• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Білім 25 Қаңтар, 2025

«Болашақ» стипендиясының талабы өзгерді

132 рет
көрсетілді

«Болашақ» стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді ірік­теу қағи­даларына өзгерістер енгізілді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады. Жаңа талап­тар­дың тізбегіне көз салсақ, үміткерлерге үміт сыйлайтыны да, дайын­дығын пысықтауға итермелейтіні, бұрын болмаған кате­го­рияның түрі де бар.

Қайта оралған бакалавриат

«Болашақ» стипендиясына қатысты ең маңызды өзг­е­рістердің бірі – бакалавриат бағдарламасының қайта қо­сылғаны. Қазіргі таңда үміткерлер «Болашақ» бағдарламасымен тек магистратура мен докторантурада оқи алады. Бұдан былай бакалавриатқа да аталған бағдарламамен үздік шетелдік жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік берілмек. Бака­лавриат бағдарламасы осыдан 15 жылдай бұрын жабылып қалған еді. Оның бірнеше себебі болды, алдымен 4 жыл бойы оқыту қаржылай тұрғыда тиімсіз, екінші жағынан қанаты әлі толық қатаймаған жастардың шетелге бірден кетуіне теріс көзқарас көбейді. Одан да бұрын шетелден магистр және доктор дәрежесін алып келген тәжірибелі мамандардың отандық университеттерде сапалы кадр даярлауға жұмылдыру мақсаты алға шығып, бакалавриат бағдарламасы «Болашақ­тан» алынып тасталды. Енді елде өзін әбден дәлелдеген халық­аралық олимпиадалардың же­ңім­­паздары осы бакалавриат бағдарламасымен «Болашақ» стипендиясына үміт­кер бола алады. Осыған дейін бұл өзгеріске қатысты Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек: «Болашақ» бағдарламасы ая­сында бакалаврлар санатын қал­пына келтіреміз. Көп адам осы мәселеге қатысты мықты, білімді жастар тағы шетелдерге кететіні туралы ой айтады. Бұл шешім керісінше ең үздік мектеп түлектерін маман болғанда елге әкелу мақсатында қабылданып отыр. Себебі байқасаңыздар, жыл сайын әлемнің бірнеше елінен, небір беделді университеттерден оқуға шақырту алған мектеп түлектері жа­йында жиі ести­міз, оқимыз. Олар шетелге кетсе, келуі екі­талай. Оның үсті­не кейбіріне толық грант беріл­мейді, то­лық грант бе­рілсе де жатақ­ханасы төленбейді. Ал «Болашақ» бағдарламасымен аттанса, барлық жағдайы жасаулы, ата-анасы да көп алаңдамайды, ең бастысы, оқуын бітірген соң елге келуге міндеттеледі. Біздің де көздеп отырғанымыз – осы», деп түсініктеме берген болатын. Олимпиадалар мен білім бәйгелерінің тізі­мін республикалық «Болашақ» бағдарламасы комиссиясы бекі­теді және оқу жеңімпаз жең­ген профиль бойынша ғана жүргізіледі. Мысалы, биоло­гия пәнінен халықаралық олим­пиаданың жеңімпазы тек сол биология бағыты бойынша оқуға тапсыра алады.

 

Мемлекеттік қызметкерлерге жаңа мүмкіндік

Кезекті өзгеріс мемлекет­тік қызметкерлерге жаңа үміт сыйлары сөзсіз. Себебі жа­уапты министрліктің хабарлауынша, мемлекеттік қызмет аппаратының жұмыс сапасын одан әрі жақсарту мақсатында «Болашақ» бағдарламасына «мем­­лекеттік қызметшілер» деп аталатын категория енгізілді. Бұл категория бойынша мемлекет­тік қызметкерлерге «магистра­тура» бағдарламасымен оқуға түсу үшін тіл курстарынан өтуге мүмкіндік беріледі. Негізі тіл курс­тары кейбір мамандықтарда алынып тасталған, бұған арнайы грант берілмейді. Бірақ мем­ле­кет­тік қыз­мет­керлер «IELTS»-тан (international English language testing system) 5 балл алса, елі­мізде 3-9 ай аралығында тілдік дайындық курсынан өтіп, шетелдік университеттің талабындағы IELTS-тан 6 немесе одан да жоғары балды жинауы үшін тегін әрі стипендия алып оқуына жағдай жасалады. Тілдік курстан өтуге жолдама алған үміткер жұмыс­тан толық босатылады және ары қарай қажетті шетелдік жоғары оқу орнына құжат тапсыруға жетекшілік етуді «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығы жауапкершілігіне алады. Осы өзгерістің ең тиімді тұсы, үміткерлерді қызықтыратын жағы деуге келер, бұл – аталған категориямен түсіп, оқуын тәмамдаған түлектердің өз еңбек өтілімін Қазақстан Республикасы мүше Біріккен ұлттар ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, ЮНЕСКО, Түркітілдес мемлекеттер ұйымы сияқты халық­аралық мекемелерде өтей ала­тынында. Негізі шетелде «Бола­шақ­пен» оқып келген түлектер жұмыспен өтеу талабын елде өтеуге міндетті. Ал жаңа категория бойынша бітірген стипендиаттар еліміз мүше  халықаралық ұйымдарда еңбек етіп өтей алады. Мұны шетелдік тәжірибе жинауға жасайтын талап ретінде қарастыруға келетіндей.

 

Кереметі мен күшейтілгені де бар

«Болашақ» бағдарламасының айналасындағы тағы бір жақсы жаңалық – үміткерлердің сти­пендияға жылына бір емес, бірнеше рет құжат тапсыра алатынында. Жалпы, стипендияға үміткерлерді іріктеу жылына екі мәрте жүргізіледі. Мәселен, бұған дейін үміткерлер биыл жыл басындағы іріктеуге құжат тапсырып, оқуға түсе алмаса, онда келесі жылды күтетін. Оған дейін ағылшын деңгейі түсіп кету, басқа да дайындығының нәтижесін төмендету қаупі бар еді. Міне, осы жаңа өзгерістерге сай, жыл басында тапсырып түсе алмаған үміткер келесі жылды күтпей, сол жылдың соңында қайта құжат өткізіп, бағы мен бабын сынға сала алады. Бұл – жақсы жаңалық, әрине.

Десек те  өзгертілген қағидада күшейтілген талап та бар. Соған сай қажетті балл жинамаған тапсырушылар келесі кезеңге жібе­рілмейді. Бұған дейін үміткерлер SHL (әлемде қызмет­керді жұ­мысқа қабылдауда кеңінен қолда­нылатын, адамның сыни ойлау деңгейін анықтайтын вербальды, математикалық, логикалық тестінің түрі) тестін тапсыратын, содан соң әңгімелесу кезеңіне авто­матты түрде өтетін. Ендігі жерде осы тестіден жеткілікті балды жинай алмаған үміткерлер келесі кезеңге өте алмайды. 

Жаңа қағидаға сәйкес кезекті өзгеріс бойынша конкурс­тық іріктеу үшін қажетті құжат­тар тізбесіне уәждемелік хат (мотивациялық хат) енгізілді. Бұған дейін қалай еді? Әдетте мұндай мотивациялық эссе түрінде іріктеудің бірінші кезеңдерінде емес, кейінді ке­зең­дерінде, яғни шетелдік уни­верситетке керек құжат ретінде өткізілетін. Енді үміткерлерге алғашқы іріктеуден-ақ комиссия мүшелерін шетелде оқып келгеннен кейін елге қандай пайда тигізетінін уәждемелік хатындағы деректер, дәлелдермен дәйектеуге, көзін жеткізуге тура келмек.

Жауапты министрлік бұл өзгерістердің «Болашақ» ха­лықаралық стипендиясын жетілдіріп, еліміздің әртүрлі салаларында білікті мамандар даярлауға бағытталғанын мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар