Отандық әртістердің әлемдік өнер кеңістігінде мойындалып жатқаны қуантады. Әсіресе кейінгі жылдары кино мен театр саласында сүйіншілейтін жаңалық мол. Соның бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, актриса Алтынай Нөгербектің «Netflix» жобасы аясында Испания мемлекетінде түсірілген ауқымды тарихи туындыға қатысуы дер едік. Күні кеше ғана кәрі кұрлықтан шығармашылық мол тәжірибе һәм тұшымды жаңалықтарымен елге оралған өнер иесін әңгімеге тарттық.
– Алтынай Бауыржанқызы, испан жерінен табысты оралыпсыз. Құтты болсын! Жалпы, жоба туралы айтып беріңізші, фильм не туралы?
– Рахмет. Біз түскен фильм «Келісім» («Перемирие») деп аталады. «Netflix» ұсынған айтулы эксклюзивті жобаның сюжеті КарЛаг лагеріндегі адамдар мен олардың осынау қиын кезеңдегі өмірі туралы баяндалады. Қарағанды лагерінде әлемдегі түрлі саяси жағдайларға байланысты көптеген ұлт өкілі тұтқында болған. Сондай ұлттың бірі – испандар. Екі испан ұшқышының тағдыры баяндалатын фильмге түрлі адами құндылық, қиындық пен жеңіске деген ұмтылыс, Отанға деген сағыныш, болашаққа сенім, махаббат сынды сезімдер арқау болған. Қазақстан мен Испания киногерлері бірігіп түсірген туындының режиссері – әйгілі «Қағаз үй» телехикаясының режиссері Мигель Анхель Вивас. Біз Витория қаласында тұрдық, бірақ түсірілімнің барлығы Бильбао қаласында өтті. Бильбаоның маңында кәдімгідей саз, балшық, сұп-сұр қабырғалардан лагерь тұрғызылды. Түсірілім алаңына келгенде шынымен де сол бір тарихи қиын дәуірге енгендей сезімде болдық. Бәрі нанымды, шынайы. Айтулы жобаға шығармашылық топтың үлкен дайындықпен келгені байқалып тұр.
– Фильмге іріктеу жұмыстары қалай өтті? Басқаша айтсақ, испан режиссерінің таңдауына қалай іліктіңіз?
– Оның тарихы әріде жатыр. Олай дейтінім, бұл мен үшін өте қызықты әрі ұзақ күткен жоба болды. Өйткені идеяның басы сонау 2019 жылдан басталған еді. Біз «Анаға апарар жол» картинасымен Испанияның Мадрид қаласында көрсетілімде болдық. Сонда елші бізді қарсы алып, әңгіме үстінде: «Неге испандар туралы тарихи фильм түсірмеске? Олардың Қарағандыда лагерьде отырғанын тарихтан білеміз ғой. Соны неге Қазақстан мен Испания бірігіп ортақ жоба ретінде іске асырмасқа?» деп ой тастаған болатын. Бұл ұсынысқа біз де елең етісе қалдық. Алайда көрсетілім бітіп, бәріміз жан-жаққа тарап кеттік. Осылайша, өмір өз ағымымен кете берді. Содан 2020 жылдардың басы болуы керек, айтулы фильмнің түсірілім жұмыстары қолға алынғаны туралы сүйінші жаңалықпен хабарласқан ұйымдастырушы бірнеше нұсқада бейнесынақ түсіріп жіберуімді өтінді. Айтқанын орындап, бейнематериалды жолдағаныммен, арадағы байланыс ұзақ уақытқа үзіліп қалды. Ортада пандемия басталып, тіпті хабарсыз кеттік. Сөйтіп жүргенде ол жоба туралы мүлдем ұмытып та кетіппін. «Сірә, іске аспаған болар» деп ойлап, күдерімді үзген болуым керек. Бірақ біраз уақыттан кейін тағы да ұйымдастырушылар хабарласып, Алматыға кастингке шақырды. Өкінішке қарай, режиссердің өзі қатыса алмай, іріктеу онлайн өтті. Көп ұзамай «Рөлге бекітілдіңіз» деген ақжолтай хабар жетті. Бәрі осылай басталып кетті.
– Рөліңіз туралы айтып беріңізші. Анар бейнесі несімен ерекшеленді?
– Мен кейіптеген Анар бейнесі – қосалқы рөлдің бірі. Ол – лагерь маңында орналасқан ауылдың қарапайым тұрғыны, абзал аналар бейнесінің жиынтық образы. Тарихтан білетініміздей, ата-бабаларымыз зұлмат заман, қиын-қыстау кезеңде де адамдық қалпын жоғалтпай, киелі жерімізді мекен еткен бар ұлтқа бірдей қарап, қолынан келген барлық мейірім, шапағатын төккен ғой. Өзінің жағдайы жоқ болса да, өзгеге барын беріп, мейірімділік, жомарттық танытқан. Бұл фильмде менің кейіпкерім сондай кейіптегі ананың рөлінде сарапталды. Режиссермен кездескен кезде «Анар ұғымы Отан сөзінің синонимі болуы керек» деп бағыт-бағдар берді. Осы сөз маған қатты ұнады. Режиссердің нені көксегенін де бірден ұғып, сол жолда іздендім. Жалпы, бұл жобаға менімен қосқанда елімізден барлығы төрт актер бекітілді. Дина Тасболатова Айсұлу деген кейіпкерді ойнаса, Ораз есімді бейнені ұзақ жылдан бері Испанияда тұратын, кішігірім түсірілімдерге түсіп, тәжірибе жинақтап жүрген испан тілін жетік білетін Фараби Ақкөзов бауырымыз кейіптеді. Сонымен қатар Алматыдағы М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының әртісі Сергей Уфимцевті де айтулы жобадан көре аласыздар. Қалғаны – испандар, орыстар, басқа ұлт өкілдері. Әр рөлдің өз желісі, мінезі бар. Мәселен, мен кейіптеген Анар бейнесі ел анасы болса, Ораз – қазақ интеллигенциясының көрінісі. Ал Айсұлу – қазақ әйелінің, қазақ жарының жарқын кейпінде көрінеді. Өзіме осы Айсұлу бейнесі қатты әсер етті. Қыз да болса оның бойында ұлтқа деген керемет махаббат жатыр. Бас кейіпкерге ғашық бола тұра, сезімге ерік бермей, ұлт мүддесі жолында ұлы мұраттарды таңдаған шешімі шынымен де жүрек тебірентті. Қазақ қыздарының парасаттылығына бас игізеді. Мұндай қыз-келіншектер қазақ тарихында өте көп қой. Тағдырдың небір тауқыметіне қайыспай төтеп берген Алаш арыстарының рухты әйелдерінің өмірі неге тұрады? Айсұлу бейнесі сондай абзал жандардың жиынтық бейнесін көз алыма алып келді.
– Кино саласында табысты тәжірибесі бар мамансыз. Десе де испандық түсірілім тобымен ортақ жобада жұмыс істеудің қандай ерекшеліктері бар екен, аңдай алдыңыз ба?
– Жалпы, испан халқы табиғатынан жайбарақат, күнделікті жай өмірдің өзінде демалып жүргендей әр сәтінің бар рахатын сезініп, қызығын, қуанышын қалқып алуға ұмтылатын ерекше халық қой. Соған қарамастан олардың нақты іске келгенде айрықша ұйымшылдығы, жүйелі дайындығы мен асқан жауапкершілігі, аз уақытта көп нәтижеге жету ұмтылысы мені айрықша тәнті етті. Оларда жұмыс уақыты 8 сағат па, сол уақытқа барлық шаруаны сыйғызады. Одан артық жұмыс істемейді. Біздегідей «жұмыс басталып кетті ғой, соңына жеткізіп аяқтай салайық» деп көңілжықпастыққа салып белгіленген уақыттан артық жұмыс істеп, түнімен түсірілім алаңында жүру әдеті, асығып-аптығып жүгіру деген әрекет мүлдем жоқ. Барлығы өз уақытымен жүзеге асады. Ал сенбі мен жексенбі міндетті демалыс күндері саналады. Тағы бір таңғалғаным, жұмыстың әрбір бөлігіне жіті мән беріп, түсірілімге қатысушы актерлерден алаңға барлық жағынан толық дайындықпен шығуын талап етеді. Ізденіс пен дайындық жұмысына көп уақыт бөледі екен. Нәтижесінде, қажетті көріністі бір-екі-ақ кадрмен түсіріп ала қояды. Шығармашылық топтың сондай жинақылығы, ал режиссердің әр актермен жекелей отырып ұзақ әңгімелесетіні, мақсатты нақты қоя білетіні маған қатты ұнады. Режиссер Мигель Анхель Вивас мырзамен түсірілім алаңында жақсы сыйласып, шығармашылығыма оң ықпалын тигізетін жемісті тәжірибе жинақтай алдым деп ойлаймын. Әрине, бұған дейін де Ресей, Қытай және тағы да басқа шетелдік ауқымды жобаларда жұмыс істедім ғой. Әйтсе де бұл кинокартинадағы әсерім айрықша. Бір сөзбен айтқанда, «Netflix» жобасы – фильмографиямдағы тың тәжірибе болғаны сөзсіз. Бұйырса, түсірілім тобы премьераны осы жылдың жаз мезгіліне жоспарлап отыр. Ал күзде Испанияның Сан-Себастьян қаласында өтетін халықаралық фильм фестиваліне қатысады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»