Қаңтардағы Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) өтіп жатыр. 13 қаңтарда басталған тестілеуді 2 аптада 79 мыңнан аса адам, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 203 талапкер (оларға қосымша 40 минут беріледі) тапсырған. Тестіленушілердің 30 пайызы шекті балл жинай алмаса, 111 адамның нәтижесі жойылған.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегіне сүйенсек, тестке қатысушылардың 76,8%-ы қазақ тілінде, 23,1%-ы орыс тілінде, 46 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті. Шекті балды 70%-ға жуық талапкер жинады. Тестілеу нәтижесі бойынша орташа балл 65 балды құрады. Ең жоғары балл – 137, мұны екі оқушы жинады. Талапкерлердің басым бөлігі, яғни 16,9%-ы «Математика-физика» және «Биология-химия» пәндер комбинациясын тапсырды. 10,3%-ы «Шығармашылық емтиханды» қолай көрген. Ең аз таңдалған комбинация – «Химия-физика», бұл бағытты 105 адам таңдаған.
Қазіргі таңда 111 адамның нәтижесі жойылды. Оның ішінде 70 талапкер смартфон және шпаргалка сияқты тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды, ал тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 41 адам шығарылды. Өзге тұлғалар анықталған жоқ. Биылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылатынын алда тест тапсыратындардың есіне сала кеткен жөн. Бұған дейін хабарлағанымыздай, қаңтар ҰБТ-сы 13 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтеді. Тестілеуге қатысуға 167 мыңға жуық талапкер ниет білдірген.