• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Жемқорлық 12 Ақпан, 2025

Жемқорлардың жымысқы әрекеті әшкереленді

70 рет
көрсетілді

Елімізде әділ қоғам құру жолында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан күрес қанат жайып келеді. Құқық қорғау органдарының белсенді қызметінің арқасында әр өңірде жаға ұстатар жайлар анықталып жатыр. Бір жағынан қылмыстың ашылғаны көңіл қуантса, екінші жағынан мемлекет қазынасына қол салушылардың қарасы қалың болуы алаңдатады.

Қостанай облысының Меңдіқара ауда­нында прокурорлар 2023 және 2024 жылдарға арналған ішкі еңбек нарығын қорғауға, жұмыспен қам­ту­ға жәрдемдесуге, сондай-ақ жұмыс­сыз­дар мен өзін-өзі жұмыспен қам­тығандарға арналған бюд­жеттік қара­жат­ты жұмсаудың заңдылы­ғын сақтау мәселесімен тексеру жүргізген еді. Соның барысында 2023 жылдың мамыр айында қоныс аударушы Ж. мемлекеттік субсидияны пайдала­нып, Соснов ауылдық округінің Прио­зерное ауылынан пәтер сатып ал­ға­ны анықталды. Тексеру кезінде аталған адамның бұл мекенжайда тұр­майтыны, іс жүзінде осы ауылдық округ­тегі Харьковское ауылында мекендейтіні анықталды. Ал алынған үй жария­ланған құнына сәйкес келмейтіні және өмір сүруге жарамсыз екені бел­гілі болды.

Ж.-ның үй сатып алуында жалған әрекет белгілерінің болуына байланысты процестік шешім қабылдауға Қылмыстық кодекстің 190-бабының 1-бөлігіне (алаяқтық) сәйкес аудандық полиция бөліміне жолданды. Сотқа дейінгі тергеу барысында куәгерден (үйді сатқан адам) жауап алынып, ол үйін 350 000 теңгеге сатқанын, ал 4 млн теңгені, яғни субсидияны Ж.-ның нұсқауымен кейіннен оған көрсеткен банк шоттарына аударғанын түсіндірді. Сондай-ақ банк сертификаттары қаражаттың жылжымайтын мүлік сатушысына аударылмағанын растады.

Былтыр 10 шілдеде Меңдіқара аудан­дық сотының үкімімен Қылмыс­­тық ко­декстің 190-бабы 3-тармағының 1) тар­мақ­шасына сәйкес қылмыс жасағаны үшін Ж. кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бос­тан­дығынан шек­телді, сонымен қатар үкім бойынша аудан әкімдігінің пайдасына 4 млн теңге көлемінде материалдық шығын­ды өндіріп алу туралы талап қана­ғаттандырылды. Жуырда үкім заңды күші­не еніп, әділдік салтанат құрды.

Кейінгі жылдары жаппай тексеріс арқылы көп мекемеде есепшілердің жемқорлық құқықбұзушылыққа тікелей қатысы бары анықталып жатыр. Олар ақ­шамен айналысатын адам болған­дық­тан, кейде өз еріктерімен, кейде басшыларының нұсқауымен заңнан аттап жататыны белгілі болып отыр. Сондай жағдайдың тағы бірі Ақтау қаласында тіркелді. Қалалық прокуратура жергілікті балабақшаның бірінде бюджет қаражатын заңсыз иемдену дерегін анықтаған. Атап айтқанда, №39 «Хиуаз бөбекжай» балабақшасының есепшісі директорының атынан банк құжаттарына қол қойып, өзінің есепшотына мемлекет бюджетінен 9 млн теңгеден аса қаражатты заңсыз аударғаны анықталды. Көрсетілген дерекпен сот есепшіге қатысты ҚК-нің 189-бабы 3-б. 1) тармақшасымен үкім шығарып, 3 жыл 6 айға мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Ал Қостанай облысының Бейімбет Майлин ауданында орын алған мына оқиға тым сорақы. Мұнда аудандық мәслихат төрағасы мен депутаты сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікке ілігіп отыр. Жергілікті Сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы қызмет аталған азаматтарға қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Мәслихат төрағасы, онымен байланысы бар фирманың жергілікті мемлекеттік мекемелермен мемлекеттік сатып алу шарттарының талап­тарын орындамауына байланысты аудит барысында анықталған бұзушылықтар бо­йынша шара қолданбағаны үшін депу­тат арқылы облыстық Ішкі мемлекеттік аудит департаменті қызметкерлеріне 2 млн теңге пара берді деп айыпталып отыр. Биыл 23 қаңтарда қадағалаушы прокуратура айыпталушыларды сотқа берді. Әзірге Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Әділетті Қазақстанды құру жолында сыбайлас жемқорлық секілді ауыр қылмыс­пен күрес жалғаса береді. Мемлекеттің әл-ауқатына, ха­лық­­тың тұрмыс-тіршілігіне тікелей соққы болып тиетін мұндай құқық­бұзу­­шылықпен күрес тұрақты жүр­гізілгенде ғана әділ қоғам орнайтыны ақиқат.

Соңғы жаңалықтар