Ұлттық қорғаныс университетінде кейінгі жылдардағы қарулы қақтығыс мысалында әскерлерді моральдық-психологиялық қамтамасыз етуді жетілдіру мәселелері жөнінде дөңгелек үстел өтті. Жиынға Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев төрағалық етті.
Моральдық-психологиялық тұрақтылық – әскерлердің жауынгерлік қабілетінің негізгі құрамдас бөлігі. Сондықтан салада заманауи әдістер мен тәсілдерді тәжірибеге енгізу, дәйекті және жүйелі жұмыс істеуге ерекше назар аудару маңызды. Бір жағынан, қазіргі заманғы соғыстың нәтижесі жеке құрамның техника мен қаруды шебер меңгеру қабілетіне ғана емес, сонымен қатар оның психологиялық көңіл күйіне, әскери қызметшілердің қызметіне қолайлы жағдай жасауға, олардың нақты әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыруға байланысты. Мұны ескерген министрдің орынбасары жиында бұл тек психологиялық тесттер не жеке әңгіме жүргізумен шектелмей, сарбаздардың күнделікті және оқу-жауынгерлік шаралары барысында да жүргізілуі қажет екенін айтты.
– Әскерилердің жауынгерлік қабілетін анықтайтын негізгі критерийдің бірі – олардың моральдық және психологиялық күйі. Өйткені әскери қызметшілердің шайқаста қорқынышты жеңуі және жеңіске деген ерік-жігерін сақтауы, тапсырманың сәтті орындалуы қауіп-қатерлерге, шиеленістерге және ұрыс жағдайларына қалай ден қоюына байланысты. Демек сарбаздар мен офицерлерде бұл факторлардың тұрақты болуы жауынгерлік іс-қимылда қарым-қабілетін көрсетеді, – деді генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев.
Тіпті осы сабақ барысында жауынгерлік даярлық бойынша төмен баға алған, үйреткенге немқұрайлы қарайтын, шынықпаған, әлсіз және қызметке бейімделуде неше түрлі қиындықтарға тап болған әскери қызметшілерге ерекше назар аудару қажет деген пікірде. Оның үстіне психоэмоционалдық күй жеке құрамға шығындарға, жағдайлардың ауырлығына не ресурстардың жетіспеушілігіне қарамастан, жауынгерлік рух пен күш-жігерді сақтауға мүмкіндік береді. Сәйкесінше бөлімшенің жауынгерлік тиімділігін айтарлықтай арттырады.
Дөңгелек үстелде Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері және Әскери-теңіз күштері бас қолбасшыларының орынбасарлары да көзқарасымен бөлісті. Олар моральдық-психологиялық әсер етуде психологиялық, ақпараттық-тәрбиелік және әскери-әлеуметтік жұмыс сынды компоненттерге жеке-жеке тоқталды.
Басқосуға бейінді департамент өкілдері, ҰҚУ жан-жақты қамтамасыз ету факультеті әскери оқыту және тәрбие кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Бейнеконференция арқылы жеке құрамның моральдық-психологиялық тұрақтылығын нығайту мәселелерін талқылауға әскер тектерінің және өңірлік қолбасшылықтардың лауазымды адамдары да қосылды.
Бұған қоса басқосуға Қарулы күштер Тыл бастығы басқармасының және әскери бөлімдердің өкілдері де қатысты. Олар әскерлерді моральдық-психологиялық қамтамасыз етуді нығайту жөніндегі өз ұсыныстарын ортаға салды.
Жиын қорытындысында тақырып төңірегіндегі ұсыныстардың барлығы практикада іске асыру үшін мұқият талданып жинақталатыны айтылды.