• RUB:
    6.52
  • USD:
    512.44
  • EUR:
    593.15
Басты сайтқа өту
Маман 28 Қаңтар, 2025

Кадр мәселесі шешімін күтеді

60 рет
көрсетілді

Елімізде медицина қызметкерлерінің тапшылығы өзекті мәселеге айналғалы қашан. Астананың іргесінде орналасқан Ақмола облысында да осындай мәселе бар. Кадр зәрулігін шешуге бағытталған бірқатар талпыныс болғанымен, түйткіл түбегейлі шешімін таппай отыр. Жергілікті бюджеттен болашақ дәрігерлерді дайындауға бөлінген гранттар ұзақ жылдан бергі түйінді шеше ала ма?

Облыстың Enbek.kz порталында 133 дәрігерге сұраныс бар екендігі көрсетілген. Дертіне шипа іздеген өңір тұрғындары да қордаланған мәселенің мәнісін айқын сезініп отыр. Облыс орталығының өзін­де науқастардың тар бейінді дәрігерлердің қабыл­дауын апталап, айлап тоса­тын­­дығы да жасырын емес. Ал шал­ғай аудандардағы жағдай ше? Жыл сайын аудандарда жаңа медициналық ұйымдар пайда болады. Өңірде 38 жаңа меди­ци­налық ұйым пайдалануға беріліп, екі ауданаралық аурухана кеңейтіліп жатыр. Бұл әлбетте, мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлық. Әйтсе де, жаңа ұйым­дарда кімдер жұмыс істе­мек?

Облыстық денсаулық сақ­тау басқармасының кадр бө­лі­­мінің басшысы Динара Байма­ғам­бетованың айтуына қара­ғанда, кадр мәселесін шешу мақсатында жыл сайын облыстық бюджеттен резидентурада оқып, білім алуға 35 грант бөлінеді. Жоғары оқу орындарында «жалпы медицина» мамандығына 50 грант қарастырылған. Соңғы төрт жылдың ішінде осы гранттармен 133 адам білім алған. Келісім-шартта түлектердің өздерін қар­жы­ландырған өңірге оралып, не­гіз­гі мамандықтары бойынша үш жыл жұмыс істеуі қажет екен­дігі тайға таңба басқандай көр­сетілген. Бірақ 133 адамның 107-і ғана кейін оралып, жұмыс істеп жүр. Демек бұл тарапта да жұмсалған қаржы желге ұшып жатыр ма?

Аудандық әкімдіктердің, жеке компаниялардың, облыстағы ме­дициналық ұйымдардың қар­жысына оқыту мәселесі де сын көтермейді. 2013-2024 жылдар аралығында дәл осындай жоба бойынша 64 адам білім алса, оның тек 39-ы ғана жұмыс істеп жатыр. Олардың сегізі резидентурада білімін жалғастырып жүр, қалғандары қайда?

Әрине, адамды тұрмыс билей­тін­дігі ақиқат, әртүрлі себептер болуы мүмкін. Жастардың тұрмыс құруы, өзге өңірге қоныс аударуы кездесіп жатады. Солай бола тұра, кейбір жастардың жергілікті биліктің грантын үстеме пайызсыз несие тәрізді көретіндерін де айта кетуіміз керек. Тегін оқып, білім алғаннан кейін арада бес-алты жыл өткен соң құнсызданып бара жатқан қаржыны қайтара салады. Оның әр жағында елдің үміті, сенімі жатқандығын айту артық болар. Астанадағы жекеменшік клиникаларда еңбек ететін дәрігерлердің еңбекақысы әлдеқайда жоғары. Сондықтан грантты қайтару оларға аса бір қиындық тудырмаса керек.

– Біздің өңірдегі басты мәсе­ле­нің бірі астаналық аймақ бол­ған­дығымызда, – дейді Динара Баймағамбетова. – Келісімшарт бойынша әрбір болашақ маман өңірде үш жыл жұмыс істеуге тиісті. Бала күтіміне байланысты демалысқа шықса немесе ре­зи­ден­тураға оқуға түссе, үш жыл­дық міндеттемеден босаты­лады. Жастардың бойындағы жауап­кершілікті арттыру үшін жұм­салған қаржыны екі есе өтеу талап етілсе, жағдай басқаша болар ма еді. Бұл мәселені Денсаулық сақтау министрлігімен келісіп заңдастыру қажет деп ойлаймын. Кадр мәселесінің күрмеуін шешу үшін осындай қадамға бару керек.

Бар жағдайды ақыл таразы­сына салып сараласаңыз, жер­гі­лікті атқарушы органдардың грант жүйесі дәл көзделгендей кадр мә­се­лесін шеше алмайды. Мәсе­ле­нің мәнісі оңынан шешіл­ме­ген­діктен, қаржыландыру көлемі де құлдырап барады. Облыстық денсаулық сақтау бас­қармасының ақпаратына қарағанда, қазір жер­гілікті әкім­діктер мен меди­ци­налық ұйымдардың қаржысына 74 бола­шақ дәрігер ғана білім алып жатыр. Биыл 24 маман білім алып шықпақ. 2026 жылы тиісінше 14 және үш, 2027 жылы тек жеті жалпы тәжірибедегі дәрігер және бір тіс дәрігері, 2028 жылы төрт дәрігер диплом алады. Кадрға деген тапшылық екі жылдан кейін тіпті өткір күйде болмақ.

Қалыптасып отырған жағдай­ды біршама тереңірек білетін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің жоғары медицина мектебінің директоры Светлана Мұратбекованың пайымдауынша, статистикалық көрсеткіш облыс­тағы ахуалды айқын аңғарта алмайды.

– Мен аудандық ауру­ха­на­лар­дың бас дәрі­герлерімен үнемі пікір­лесіп тұрамын. Жағдай мүл­де алаң­датарлық, – дейді ол. Әсі­ресе, Атбасар, Степногорск қалаларында, аудандық ауруханаларда жағдай өте күрделі. Бұл ауруханаларда қазір ұлттық жобаға сәйкес кеңейту жүргізіліп жатыр. Сирек мамандықтар тұрмақ, кә­дімгі жалпы тәжірибедегі дәрігер­лердің өзі жетіспейді. Оны айтасыз, учаскелерде науқастарды қабылдайтын дәрігер де жоқ. Бас дәрігерлермен сөйлесе қалсаңыз, маған төрт маман емес, сегіз маман керек дейді. Демек, нақты жағдайды көз алдыңызға елесте­тетін көріністің өзі айқын емес. Біздің түлектеріміз – жалпы тә­жіри­бедегі дәрігерлер. Әзірге тар бейінді мамандарды дайындап жатқан жоқпыз. Міне, осындай уәж айтсаң, амалы құры­ған аудандық аурухананың бас дәрі­герлері бізге маман болса болды дейді. Ереже бойынша әрбір учас­кеде дәрігермен бірге үш орта буын медицина қызметкері болуы керек. Мұндай толық штат аудан түгіл қазір облыс орталығының өзінде жоқ. Сондықтан менің пайымдауымша, 600-700 маман жетіспейді.

Светлана Қабыкенқызының ащы пікірін айғақтайтын бір жай, интерн студенттері әлі қолдарына диплом тимесе де, Көкшетау қаласындағы жекеменшік емханаларда жұмыс істеп жүр. Олар науқастарды қабылдап, ем-дом белгілейді.

– Көкшетау университетінің медицина факультеті 2018 жылы ашылған болатын. Биыл алғашқы 104 жалпы тәжірибедегі дәрігер жол­дама алады. Қазір оларға ауыл­­дағы денсаулық сақтау ұйым­да­ры ділгір болып отыр, – дейді Светлана Қабыкенқызы. Әйтсе де мұның өзі өңірдегі өткір мәселені шеше алмайды.

Светлана Қабыкенқызының айтуына қарағанда, биылғы түлек­тер­дің 11-і аудандық әкім­діктердің гранты арқылы білім алса, 46-сы облыс әкімінің гранты бойынша оқып жүр. Бір алаңдарлығы, жергілікті атқарушы органдардың гранты арқылы білім алатын сту­дент­тердің саны жыл сайын аза­йып келеді. Былтырғы оқу жылында 50 грант бөлінгенімен, екі-ақ студент оқуға түскен. Жоғарыда айтылған пікірлерді сараптай келе түйгеніміз, осы бір өзекті мәселенің шешімін табу үшін болашақ маманның жауапкершілігін арттыратын бір шешім қажет болып тұр.

 

Ақмола облысы