• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Ақпан, 2025

Қарғын суды тиімді пайдаланудың амалы

286 рет
көрсетілді

Былтыр көктемде су тасқынынан еліміз үлкен әбігерге түсті. Биыл қарғын суды ел қажетіне жарату қаре­кеті қалай жүріп жатыр?

Суқоймаларының режімі реттеліп жатыр

Су және ирригация министр­лігінің хабарлауынша, суқойма­ларының жұмыс режімі реттеліп, бос сыйымдылық құру жүр­гізіліп жатыр. Бөгеттерді нығайту мен өзен арналарын тазарту да күн тәртібінде тұр. Гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру мен өзендердің су өткізу қабілетін арттыру шарасы да назардан тыс қалмайды.

«Жергілікті атқарушы органдармен және құтқару қыз­меттері­мен өзара іс-қимыл жос­­пары әзірленді. Зерттелген халық­­аралық тәжірибеге сәйкес, су тасқынын басқарудың ұзақ­мерзімді стратегиясы заңнамалық деңгейде жаңа Су кодексінде ай­қындалады. Оны іске асыру үшін қажетті іс-шаралар су ре­сурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған тұжы­рымдамасында және су саласын дамытудың 2024–2028 жылдарға арналған Кешенді жос­парында көзделген», дейді Су ресурстарын пайдалануды реттеу бас­қармасының басшысы Сәкен Әтел.

Қолға алынған жобалар қа­тарында жалпы көлемі 2,6 млрд текше метр болатын 42 жаңа су­қоймасын салу мен жобалық көлемі 3,7 млрд текше метр болатын 37 су­қоймасын қайта жаңарту ісі бар. Бұл шара су тасқыны кезеңінде олардың сенімді жұ­мысын қамтамасыз етіп, гидротехникалық құрылыстардың өткізу қабілетін едәуір арттырады.

 

Жинақталған су көлемі бақылауда

Қазір суқоймаларының орташа жинақталуы солтүстікте 67%-ды, оңтүстікте 68%-ды, батыста 39%-ды, шығыста 78%-ды, орталықта 82%-ды құрайды. Қаң­тарда «Қазгидромет» РМК бассейндік инспекциялар және Төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД) қызметкерлерімен бірге су тасқыны қаупі бар учаскелерде қар өлшегіш түсірілімін жүргізді. Осы деректер негізінде консультативтік гидрологиялық болжам дайын­далған. Алынған болжам негізінде министрлік тасқын суларды тиімді өткізуді қам­­тамасыз ету үшін су­қойма­ла­рының оңтайлы жұмыс режіміне есептеу жүр­гізіп жатыр.

«Солтүстік Қазақстандағы Сер­геев пен Петропавл суқой­маларында жобалық көлем дең­гейінен асыра толтырған кезде авто­матты түрде ысырмалар жотасы арқылы төгу жүзеге асырылады. Бұл құрылыстарды жобалық көлем­­нің 97-100% толтыру мүлде алаң­дау­шылық туғызбайды. Елді ме­кен­дерді су басу қаупін азайту үшін облыс әкімдігі Есіл өзенінің өткізу қабілетін арттыру бойынша жұмыс жүргізіп, қорғаныш бөгетте­­­рін нығайтып жатыр», деді Су ресурстарын пайдалануды реттеу басқармасының бас сарапшысы Рамиль Сәрсембаев.

Тасқын кезеңінде жедел өзара іс-қимылдың маңызды екенін еске­ріп, өткен жылы Қазақстан–Ресей жұмыс тобы құрылған. Негізгі мін­деті – суқоймаларының жұмыс режімі туралы жедел ақпарат алмасуды қамтамасыз ету, тараптардың іс-қимылын келісу. 5 ақпан күні өткен жұмыс тобының бірінші отырысында тасқын кезеңіне дайын­­­­дық жұмысы пысықталды. Сондай-ақ министрлік әкімдіктермен бірлесіп елді мекендерге жақын өзен­дердің су тасқыны қаупі бар учас­келерін санациялау жөнін­­де­­­гі 2025–2027 жылдарға арналған ұйым­дастыру іс-шараларының Жол картасын бекітті. Оған сәйкес, 10 облыста 51 өзен учаскесі мен 1 көл анықталды. Онда бірінші кезекте жалпы ұзындығы 814,06 км өзендерді санация­лау қажет. Бүгінде Атырау облысындағы Жайық және Қиғаш, Батыс Қазақстан облысында Шаған өзендерінің арналарын санациялау жұмыстары басталды.

 

Tasqyn АЖ әлеуеті қандай?

Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде Tasqyn АЖ су тасқынын болжау мен модельдеудің ақпараттық жүйесі әзірленген. Ол ықтимал төтенше жағдайларды ­модельдеуге, стратегиялық ше­шім­дер қабылдау үшін тиісті болжамдар жасауға мүмкіндік береді.

Әдістемеге сәйкес, уәкілетті органдар ақпараттық жүйеге гид­рометеожағдайлар бойынша болжамды деректерді, суқой­ма­­­­­ла­рының деңгейі, су жіберілуі бо­йынша мәліметтерді ұсынады және қолда бар деректер негізінде жүйе су тасқы­нының ықтимал сценарийлерін модель­­дей­ді.

Сонымен бірге бірлескен іс-қимылдар алгоритмі де дайын­далған. Алгоритмге сәйкес, Tasqyn АЖ-ға күн сайын деректерді енгізіп және жаңартып, суқоймаларының жай-күйіне мониторинг жүр­гізіледі.

Соңғы жаңалықтар