеттің іші бұлшық етті қалпына келтіруге, ауырсынуды басуға әрі түрлі ем-шараларды жүргізуге арналған заманауи құралдармен жабдықталған. Дәл осы жерде әртістердің қалыпты жұмысына тезірек оралуына қалай көмектесуді білетін реабилитолог маманның да кеңесін алуға болады.
Бүгінде оңалту орталығына күніне 30 шақты әртіс келеді. Әркімнің ем алу барысы әртүрлі. Айта кетейік, оңалту орталығында физиотерапиялық ем-шаралардың толық кешені бар. Толықтай автоматтандырылған, сенсормен басқарылады.
Бас дәрігер Эдуард Варушкиннің айтуынша, әртістерді ең алдымен өзі қабылдап, айтқан шағымдарына байланысты қажетті бірнеше күндік ем тағайындайды.
«Кез келген көпбейінді аурухана мұндай оңалту орталығына қызығар еді. Оңалту орталығы толықтай автоматтандырылған, сенсорлық басқаруы бар соңғы буын технологияларымен жабдықталған. Мұнда физиотерапиялық процедуралардың толық кешені бар. Яғни келушінің мәселесіне жан-жақты көмек көрсете аламыз. Дәл қазір алты аппаратпен емдеп жатырмыз», дейді реабилитолог Эдуард Варушкин.
Аталған орталық аптасына алты күн бойы таңертеңнен кешке дейін жұмыс істейді. Штаттық құрамда реабилитолог дәрігер мен екі медбике бар. Ал театр қызметкерлеріне орталыққа баруға бөлінген арнайы уақыт жоқ: әркім өз дайындығының уақытына қарай келеді.
Балет бишілерінің айтуынша, қойылым барысында ауырсыну, дене жарақаттарына жиі ұшырайды. Кемі жарты жыл ем алған кездері болыпты. Мұндай келеңсіздіктердің алдын алу үшін оңалту орталығы жақсы мүмкіндік болды. Сондай-ақ театрдың ішінен ашылған орталық уақыт жағынан да, қаржы тұрғысынан да тиімді.
«Жұмысымызға байланысты денемізге келетін зақымдар көп. Әсіресе аяқ жарақаттарын көп аламыз. Ауыр көтергендіктен арқа мен белге салмақ түседі. Сондықтан осы орталықтың ашылуы біз үшін өте ыңғайлы. Жұмыс режіміміз өте тығыз болғандықтан театр жанынан ашылғанына қуаныштымыз. Әдетте тәжірибелі мамандарды сырттан іздеп, уақыт пен қаражат жоғалтатын едік. Өз басым бірнеше күннен бері лимфодренажда ем алып жүрмін. Әсерін сезіп жатырмын», дейді балет-солисі Сұлтанбек Ғұмар.
Атап айтсақ, оңалту орталығында жоғары жиілікті лазер, лимфодренаж, текар терапиясы, соққылы-толқынды терапия, жоғары қарқынды магнит және ультрадыбыстық терапия сынды ем-шара түрлері жасалады.
«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиеваның айтуынша, игі бастама әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, өнер майталмандары мен мамандарын қолдау мақсатында жүзеге асырылған.
«Астана Опера» театрында ашылған оңалту кабинетінде физикалық жүктемелер мен жарақаттар алған әртістер мен техникалық қызметкерлер толық тексерістен өте алады. Жыл сайын 600-ге тарта маман оңалтудан өтетін болады. Жалпы, бұдан бөлек елімізде 3 жасқа дейінгі ерекше балалар үшін ерте араласу орталықтары, аутизмі бар балаларға арналған орталықтар, 18 жасқа дейінгі балаларға және ересектерге арналған орталықтарымыз бар. Театр жанынан ашылған орталық – қор қолдауымен ашылған 45-оңалту орталығы. Биыл да осы әлеуметтік маңызды бастамамызды жалғастыратын боламыз. Мәселен, Алматы және Қызылорда қалаларында 3 жасқа дейінгі балалар оңалту орталығын, Қарағанды, Түркістан, Маңғыстау облыстарында аутизмі бар балаларға арналған орталықты ашуды жоспарлап отырмыз», деді ол.
Жаңа орталықтың аумағы 114 шаршы метрді құрайды, аталған орын бұған дейін балет залы болған. Айта кетейік, бұдан бөлек театрда шұғыл көмек көрсететін медициналық кабинет бар.
Оңалту орталығының ашылуы театр өміріндегі жаңа кезеңнің, тың лептің бастамасы болары анық. Өзінің ауқымды қойылымдары һәм труппаның жоғары кәсібилігімен танымал «Астана Опера» кезекті рет инновациялық ізденістің үлгісіне айналып отыр. Енді театр әртістері денсаулықтарына еш алаңдамай, бар зейіні мен уақытын шығармашылыққа аудара алатыны қуантады. Әрине, театр әлеміндегі тың бастама басқа өнер ұжымдарында да жалғасын тапса екен дейміз.