• RUB:
    6.33
  • USD:
    513.74
  • EUR:
    569.17
Басты сайтқа өту
Жәдігер 04 Ақпан, 2025

Батырдың қылышы тапсырылды

110 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінің де­путаттары Ардақ На­заров пен Айдарбек Қожа­назаров Ұлттық музей қо­рына Жанқожа батыр Нұр­мұхамедұлының қылы­шын тапсырды. Та­ри­хи жәдігерді музей дирек­то­рының мін­де­тін ат­қарушы Берік Әбді­ғалиұлы салтанатты рәсім­мен қабылдап алды.

«Ұлттық музейдің негізгі миссиясы – тарихи жәдігерлерді жинау, толықтыру, халыққа жеткізу, сақтау. Жанашыр азаматтардың қолдауымен сыртқа кеткен кұн­ды жәдігерлерді елге қайтару, халықпен табыстыру жұмысы музейде жолға қойылған. Бізде біраз сондай заттар бар. Алда олар жайлы сыр шертетін жинақ шығарамыз. Өз қаражатымен музей қорын толықтыруға үлес қосқан азаматтардың тізімін, былайша айтқанда, «Алтын кітабын» дайындауды бастадық», деді Берік Әбдіғалиұлы.

Айта кетейік, батырдың қы­лышы – ХІХ ғасырға тиесілі жәді­гер. Ардақ Назаров Жанқожа батырдың елдік жолындағы ерлігіне тоқталып, қылыштың та­рихын айтып берді. Оның айтуын­ша, жәдігер украиналық із­деуші мамандардың қолына түс­кен. Олар кейін мұны Ресей­ге жібер­ген. Арнайы сараптамадан өткен соң Қазақстан аза­маттарына та­быс­талған. Жәді­гердің екі жа­ғында арабша жазу бар. Бірінде «Жан­қожа Нұрмұхамедұлы баһадүрге сау­рат (сыйлық)», екіншісінде «Со­зақ, 1845 жыл» деп жазылған.

«1845 жылы Кенесары хан бастаған қазақтың батырлары Созақты қоқандық басқын­шы­лардан азат еткен кезде қылышты Кенесары сыйлаған деп айтылады. Өйткені бұл шайқас кезінде Жанқожа батыр әскерімен ерекше ерлік көрсетті», деді А.Назаров.

Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жыр­шы Алмас Алматов батыр туралы тарихи деректерді сөйлетіп, эпос­тық жырлардан мысал келтірді.

«Жанқожа Нұрмұхамед­ұлы­ның тарихтағы орны, ұлт-азат­тық көтерілістің басшысы болға­ны жөнінде өте кең мағлұматтар соңғы уақытта зерттеліп жатыр. Бірақ жеке басына тиесілі жәдігерлер туралы дерек аз еді. Батырды оққа байлаған кезде әуелі атын алып кетеді. Одан кейін қа­ру-жарағы алынады. Қылышы да олжаға кетіп, әрі қарай Ресей ­асып, енді елімізге оралып отыр. Со­ған қолұшын берген азамат­тар­ға көп­тен-көп рахмет!», деді ол.

Бұл жә­дігер­лікті Ұлттық музей мамандары әрі қарай зерттей түседі деп сенеміз.