Павлодар облысында бес мұз өткелі ашылды. Олардың барлығы Ертіс өзені үстінде орналасқан. Өткелдер Май, Аққулы, Тереңкөл аудандарында пайдалануға беріліп, мұз үстінде жаяу жүргіншілермен қоса, автокөліктер де қозғала бастады. Мамандар қозғалыс ережелері мен қауіпсіздік шараларына сақ болуды ескертеді. Себебі жергілікті атқарушы органдар оларды арнайы қалқандармен, құтқару құралдарымен қамтамасыз етпеген.
«Өткелдердегі мұздың қалыңдығы 40-тан 70 сантиметрге дейін жетеді. Ішкі істер министрлігінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы №34 бұйрығына сәйкес, мұздың қалыңдығы 25 сантиметрден асса, автокөліктердің өтуіне, 10 сантиметрден асса, жаяу адамның жүруіне рұқсат беріледі. Бірақ бұйрықта өткелдерден түсетін жерлерде екі жақтан да орнатылған қалқандарда арнайы қысқы құрал-жабдықтар (ілгектер, сатылар, құтқару шеңберлері, бөренелер) қойылуы керектігі ескертілген. Бұған қоса кіреберістерде өткелдің атауы, жұмыс уақыты, оны құру мен ұстауға жауаптылардың деректері көрсетілген маңдайшалар орнатылады. Әрі ол жердегі мұздың қалыңдығы күніне 2 рет өлшенуге тиіс. Мамандарымыз ашылған өткелдерді шолып шығып, тиісті жағдай жасалмағанына көз жеткізді. Атқарушы органдарға ескерту жасап, прокуратураға хат жолдадық. Заң бойынша, шағым түспейінше немесе тапсырма берілмейінше, өз бетімізбен тексеріс жүргізе алмайыз. Егер құзырлы орган рұқсат етсе, тексерісті бастаймыз әрі тиісті шаралар қабылдаймыз», дейді өңірлік төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін атқарушы, подполковник Ерлан Қасымов.
Аймақтағы мұз жолдары негізінен мал азығы мен отын тасуға пайдаланылады. Қазір Май ауданының Баскөл, Аққулы ауданының Ямышев, Тереңкөл ауданының Тереңкөл, Береговой, Песчан ауылдарында өткелдер жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта Тереңкөлде тағы біреуі ашылады деп жоспарланған.
Е.Қасымов аймақтағы мұз өткелдерінің саны өткен жылмен салыстырғанда едәуір аз екенін айтып өтті. Былтыр 13 мұз өткелі болған.
«Арқа даласында биыл жылдағыдай аяз жоқ, соған сай Ертіс өзенінің ортаңғы тұстарында мұз қатпаған жағдай жиі кездесіп отыр. Әрі өзенге Ақсудағы жылу-электр стансасынан шығатын жылы ағыс құяды. Ол да мұздың жеткілікті қатпауына әсер етеді. Өткелдерде мұз нормаға сай келмесе, талапқа сай жарақталмаса, адамдар мен автокөліктерді өткізуге болмайды. Ондай мұз жолдарында қауіп кез келген сәтте туындауы ықтимал», дейді маман.
Төтенше жағдай қызметкерлері мұз үстіне көлікпен шыққанда баяу жүру керектігін, тежегішті бірден баспау керектігін ескертеді. Мұзда тоқтауға, бұрылуға, өзге автокөлікті басып озуға болмайды. Мұз үстінен өтпес бұрын жолаушыларды түсіріп, қауіпсіздік белдігін шешіп тастау керек. Жүргізуші жақтағы есікті ашық қалдырған дұрыс. Рұқсат етілмеген жерлерде балық аулауға, шұңқырлар жасауға, мұз үстіне шығуға болмайды.
Павлодар облысы