Ақмола облысында кене шаққан 17 жастағы жасөспірім ауыр хәлде ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта студент облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оған алдын ала «кенелік вирусты энцефалит» диагнозын қойған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мәліметке сәйкес, кене бозбаланы 16 мамыр күні шаққан. Алайда оның отбасы бірден дәрігер көмегіне жүгінбей, болған жағдай туралы медициналық мекемелерге хабарламаған. Біраз уақыттан кейін жасөспірімнің жағдайы күрт нашарлаған.
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, науқаста сана деңгейінің бұзылуы байқалады. Қазір оған барлық қажетті тексерулер жүргізіліп, тиісті ем тағайындалған.
Биылғы маусым басталғалы Ақмола облысында кене шаққаннан кейін медициналық көмекке жүгінгендердің саны 500-ге жуықтаған. Ал Бурабай және Сандықтау аудандарының үш тұрғынынан кенелік энцефалит диагнозы расталған.
Айта кетейік, Қазақстанда биыл күн жылынғалы 7 мыңнан астам адамды кене шаққан.