• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 30 Қаңтар, 2025

Алқап көлемі ұлғаяды

76 рет
көрсетілді

Биыл Павлодар облысындағы егіс алқаптары 53 мың гектарға ұлғаяды. Егін шаруашылығын қолдауға бюджеттен 4,1 млрд теңге субсидия қарастырылған. Ертіс-Баян өңірінде егін өсірумен мыңнан аса шаруашылық айналысады. Олардың егіс алаңдары биыл 1 669,7 мың гектарға жетеді деген жоспар бар.

Меже толық орындалса, көлем 2024 жылғыдан 52,9 мың гектарға артық болады деген болжам бар. Бұл егіс алқаптарын әртараптандыру нәтижесінде мүмкін болмақшы.

«Барлық егіс алқабының 974,0 мың гектары немесе 94 пайызы астық дақылдары болады. Биыл майлы дақылдардың егіс танабы 3 пайызға өсіп, 360,9 мың гектарға, картоп алқабы 4 пайызға артып, 25,7 мың гектарға жетеді деп күтіліп отыр. Ал көкөніс және бақша дақылдары өткен жылдың көлемінде – 8,8 мың гектар болып қала береді. Бұған қоса аудандарда мықты жем-шөп базасын құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осыған орай биыл жем-шөп дақылдарының алаңын бірден 18,8 мың гектарға арттыру жоспарланып, жалпы себу аумағы 300 мың гектарға жеткізіледі», дейді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаев.

Алдағы егіске 164,4 мың тонна тұқым дайындалып қойған. Тұқым бойынша өңірде мәселе жоқ, тіпті дәнді дақылдар бойынша оның көлемі 7,5 мың тоннаға көп.

Егін шаруашылығын қолдауға 2025 жылы жалпы сомасы 4,1 млрд теңге субсидия қарастырыл­ған. Атап айтқанда, тұқым шаруашы­лығын қолдауға – 1 млрд теңге, минералды тыңайтқыштар мен пестицидтердің құнын субси­диялауға – 2,7 млрд теңге, фермерлерге су жеткізу қызметтерінің құнын субсидиялауға 300 млн теңге бөлінгелі отыр. Демеу қара­жаттың көлемі өткен жылмен салыстырғанда 5,4 млрд теңгеге кемігенін де атап өту керек.

Қазір ірі шаруашылықтар қар тоқтату іс-шараларына кірісе бастаған. Таза сүрі жерде қар жамылғысының биіктігі 14 см, ал ықтырмада 15 см-дей болады. Қар тоқтатудың алғашқы кезеңі 74,4 мың гектарда жүргізілген.

Көктемде құрылысы біраз уақытқа созылған Ертіс-Успен су арнасы іске қосылады деп жоспарланған. Оның құрылысы кеңес заманында қолға алынып, кейін тоқтап қалған еді. Ұзақ жылдар тұрып қалуына байланысты түбіне шөп өсіп, салынған бетон плиталарын ел-жұрт таратып алып кеткен. 2020 жылы су құрылысы қайтадан қолға алынды. Канал алғашқы бетте 1,4 мың гектар суармалы егістікті тіршілік нәрімен қамтамасыз етеді. Техникалық қызмет көрсететін Павлодар ауданының екі шаруашылығы оған қазірдің өзінде қосылып, қажетті техникалық жағдайлар жасалған. Ертіс-Успен каналынан тағы 12 фермер су алуға ниетті. Болашақта канал 10 мың гектар жерді суаруға мүмкіндік береді деген жоспар бар. Жоба бойынша каналдың ұзындығы – 13 шақырым. Шаруашылықтар оның көмегімен қосымша 500 мың тонна ауылшаруашылық дақылдарын өсіре алады.

Қазіргі уақытта өңір аума­ғында 171 мың гектар суарылатын жер бар. Іс жүзінде бұл аумақтың тек 72 мың гектары ғана суарылады. Келешекте облыста жалпы көлемі 300 мың гектарды жерді суармалы алқапқа айналдыру жоспары тұр.

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар