• RUB:
    6.33
  • USD:
    513.74
  • EUR:
    569.17
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Қаңтар, 2025

Алаштанудағы тың дерек

253 рет
көрсетілді

Ұлттық музейде А.Ғ.Ибраева, С.З.Мәлікова, З.С.Тайшыбайдың «ХХ ғасыр басындағы Солтүстік Қазақстан: Алаш зиялыларының қоғамдық-саяси қызметі» монографиясы мен А.Ғ.Ибраева, С.З.Мәлікова, З.С.Тайшыбай, А.Темірханова құрастырған «Қазақстанның Солтүстік өңіріндегі Алаш қозғалысы мұрағат деректерінде» мұрағаттық құжаттар және мате­риалдар жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.

Іс-шара модераторы, Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы жиынға қатысушыларды сүбелі еңбекпен құттықтай отырып, кітаптардың қазақ тарихы мен мәдениеті үшін маңыздылығын атап өтті.

«Халық Алаш тақырыбына қатысты жалпыға танымал тұлғаларды ғана таниды. Өңірлердегі Алаш қозғалысының өкілдері туралы деректер көп айтылмайды. Тіпті әр өңірдегі атқарылған жұмыстардан да жұрт бейхабар. Сон­дықтан Солтүстік Қазақстан облысына қатысты зерттеліп, басылып шыққан жаңа туындының тарихи маңызы үлкен. Басқа өңірлердегі уездік Алаш комитеттері де зерттеліп, жарыққа шығуы керек», дейді Б.Әбдіғалиұлы.

«ХХ ғасыр басындағы Солтүстік Қазақ­стан: Алаш зиялыларының қоғамдық-саяси қызметі» атты монографиялық еңбекте Алаш қозғалысының тарихи ма­ңыздылығы, Алаш саяси партия­сы­ның және Алашорда үкіметінің Сол­түс­тік Қазақстандағы қоғамдық-саяси қызметі, рухани мұрасы жайында құн­ды мәліметтер берілген. Солтүстік Қазақ­стан өңіріндегі Алаш қозғалысының қайрат­керлері, олардың қозғалысқа қатысуы­нан бастап, күрескерлік деңгейге көтері­луі нақты деректік материалдармен, мысалдармен пайымдалған. Сондай-ақ кітапта Алаш қайраткерлерінің қызметі, олар­дың қилы тағдыры, қуғын-сүргінге ұшыра­ған кездегі тергеу істері, саяси құқықтар­дан айырудың басқа да түрлерін көргені ­жайында ақпараттар берілген.

Ал «Қазақстанның Солтүстік өңі­рін­­дегі Алаш қозғалысы мұрағат дерек­терінде» құжаттар және мате­риалдар жинағы Солтүстік Қазақ­стан облысы мем­лекеттік архивінің, Қазақ­стан Респуб­ликасы мен Ресей Федерациясы архив қорларының материалдары негізінде құрастырылған. Жинаққа енгізілген архивтік тың материалдар зерттеушілер үшін өте қажет және болашақта жаңаша көзқарастағы ғылыми еңбектердің жарық көруіне ықпал етері сөзсіз.

«Ғылыми еңбекті жазу барысында архив қорларындағы материалдар алынды. Елімізден бөлек Ресей, Өзбекстан мұрағаттарындағы тың деректер де қамтылды. Мәселен, Омбы архивінен Мағжан Жұмабаевқа қатысты материал­дар алдық. Сондай-ақ Қазандағы мұрағаттан Мағжанның балаларға арнал­ған кітабын таптық. Бұл жинақ төрт дана болып жарияланған. Бұдан бөлек Петропавл қаласында алғаш қазақ театры ашылғанын, 1934 жылы өнер ұжы­мы түгелдей саяси қуғынға ұшырағаны сынды деректер алынды. Смағұл Сәдуа­қас­ұлының саяси режіммен қалай күрес­кені туралы да бірқатар материалға қол жеткіздік», дейді автор Ақмарал Ибраева.

Солтүстік өңірдегі Алашорданың тарихи үдерістердегі рөлі, тәуелсіздік үшін күресі жайлы тың деректер еңбектің құндылығын арттыра түскен. Жиын барысында сөз алған ф.ғ.д., профессор Серік Негимов аталған еңбек Мағжан Жұмабаевқа қатысты деректердің кеңінен қамтылуы – айтулы оқиға екенін атап өтті.

«Айдархан Тұрлыбаев, Асылбек Сейітов, Қошке Кемеңгерұлы сынды Алаш қайраткерлерінің халықтың бостандығы мен азаттығы жолындағы еңбегі орасан. Солтүстік Қазақстан оқы­мыстылары мен тарихшыларының та­банды еңбегін дерек, дәйекпен ұсы­нып отырған бұл еңбектердің жарық­қа шығуы – тарихи оқиға. Әсіресе, Мағ­жан Жұмабаев, Бекмұхамед Серке­баев, Қайретдин Болғанбаев, Жұмағали Тілеу­лин, Айдархан Тұрлыбаевқа қа­тыс­ты ақпа­раттардың молынан табылып, бері­луі – үлкен олжа. Сондай-ақ ХХ ғасыр­дың ­басында әдебиетіміз бен мәдениеті­міз­дің тарихында Алаш қайраткерлері­нің, әсіресе Барлыбаевтар әулетінің ұлт ­үшін жасаған іргелі істерінің, 1918 жылы Алаш қайраткерлері өткізген үлкен жиын, ­Әлти болыстың өмір тарихына қатысты ­материалдар – қостомдықтың ішіндегі ­ең іргелі дүниелер. Ұлт тарихына жаңа­ша қарауға, жаңаша зерделеуге осы жаңа еңбектегі деректердің әсері мол», деді ол.

Айта кетейік, ғылыми еңбек Ғылым және жоғары білім министрлігінің грант­тық жобасы аясында жарияланып отыр.