Солтүстік Қазақстан облысында өткен Рухани және мәдени келісім форумына жергілікті атқарушы органдар, Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік құрылымдық бөлімшелері, этномәдени бірлестіктер, түрлі конфессия өкілдері қатысты.
Форумда сөз алған облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов мәдениет пен рухани даму еліміз үшін маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бірлік пен тұрақтылық болмай, саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асыру мүмкін емес. Бейбітшілік пен келісім – мемлекеттік идеология ғана емес, қоғамдық өмір мен еңбектің ажырамас бөлігі» деген сөзін еске салды.
«Елімізде түрлі мәдениеттің жалпыұлттық бірлікке ұласқан қоспасы қалыптасқан. Осының өзі мемлекетшілдіктің ең басты мызғымас жартасы деп білемін. Біздің облысымыз – республикадағы көпэтносты өзара достық пен келісімге топтастырған аймақтардың бірі. Бұл – біздің көзіміздің қарашығындай сақтайтын баға жетпес құндылығымыз», деді Ғауез Торсанұлы.
Одан әрі әкім облыстық ассамблеяның құрамында өңірде ірі әлеуметтік жобаларды іске асырып жатқан табысты кәсіпкерлер бар екенін атап өтті. Олардың жарқын істері алдымен аграрлық секторда және басқа да салаларда көрініп жүр. Қазір алдымызда елдің хал-ахуалын арттыруды көздеген жаңа міндеттер тұр. Ассамблея мүшелері бұл істерде өз салалары бойынша алда болады деген сенім бар.
Сонымен қатар облыс басшысы өткен жылдың өңір тұрғындары үшін үлкен сынаққа ұрындырған жыл болғанын еске алды. Бұрын ешқашан болмаған су тасқыны 3 мыңнан аса тұрғын үйді басып қалды. Мыңдаған адам баспанасыз қалды. Бірақ көктемнің қара суығында бірде-бір тұрғын қорғансыз қалған жоқ, бәріне де жылы жай ұйымдастырылып, бүкіл елдің көмегімен табиғат апатынан құтқарылды. Ассамблея үйі де сол күндерде көмек қолын созушы волонтерлердің штабына айналды. Осы үйден мыңдаған тонна қайырымдылық жүгі зардап шеккендерге күндіз-түні таратылып жатты. Қайырымдылық шараларға облыстағы барлық этнос өкілі бір кісідей қатысты. Тасқын су қайтқан соң, жапа шеккен отбасылар тұрғын үйлермен қамтамасыз етілді, қаланың солтүстік-шығысында «Бірлік» атты жаңа шағын аудан пайда болды. Онда республиканың көмегімен 700 тұрғын үй салынды. Мыңдаған отбасына екінші нарықтан үйлер сатып әперілді. Облыстың барлық ауданынан құрылған механикалық бригадалар жөндеуге жарайтын үйлерді қалпына келтіруге атсалысты. Петропавлдың жапа шеккен аудандарынан 200 мың тоннадан аса қоқыс шығарылды. Осынау жұмыстың бәрін облыс тұрғындары «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған» бірлікпен атқарды.
«Барлық этнос өкілдері де ортақ қиындықты еңсеруге біртұтас қазақстандық екенін білдіріп, бір кісідей қатысты. Сонау қиын күндерде облысқа арнайы келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жерлестеріміздің табиғат апатымен жұмыла күресіп жатқанына ризашылығын білдірген еді. Міне, осындай мызғымас бірлігімізді әрқашан сақтасақ, халықтың алмайтын қамалы болмайды. Елдегі конфессияаралық төзімділікті сақтаудың да маңызы зор. Барлық әлемдік және дәстүрлі діндер халықтарды бірлікке шақырады. Сондықтан мызғымас бірлікке негізделген өзара келісім мен бейбіт өмір ғана бізді биік табыстарға шығаратынын ұмытпайық», деді әкім.
Форумда Парламент Сенатының ІV–V шақырылымдарының депутаты болған, экономика ғылымдарының докторы Анатолий Башмаков, Петропавл қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Уақпанов, Zoom-мен қосылған Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры, экономика ғылымдарының кандидаты Ерлан Әбіл, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің басқарма төрағасы-ректор Ербол Исақаев, Мәжілістің экс-депутаты, педагогика саласының ардагері Раиса Полищук, «Қазақ тілі халықаралық қоғамы» бірлестігі филиалының төрағасы, өңірлік ассамблея этномедиация кеңесінің төрағасы Жанат Мұхамеджанов сөйлеп, қоғамдық бірлік пен өзара келісімнің маңызы туралы ойларын ортаға салды.
Форумда ассамблеяның Қазақстан халқы бірлігінің алтын медалімен Татар-башқұрт этномәдени орталығының жетекшісі Наиль Абраев, «Алғыс» төсбелгісімен өңірлік ассамблеяның төрағасы Кемел Оспанов, «Орыс, славян және казак ұйымдары» ассоциациясының белсендісі Юлия Родионова марапатталды.
Солтүстік Қазақстан облысы