Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Мария Матюшина келер жылдың қаңтар айында 100-ге келеді. Ол небәрі 16 жасында өз еркімен сұранып, майдандық курсқа жазылады да, соғысқа аттанып кете барған. Жуықта Ұлттық ұлан оркестрі ғасыр жасаған соғыс ардагеріне мереке сыйлады.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6679 әскери бөлімінің әскери қызметшілері майдангер Мария Матюшина тұратын үй ауласында оркестрмен концерт қойды. Соғыс жылдары айтылған әуезді әндерді шырқап, ерлікті сипаттайтын оркестрлік шығармаларды орындады. Қария ұландықтардың өнеріне ризашылығын білдіріп, батасын берді.
«Біздің бүгінгі басты міндетіміз әрі парызымыз – соғыс ардагерлерінің әрқайсысына қамқорлық көрсету, олардың ерліктеріне шексіз алғысымызды білдіру. Сондықтан әскери бөлім оркестрі де қарияның көңілін аулап, бойын сергіту мақсатында соғыс жылдарындағы әуезді әндерден попурри орындады. Біз соғыс ардагерлерінің үйлеріне барып, жағдайын сұрап тұрамыз», дейді 6679 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Назбек Мәліков.
Мария Алексеевна 1926 жылы 19 қаңтарда жұмысшы отбасында дүниеге келген. 1942 жылы он алты жастағы бойжеткен Новомосковск қаласына тәжірибеге келіп, ата-анасынан жасырын түрде әскери «маскировка» курсына ерікті болып жазылады. Кейін майданға алынып, қорғаныс құрылысы басқармасының 225-құрамында, 104-әскери құрылыс жасағының сапында Белоруссияға дейін жетеді. Ардагер жеңісті Финляндия шекарасында қарсы алған. Сұрапыл соғыс аяқталғаннан кейін тұрмыс құрып, үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсіреді. Кейуананың 11 немересі, 29 шөбересі, 3 шөпшегі бар.
Павлодар облысы