• RUB:
    6.62
  • USD:
    519.29
  • EUR:
    613.28
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Ақпан, 2025

Орман өсіретін өрендер

70 рет
көрсетілді

Орал қаласындағы №47 Қадыр Мырза Әлі атын­дағы орта мектеп оқушылары орманшылармен бірігіп, боз арша және арша тұқымды бұталарды тұқымынан өсіруге кірісті.

Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қолға алынған бұл бастамаға Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің қызметкерлері жетекшілік жасайды. Қаңтар айының соңында арнайы ыдыстарға егілген титімдей дәннің тамыр тартып, өсіп кетуін Қадыр мектебінің оқушылары күн сайын қадағалап келеді. Олар биология сабағында арша тұқымдарын контейнерге өз қолдарымен еккен еді. Оқушылардың әрқайсысына бекітілген ыдыс, құралдары бар. Ал Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі басшысының көмекшісі Темірлан Темірғалиев өскіндерді күтіп-баптаудың қыр-сырын жас бағбандарға жалықпай үйретеді.

Егілген арша дәнектері ойдағыдай өсіп кетсе, көктем­де мектептің ауласына «қоныс аударады». Осылайша, мектептің айналасы жайқала түспек.

Батыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» эко­логиялық акциясы «Жасыл аймақ», «Таза өлке», «Киелі ме­кен», «Өнегелі ұрпақ» және «Мөлдір бұлақ» атты 5 ке­зең  бо­йын­ша жүріп жатыр. Экологиялық акцияларға ерік­­тілер, студенттер, белсенді жастар, қала тұрғындары, жал­пы саны 7,5 мыңнан аса адам қатысыпты. Ал «Біз таза ел үшін» атты қоқыс жинау эстафетасы кезінде 200-ге жуық адам 6 командаға бөлініп, қаланы 3 тонна қоқыстан тазалап шыққан.

 

Батыс Қазақстан облысы