• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Университет 24 Қаңтар, 2025

Үздік 200 университеттің қатарына енді

65 рет
көрсетілді

Nazarbayev University (NU) халықаралық «Times Higher Education» (THE) жаңа рейтингінде «Білім беру» бағыты бойын­ша әлемнің үздік оқу орындарының қатарына енді.

Халықаралық «THE» баға­лай­­тын 11 бағыттың ішінде атал­ған жоғары оқу орнының 9 бағдарламасы үздік 500-ге енді. Сондай-ақ NU білім саласындағы әлемдегі үздік 200 университеттің қатарына кірді. Негізінен, бұл рейтингке кіру оңай емес. Оның өз критерийі бар. Мәсе­лен, университеттер оқыту, ғылыми қызмет, зерттеу сапасы, өндіріспен ынтымақтастық және интернационалдандыру дәрежесі бойынша бағаланады.

Бұдан екі жыл бұрын NU алғаш рет беделді «THE» рейтингіне еніп, 501-600 диапазонында орын алған еді. Содан бастап, жоғары оқу орнының білім саласындағы бағдарламалары 251-300-ден 176-200-ге дейін бір­ден көтерілді. Ал медицина және денсау­лық сақтау бағдарламалары орнын 501-600-ден 401-500-ге дейін жақсартты. Сонымен қатар үздік 500 бағдарлама­ның қатарынан университеттің инженерия, әлеуметтік және гуманитарлық ғылым бағдарламалары да көрінді.

NU президенті доктор Вакар Ахмад жоғары оқу орынның алған асуларына көңілі толатынын жеткізді.

«Мен мұны университетіміздің академия және зерттеу саласында жоғары деңгейге ұмтылып отырғанымыз­­дың бірден-бір дәлелі дер едім. Әрине, бұл оқу орны ұжымының бір кісідей жұмылған еңбегінің нәтижесі. Сондай-ақ әріптестерімнің өз істеріне деген адалдығының белгісі. Бұған мақтанамыз. Бірақ мұнымен тоқтап қалмаймыз. Одан әрі дами береміз», деді NU президенті.

Шындығын айтқанда, бұл жетістік­тер – NU-дың жоғары білім беру мен медицина мектебінің атқарған жұмыс­та­рының нәтижесі. 2012 жылы іргетасы қа­ланған Жоғары білім беру мектебі «University of Cambridge және University of Pennsylvania» сияқты білім саласындағы әлем­дік көшбас­шы­лармен жақын байланысып, жақсы жұмыс іс­те­ді. Осы мек­теп­ті ашылған күннен бас­қарып келе жат­қан Аида Сағынтаева бұл – еліміздегі бі­лім саласын дамытуда қан­ша алға жыл­жы­ғанымыздың белгісі еке­нін айтады.

«Бір жағынан, осындай жетістікке жету жолында оқытушылар, қызмет­кер­лер, студенттер көп еңбек сіңірді. Енді соның нәтижесін көріп отырмыз. Шын мәнінде, халықаралық білім аренасында сал­мағы бар ойыншыға айналдық. Осы елде туған азамат ретінде мен мұны жеке жетіс­тігім деп білемін. Біз өз ерек­ше­лігі­мізді сақтап, әлемдегі академиялық қа­уым­­дас­тыққа үлес қосып жатырмыз», деді ол.

Жоғары білім беру мектебінің зерт­теулері төрт негізгі тақы­рыпқа ба­ғытталған. Олар: жо­ғары білімді трансформациялау, инклюзивті білім, тіл, мәдениет және саясат, білім саласындағы өзгерістер мен көшбасшылық.

Сондай-ақ бірегей оқу орынның үздік­тер қатарынан орын алуына Медицина мек­те­бінің де қосқан үлесі зор. 2015 жылы «University of Pittsburgh» медицина мектебімен серіктестікте құрылған NU Медицина мектебі еліміздегі денсау­лық сақтау жүйесін жақсартуға айтарлық­тай ықпал етіп отыр. Аталған мектеп құрылғаннан бастап, ғылыми зерттеулер мен осы саладағы тың жаңалықтарды енгізу арқылы медициналық қызмет көрсету моделін әзірледі.

Енді Nazarbayev University 2030 жылға қарай «Times Higher Education» рейтингі бойынша әлемнің ең үздік 300 жоғары оқу орнының қатарына кіруді мақсат етіп отыр. Несі бар, бұл биіктен де көрінетін күн алыс емес секілді.

Соңғы жаңалықтар