Санға емес, сапаға айрықша мән беретін «Нәтиже» сүт фабрикасының дәмі тіл үйіретін өніміне тұтынушылар дән разы. Сүт өнімдерін ұқсату арқылы ел ішіндегі малсақ қауымға септігі де тиіп тұр. Кәсіпорын сүт өнімдерінің отыздан астам түрін шығарады. Сүт, қаймақ, май, ірімшік, айран, тағы басқа. Кейінгі жылдары жеңсік асқа айналып кеткен құрт та өндіріледі. Қажетті сүтті облыс орталығына жақын орналасқан тауарлы-сүт фермаларынан сатып алады.
– Шалғайдағы шағын ауылдарда мұндай мүмкіндік жоқтың қасы, – дейді ел ағасы Мұрат Тәжібаев, – шаруа жанын жалдап жұмыс істеп, төрт түлікті өсіріп отырғанымен, барын бұлдап сата алмағаннан кейін береке үйірілмей тұр. Өнім өндірушілер шалғайдан сүт тасудың шығыны көп екенін айтады. Меніңше, қатарлас қоныстанған төрт-бес ауылдың сүтін бір жерге жинайтын кооператив ұйымдастырып, таңғы сауын мен кешкі сауынды қосып тасыса, жол шығыны азаяр еді. Сүт – қып-қызыл қаражат. Мәселен, жеке шаруа тұқымы жақсы, сүтті он сиыр бақты екен дейік. Малсақ қауымнан сатып алатын сүттің әр литрі 170-200 теңгенің төңірегінде. Бір сиырдан 15 литр сүт сауса, 3 мың теңге табыс табады. Он сиырдан – 30 мың. Сонда айына 1 млн теңгеге жуық кіріс кірер еді. Оған жыл сайынғы төлінің құнын қоссаңыз, ерінбей жұмыс істеген ауыл тұрғынына ырыздық үйірілмей ме?
Сүт фабрикасы шаруашылықтардан жиналған сүттің сапасын зертханада мейлінше мұқият тексереді. Алғашқы бетте сүтке су қосатын өрескел оқиғалар кездескен. Кейін бірнеше рет белгілі болғаннан кейін айылдарын жиыпты. Сапасыз сүт өнімнің түпкі нәтижесіне әсер етеді. Кәсіпорын түріктің құрал-жабдықтарын пайдаланады. Алғашқы бетте жергілікті жұмысшыларға түрік мамандары жұмыстың қыр-сырын үйреткен. Кейін ынталары күшті болған соң іліп әкетіпті.
– Кәсіпорында бес жылдай жұмыс істеп жатырмын, – дейді технолог шебер Ғалымжан Дауылбаев, – алғашқыда кәсіпорынға келіп көмек көрсеткен түрік азаматтарынан сүт өнімдерін өңдеудің қыр-сырын үйрендім. Әсіресе технолог Мехмет Крчан ағайдың тәлімі көп болды. «Көз қорқақ, қол батыр» дейді емес пе, таңсық көрінетін дүние біздің де қолымыздан келеді екен. Жұмыс барысында тазалыққа, сапаға ерекше көңіл бөлінеді. Осы деңгейде қалып қоймай, өз талпынысыммен бұл тараптағы білімімді жетілдіргім келеді.
Жастардың осылай үйренсем, жұмыс істесем деген құлшынысы көңіл тоғайтады. Әйтсе де, кадр мәселесі бұл жерде де қылаң беріп тұр екен.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылды Жұмысшы мамандығына арнағаны бекер емес, – дейді ірімшік цехы басшысының орынбасары Әбумхан Остай, – шағын кәсіпорын облыс орталығында орналасқанымен, қарапайым жұмысшы табудың өзі оңай емес. Көпке топырақ шашқан емес, осындай бір оралымсыздықтың жайы туралы орайы келгендіктен айта кету қажет. Біз қарапайым жұмысшылар мен қоян-қолтық араласып жүрген соң жалпы жұрттың ықыласына барлау жасаймыз. Сондықтан еңбекке деген көзқарастың түзелгенін қалаймыз. Бәлкім, мектеп қабырғасында, отбасында адал еңбектің артықшылығы туралы ақыл-кеңес айтылуы керек шығар. Біз бала кезімізден қара жұмыс істеп өстік. Содан жаман болып қалған жоқпыз ғой. Еңбек кейінгі ұрпақты шынықтырып, ширата түседі. Кей-кейде облыс орталығында жұмыссыздар бар дегенді естіп таңғаламын. Көптеген кәсіпорын жұмысшы таба алмай қиналып отыр емес пе?
Кәсіпорынның құрылтайшысы Ерлан Әшім жұмысшыларды қадірлей біледі екен. Цех басшысы орынбасарының айтуына қарағанда, Наурыз мерекесінде ақ түйенің қарны жарылмақ. Алдынан жұмыс үркіп отыратын озат жұмысшыларға шетелдің демалыс орындарына тегін жолдама беріледі. Ел ішіндегі санаторийлерде де демалудың мүмкіндігі туады, сыйақы өз алдына. Мұның барлығы – еңбек адамын ынталандырудың тетігі. Кәсіпорынның мерейі үшін өз үлесін аянбай қосқан адам ескерусіз қалмайды.
Міне, осылайша ұйымшылдықпен жұмыс істеп, облыста бірнеше сүт өңдейтін кәсіпорындар өнімін молынан өндіріп жатқанымен, облыс орталығындағы сауда сөрелерінде Ресей мен Белоруссиядан жеткізілген сүт өнімдері сыңсып тұр. Мамандардың айтуынша, мұндай сүт өнімдері жылдап жата береді. Сауда орындары үшін қолайлы жері осы. Тұтынушылар болса мұндай сүттердің сапасына күмәнмен қарайды.
– Біздің өнім әрі кетсе бес-алты күн шыдауы мүмкін, – дейді ірімшік цехы басшысының орынбасары Әбумхан Батырханұлы, – таза сүт тез іріп кетеді. Бәсекелестік туралы айтатын болсақ, өнімдеріміздің сапасы арқылы халықтың сеніміне ие болуымыз керек. Сонда нарық айдынында мерейіміз үстем болмақ. Алыс-жақын шетелдерден сүт өнімдерін жеткізу қисынға келмейтін шаруа. Тасымалдауы, сауда сөресіне қойылуы бар, қаншама уақыт өтеді. Тез іріп кетпеуіне химиялық қосындылар әсер етеді. Сондықтан тұтынушылар таңдау жасаудың алдында ағзаға пайдалысын ескергені жөн.
Ұнтақтан жасалатын сүт туралы да ел ішінде күмәнді пікір бар екенін айта кетуіміз керек. Әбумхан Батырханұлының түсіндіруінше, ұнтақтың да түр-түрі болады. Мәселен, сүт мол жаз айларында кәсіпорындар ақтың барлығын өңдеп үлгермейді. Сол себепті, жиналған сүтті ұнтаққа айналдырады. Сиыр сүті қожырап, суалып, шикізат азайған кезде ұнтақты қайтадан сүтке айналдырады. Кәсіпорында отыздан астам адам еңбек етеді. Орташа жалақы көлемі 200 мың теңгенің төңірегінде.
– Осы жерде сегіз жыл бойы еңбек етіп келемін, – дейді кәсіпорын жұмысшысы Темірхан Шалаев, – еңбекақым 230 мың теңге шамасында. Түсте бір мезгіл тегін тамақ береді. Ал тегін емес, жалпы құны 2 мың теңге болатын ас үшін бар болғаны 100 теңге төлейміз. Жұмыс киімдерін жыл сайын береді.
Нәтижелі ісі көңілден шығатын ұжым ақ дастарқанның мәзірін молайтуға қомақты үлес қосып жатыр. Ең бастысы, сапа бар. Артықшылығы да сонда.
Көкшетау