Шерхан Мұртазаның «Жүрекке әжім түспейді» әңгімесін оқыған сайын жақсы тақырыптың жарты мақала ғана емес, тіпті тұтас туындының жүгін көтеретін құдіреті бар екендігіне одан сайын көз жете түскендей болады.
Жүрекке әжім түспейді... Шынымен де, осы бір-ақ ауыз сөз әңгімені оқыған әр оқырманның жүрегіне өшпестей жазылары анық. Өзінің де өткенін (бәлкім бүгінгі күйін), өміріндегі сәулелі сәттер мен жүрегінің түкпірінде аялаған (мүмкін жасырған) аппақ армандарын алақанына салып, бір сәтке жан тереңіне үңіліп, толғанары хақ. Сонда өзі де алыстағы Энжесін сағынып, ғұмыр бойы ғашығына ынтыққан Сағын ақсақалдың аппақ әлемі мен ішкі толғаныстарының ішіне түсіп кеткендей сөзбен айтып жеткізгісіз сұмдық бір сәулелі сезімді бастан кешері сөзсіз. Себебі жүрегі бар пенденің қай-қайсысының да мына өмірде махаббатқа бір жолықпай кеткені (өткені) жоқ шығар. Ал сексенге келіп те сезіміне селкеу түсірмей, адамдық арына адал бола алу – үлкен ерлік. Ондай қасиет тек жүрегі таза, жаны кіршіксіз жандардың маңдайына бұйырған бақ болса керек.
Есіңізде ме, Сағын ақсақалдың: «Уақыт, көп болса, сенің бетіңді әжімдеген шығар, ал жүрекке әжім түспейді» деген бір-ақ ауыз сөзіне қанша мағына, тіпті өмірдің бүкіл пәлсапасы сыйып жатқан жоқ па? Осы сөзді айтқан кейіпкерді қалай кемеңгер, айтқызған жазуының жүрегін қалай ғарыш демессің?
Жалпы, Шерхан Мұртазаның жазушы ретінде, әсіресе әңгіме жазудағы шеберлігі осындай көңілдің ішкі иірімдерін асқан сезімталдық һәм сұңғылалықпен сезіне отырып, содан өмірдің өлмейтін құндылықтарын әспеттей алғанында, байыппен байқай білгендігінде жатса керек. Әйтпесе жүрек дейтін бір кесек ет бәрімізде де бар ғой. Ал соған әжім түсірмей, көңіл көзін кірлетпей өмір бойы оны әсемдік пен тазалыққа бағыштай алғанымыз қайсы?
«Ауру адамдай мең-зең халге душар болдым. Бозым бозбала шаққа қайта оралғандай, жүрегі түскір тәтті бір сезімнен уылжып қоя берді. Адам қартайса бала болады, деуші еді бұрынғылар. Сол рас, «бала болдым ба?» деймін өзіме өзім. Бірақ есіл-дертім Энжеде. Қартайғанда қара басты ма, мұнша толқып, топалаң тигендей аласұрған не деймін».
Әңгімедегі Сағынның осы бір сөзі-ақ шын сүйген жанның көңілі мәңгілік көктем, жаны жайқалған жаз екендігін ұқтырмай ма? Демек жүрекке де әжім түсірмеу осындай адал сезім, ақ адал пейілмен астасып жатса керек, біздіңше. Иә, мынау аппақ ғаламда пенделіктің, тұрмыстың тұсауына былғанбай, ғаламның ғажабын көкірек көзімен көре алудың өзі де теңдессіз тарту шығар. Әйтпесе сексенге келмей-ақ сезімін суытып, жүрегін кірлеткендер қатарымызда қаншама? Бұл алағай да бұлағай шақта жүрегін сақтай алғандар – шын бақыттылар!