Бірінші бол немесе өзгеше бол! Маркетинг саласының мызғымайтын қағидасы – осы. Сөзіміз дәлелді болу үшін спорт әлеміндегі креативті жарнамадан мысал келтірейік.
2000 жылы атақты боксшы Майк Тайсон мен британдық былғары қолғап шебері Джулиус Фрэнсис арасындағы жекпе-жек өтті. Бұл кездесуде Тайсонның жеңіске жететініне көпшілік еш күмәнданбады. Осы сәтті ағылшынның «The Mirror» газеті ұтымды пайдаланбақ болды. Қалай дейсіз ғой? Олар Фрэнсистің бокс аяқкиімінің табанына өз логотипін жабыстырып, «жанашырлық» танытты. Сонымен көптен күткен бокс бәсекесі басталғанда-ақ, Тайсон қарсыласының аяғын көктен келтіріп, бес рет нокдаунға жіберді. Осылайша, Фрэнсистің табаны бірнеше рет камераларға анық көрініп, «The Mirror» газетінің жарнамасы миллиондаған көрерменнің назарына ілікті. Мінекей, бұл – минималды шығынмен максималды әсерге қол жеткізген ұтқыр жарнаманың үлгісі.