Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров бастаған делегация Нью-Дели қаласында Үндістанның сайлау комиссиясы және Дүниежүзілік сайлау органдары қауымдастығы (А-WEB) бірлесіп ұйымдастырған «2024 – Жаһандық сайлау жылы: демократиялық кеңістіктерді растау» халықаралық конференциясына қатысты.
Бұл конференцияда сайлау органдары, халықаралық ұйымдар өкілдері мен 60-тан аса елдің сарапшылары жиналып, негізгі сайлау трендтері мен сын-қатерлерін талқылады.
2024 жылдың қорытындысына арналған бірінші сессияда ҚР ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров «2024 жылғы сайлау трендтері: қазақстандық кейс» тақырыбында баяндама жасап, еліміздің бірқатар негізгі іс-шарасына тоқталды. Атап айтқанда, 2024 жылғы референдум негізгі шешімдерді қабылдауға қоғамның қатысуын нығайта отырып, халықтық билік қағидаттарын іске асырудың жарқын үлгісі болды. Ауылдық және аудандық әкімдерді сайлауға көшу жергілікті өзін-өзі басқару мен саяси реформаларды дамытудың жаңа кезеңін білдіреді, халықаралық ынтымақтастық Қазақстанның жаһандық сайлау үдерісінің белсенді қатысушысы ретіндегі өсіп келе жатқан рөлін көрсетеді.
Н.Әбдіров бұл бастамалар демократиялық институттарды нығайтуға ықпал етіп қана қоймай, азаматтардың сайлау институтына деген сенімін арттыратынын, бұл мемлекеттің тұрақты дамуы үшін өте маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар ОСК төрағасы қазіргі кезде басқа елдермен ынтымақтастық кеңейіп келе жатқанын алға тартты.
«Біз үшін ынтымақтастықтың жаңа бағыты Еуропалық Одақ, Оңтүстік және Шығыс Азия елдері мен Америка Құрама Штаттары болды. Басқа елдегі әріптестердің шақыруы бойынша Қазақстан ОСК өкілдері алғаш рет Аустрия, Мажарстан, Үндістан, Оңтүстік Корея және АҚШ-тағы сайлауға байқаушы ретінде қатысты. Жалпы алғанда, халықаралық байқауға қатысу Қазақстанда екі негізгі міндетті шешуге мүмкіндік береді. Біріншісі – басқа елдердің тәжірибесін, олардың сайлау жүйелерін зерттеу. Бұл біздің әртүрлі электоралдық үдерістер мен инфрақұрылым туралы түсінігімізді жақсартатыны сөзсіз. Екінші міндет – еліміздегі сайлау үдерісін шынайы өлшем арқылы сырт көзбен салыстыра байыптау», деді Н.Әбдіров.
Конференцияда сайлаудың болашағы мен сайлау үдерісін цифрландыруға байланысты жаһандық сын-қатерлер ерекше назарға алынды. Этикалық нормаларды сақтай отырып, деректерді талдау және болжау үшін жасанды интеллектіні тиімді пайдалану жағы да тақырыпқа арқау болды.
Конференция аясында Нұрлан Әбдіров Үндістан, Бутан, Ирландия сайлау органдарының басшыларымен, соның ішінде Дүниежүзілік сайлау органдары қауымдастығының (А-WEB) Бас хатшысы Ин-шик Джангомен, Халықаралық сайлау жүйелері қорының (IFES) Президенті және атқарушы директоры Энтони Натан Банберимен екіжақты кездесулер өткізді. Кездесу барысында Ин-шик Джанго мырза Нұрлан Әбдіровтің Қазақстанға шақыруын қабылдады. Сонымен қатар халықаралық сарапшы, International IDEA аға кеңесшісі Антонио Спинелли мырзамен кездесу өтті.
Ал Үндістан сайлау комиссиясының басшысы Раджив Кумармен кездесу барысында тараптар өзара іс-қимылдың жоғары өнімділігін атап өтіп, электоралдық рәсімдерді жетілдіру, тәсілдер мен тәжірибе алмасу саласындағы әріптестікті одан әрі тереңдетуге дайын екенін білдірді.
Өткен жыл 60 елдегі 4,2 миллиардтан аса сайлаушыны біріктіретін әлемдік сайлау жүйесі үшін бетбұрыс жылы болды. Еліміз осы үдерістің белсенді қатысушысы бола отырып, сайлаудың жаңа стандарттарын қалыптастыруға өз үлесін қосып жатыр.