Елімізде қосылған құн салығына (ҚҚС) қатысты пікірлер ұсынысы талқыланып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәселеге қоғамның, бизнес-қауымдастықтың пікірі ескерілетінін айтты.
Кеше Үкіметтің экономикалық блогінің делегациясын Алматыға бастап келген Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин елдегі бизнес нысандарының 65 пайызы Алматыда екенін, осы мәселеге қатысты қоғамдық пікір де Алматыға қарап көш түзейтінін айтты.
Сондай-ақ кездесуге Қаржы министрі Мәди Такиев, Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмірин, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Райымбек Баталов, Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығы, туристік компаниялар мен басқа да салалық бизнес бірлестіктері, 50-ден аса ірі және шағын бизнес өкілдері тәуелсіз сарапшылар қатысты. Кездесуде ҚҚС бойынша тіркеу шегін 15 млн теңгеге дейін төмендету және арнайы B2C режімдегі қызмет түрлерінің аясын тарылту кәсіпкерлердің көтерген негізгі мәселелері болды. Салық төлеушілерді тіркеу үшін реформа шеңберінде белгіленген шек шағын бизнестің одан әрі жұмыс істеуіне кедергі болуы мүмкін және кәсіпкерлер салық салуды болдырмау үшін өз кәсіпорындарын бөлшектеуге немесе өз қызметінің бір бөлігін жасыруға мәжбүр болады.
«Жыл сайын мемлекет ҚҚС бойынша есепке қоюдың жоғары шегіне байланысты бизнесті бөлшектеуден шамамен 800 млрд теңге табыс салығын жоғалтады. Іс жүзінде бізде орта бизнес бар, бірақ заң жүзінде жоқ. Бұл тетіктерді енгізу – ҚҚС бойынша есепке қою шегін төмендету әрі жеңілдетілген арнайы режім тек B2C – бұл кәсіпкерлікке қарсы күрес емес, көлеңкелі экономикаға қарсы күрес. Салық төлейтін адам төлемейтіндермен адал бәсекелесе алмайды. Ал әділ салық салуға ұмтылуда бизнесті жаппай қолдаусыз мемлекеттік органдар көлеңкелі экономикамен толыққанды күресе алмайды», деп атап өтті А.Әмірин.
Еңбекақы төлеу қорына жүктемені азайту бойынша сауалдарға да жауап берілді. Кәсіпкерлердің әлеуметтік салықты және міндетті зейнетақы жарналарын төлеуді жою бөлігінде бұрын ұсынылған реформа ҚҚС мөлшерлемесі 20%-ға дейін көтерілген жағдайда жүргізілуі мүмкін екене атап өтілді. Онда мемлекет жұмыс берушінің орнына әлеуметтік аударымдарды жабуға кіріс алады. Бірақ қазіргі уақытта ұсынылып отырған 16% ҚҚС мөлшерлемесімен әлеуметтік аударымдарды өзгеріссіз қалдыру ұсынылады.
Кездесуде спорт клубтары, ақпараттық қауіпсіздік, медицина, жеңіл өнеркәсіп, туризм және басқа да салалар бойынша бизнес өкілдері сөз сөйледі. Кездесу қорытындысы бойынша С.Жұманғарин қатысушыларға сындарлы диалог үшін алғыс білдіріп, барлық ұсыныс салық реформасы жобасын Мәжілістің қарауына шығарар алдында Үкіметтегі жұмыс топтарында қаралатынын атап өтті.
АЛМАТЫ