• RUB:
    6.66
  • USD:
    518.34
  • EUR:
    607.91
Басты сайтқа өту
Пікір 01 Ақпан, 2025

Реформа бәсекеге қабілеттілікті арттырады

72 рет
көрсетілді

2024 жылдың қорытындысына сүйенсек, ел экономикасы жалпы алғанда 4,8%-ға өскен. Бұл – өткен жылдың есепті кезеңіндегі 4%-дық өсімнен жоғары көрсеткіш. Экономиканың өсуіне мемлекеттік саясат пен экономиканы әртараптандыруға бағытталған реформалар негізгі ықпалын тигізді.

Экономиканың тұрақты дамуы­на бірнеше сала айтарлық­тай үлес қосты. Атап айтқанда, өң­деу өнеркәсібі кейінгі 10 жылдағы рекордтық 59%-дық өсім көрсет­ті. Ауыл шаруашылығы тұрақ­ты дамуын жалғастырды. Көлік және логистика экономикалық белсенділікті арттырды. Сауда ішкі және сыртқы нарықтағы сұраныс есебінен өркендеді.

Дегенмен бірқатар сыртқы фактор да ел экономикасына әсерін тигізді. Олардың ішінде OPEC+ келісімі мұнай өндіру көлемін 2,7 млн баррельге дейін қысқартты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы атап өткендей, қазіргі жағдайда еліміз сыртқы экономикалық қысым жағдайында жұмыс істеуге мәжбүр.

Президенттің айтуынша, елдің даму стратегиясы инвестиция тартуға басымдық беруге бағытталған. Жоспарлан­ған шаралар: энергетика саласын либерализациялау арқылы жеке сектордың қатысуын арттыру, инфрақұрылым мен ин­жинирингті дамыту арқылы инвестициялық тартымдылықты жоғарылату, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту арқылы елдің көліктік әлеуетін күшейту, экономиканы әртараптандыру арқылы шикізаттық тәуелділікті төмен­дету және жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу.

Ұлттық экономиканың ин­вестициялық жоспарынша, ал­дағы жылдары жалпы тартылатын инвестиция көлемі 450 млрд доллар болуға тиіс. 2024 жыл­дың қорытындысында Үкімет 115 инвестициялық жобаны іске асырып, олардың жалпы сомасы 50 млрд долларды құрады. Алайда елге тартылған шетелдік тікелей инвестиция көлемі 12,8 млрд долларды ғана құрап, 36%-ға төмендеді. Президент бұл жағдайға алаңдаушылық біл­діріп, инвестициялық саясат­­­тағы үйлестірудің әлсіздігіне назар аударды. Қазіргі таңда бұл үдеріс әртүрлі мемлекеттік орган арасында бөлініп, нәтижесінде инвестиция тарту жұмысы баяу жүріп жатыр. Осыған байланысты Үкіметке тиімді үйлестіру тетіктерін әзірлеу тапсырылды.

Салық саясатына қатысты ең маңызды мәселе – қосылған құн салығы (ҚҚС) реформасы. Бұл реформаның негізгі мақсаты – салықтық жүктемені теңестіру және құн түзу тізбегі­нің ашықтығын қамтамасыз ету. Президент атап өткендей, ҚҚС мөлшерлемесін арттыру механикалық түрде жүзеге аспайды, керісінше, ол басқа салық­тық жеңілдіктермен теңгерілетін болады. Егер ҚҚС өссе, жалақы қорына түсетін салықтық жүк­теме 40%-дан 30%-ға дейін төмен­­дейді. Бұл кәсіпорындар­дың жұ­мыс­шылардың жалақы­сын көтеруіне мүмкіндік бере­ді, өнімдердің өзіндік құнын төмендетіп, бағаны тұрақ­тан­дыруға көмектеседі және ішкі өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

ҚҚС реформасының екін­ші маңызды аспектісі – ин­вести­циялық жобаларға салық­тық жүк­темені азайту. Үкі­мет дерегінде қазіргі таңда ауыл шаруашылығы жоба­лары­ның 4%-ы ғана инвес­тициялық же­ңіл­діктерді пайдаланады. Сон­дық­тан жаңа салық саясаты ин­вес­ти­циялардың тиімділігін арт­ты­руға және бизнестің ашық­ты­ғын қамтамасыз етуге бағытталған.

Жалпы, Үкімет жоспарлап отырған реформа ел эконо­ми­касының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ұзақмерзімді тұрақты өсімге негіз қалау үшін қажет. Бірақ бұл реформалар нақты, тиімді үйлестіруді және уақтылы іске асыруды талап етеді.

 

Дастан Әкебаев,

Экономикалық зерттеулер институты сараптамалық қолдау орталығының

директоры