Самат Өтениязов 1978 жылы Украинаның И.И. Мечников атындағы Одесса мемлекеттік университетінде роман-герман филологияcы факультетінің испан тілі мен әдебиеті бөлімін бітірген. 1981–1999 жылдары Қазақстан Ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында ғылыми жұмыспен шұғылданды. Ертедегі түркілер мәдениетін, қазақ мемлекеті тарихын зерттеумен айналысты. Тарих ғылымдарының кандидаты.
2001 жылдан Мадрид университетінің профессоры. 1991–2001 жылдары «Central Asia newsfile» атты Лондон университеті журналының Орта Азия мен Қазақстан бойынша тілшісі міндетін атқарды. Академик Зиманов ашқан университеттің кафедра меңгерушісі, деканы, проректоры, бірінші проректоры қызметтерінде болды. 2018 жылдан бері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде испан, латын тілдерінің оқытушысы.
Латын мен испан тілі негізгі мамандығы болғандықтан, С.Өтениязов Еуропа тарихы мен әдебиетін тікелей танып, аса жетік білді және ғұн империясының әлем тарихы мен қазақ тарихындағы орнын, оның түркі халықтары, қазақ халқы арасындағы этнографиялық байланыстарын жан-жақты зерттеп, еліміздегі осы саланың негізін қалаған оқымысты болды, ол – бірден бір белгілі отандық аттилатанушы.
Зерттеуінің негізгі бағыты – Аттиланың әлем әдебиетіндегі орны. Ол герман тайпаларының батырлар жырындағы Аттила бейнесін түбегейлі зерттеп, өте жағымды кейіпкер екенін көрсетті. Аттила мен ғұндар тақырыбында алты монографиясы, университет студенттеріне арналған екі оқулығы жарық көрді.
Испан тілінен Испания және Латын Америкасы жазушыларының жиырмадан астам әңгімесін, бірнеше романды қазақ тіліне аударды. Орыс тілінен Шоқан Уәлихановтың шығармаларын, шағатай тілінен Қадырғали Жалайыридің туындыларын қазақ тіліне тәржімелеген.
Одесса мемлекеттік университетін бітіріп келген соң испан тілінің маманы Самат Көшенұлы Алматыда Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында жемісті еңбек етті. Мұнда ол академик Ә.Х.Марғұлан және институт директоры академик Ақай Нүсіпбековтің қамқорлығы арқасында белгілі ғалымдармен бірге қазақ халқының тарихын жазу жұмыстарына қатысып, іргелі жұмыстар жүргізуде қабілетті зерттеуші ретінде қалыптасты.
Академияда оған атақты академик Әлкей Марғұлан ұстаз болды. Әлекеңнің жетекшілігімен Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасын зерттейтін ғалымдар тобында еңбек ете жүріп білікті шоқантанушы дәрежесінде мойындалды. Бұл ретте оған тарих институтында бірге қызмет атқарған көрнекті ғалымдар Мәриям Тұрсынова, Болат Көмеков үлгі-өнеге көрсетіп, зор ықпалын тигізді.
Осынау маңызды бағыттарда зерттеулер жүргізумен қатар Өтениязовтың ғұн (хұн, хун, гунн) деп аталатын ежелгі дәуірдегі тайпалар одағының, түркі халықтарының арғы атасының мұрасын, хундардың аса әйгілі басшысы Аттила тарихын зерттеуші бірден-бір маман, ғылыми жұртшылық мойындаған аттилатанушы ретінде танылғанын атап айту ләзім. Ол бұл тақырыпқа Одесса университетінде оқып жүрген кезінен қызығушылық танытқан еді (Кейінірек Мадрид университетінде қызмет істеген жылдары испандық кітапханалар қоймаларын сүзіп, Аттиланың Батыстағы өмірі мен қызметін жан-жақты қарастырған).
Алматыда тарих институтына орналасқаннан кейін, Марғұлан сынды ғұлама ұстазының ақыл-кеңесімен дүниеге келген хундар мен олардың көсемі Еділ батыр (Аттила) жайындағы алғашқы мақаласын ұсынды. Жарияланым тақырыбының сонылығымен және мүлдем тосын, тың болуымен көпшілікке қатты ұнады. Оған ғылыми орта да елең етті. Содан бастап Саматтың Аттила бастаған хундардың адамзат тарихындағы орны туралы зерттеулері, сондай-ақ жауынгер көшпелілердің көсемі жайында жас ұрпақ үшін дайындаған танымдық туындылары әр жылдарда қазақ және орыс тілдерінде жарияланып тұрды. «Аттила» атты зерттеу еңбегі жарық көрді.
Салық Зимановтың жетекшілігімен «Аттила және оның әлем әдебиетіндегі орны» атты көлемді монография жазды. Еңбек 2010 жылы дайын болғанымен, 2021 жылы жарық көрді. Академик Зиманов атап көрсеткендей, Самат Өтениязов мұнда хундар мен Аттила проблемаларын түгел қамтыған, қысқа да нұсқа түрде баяндаған анықтамалық және көне тарихты білуге құмартушылар үшін өте пайдалы кітап.
Біздің дәуіріміздің ІІ ғасырында Хун ордасының Батыс Қазақстанда мемлекеттік бірлік құрғаны, содан соң батысқа жылжығаны, IV-V ғасырларда қуаты артқаны, әсіресе Аттила билеген 434–454 жылдары мүлдем күшейгені көрсетіледі. Аттиланың Рим империясын ыдыратуы, оның одақтасы болған германдықтарды бағындыруы, тарихта «халықтар ұрысы» деп аталатын әйгілі Каталаун шайқасының шындығы, Аттила өмірден өткеннен кейінгі жағдайлар да кітапта қызықты баяндалады. Хундардың Еуропаға келуі қандай жағдай орнатқанын көрсетіп, автор «Батыс хундар Еуропада өшпес із қалдырды» деп қорытады.
Келесі бөлімде хун мәдениеті мен өнерінің адамзат тарихында алатын орны қарастырылған. Автор мұнда Орданың мемлекеттік тілін, хундар мен түркі тілдерінің сабақтастығын, хун, қыпшақ, қазақ халықтары арасын жалғастырып тұрған этнографиялық, мәдени және тұрмыстық сипаттарды ашқан.
Үшінші бөлімде хундардың және олардың ұрпағы болып келетін ежелгі түркілердің ең көп қоныстанған Шығыс Түркістан, Моңғолия, Алтай, Қазақстан, Орта Азия жерлеріндегі обалардан алынған зергерлік бұйымдар тағдыры, Бірінші Петрдің Сібір коллекциясы, оның тарихы, XVII ғасырдан басталған Сібір обаларын тонау тарихы, қазақ жерінде кеңес заманында жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижелері баяндалады.
Одан кейінгі бөлімдер тікелей Аттилаға арналыпты. Самат Көшенұлы Аттиланың латын, испан әдебиеттерінде, Скандинавия халықтарының, немістің батырлар жырларында қандай орын алғанын, шығыстық батыр бейнесі оларда қалай көрсетілгенін тарихи шындықпен салыстыра отырып қарастырған. Ол француз, неміс драматургияларында жасалған Аттила образын талдап, неміс, итальян музыка өнерінде қалай бейнеленгенін әңгімелейді. Әсіресе әйгілі «Риголетто», «Трубадур», «Травиата», «Аида» сынды операларымен есімі әлемге мәшһүр ұлы композитор Джузеппе Вердидің «Аттила» операсы туралы қызық талдама жасайды. Опера 1846 жылы Венецияда, кеңес заманында Бурят театрында, Мәскеудегі Үлкен театр сахнасында қойылған еді.
Хун ордасы тарихын және хундардың даңқты көсемі Аттиланың өмір жолын зерттеушілердің Еуропада аз болмағанын айта отырып, автор бұл тақырыпты кітаптың бесінші бөлімінде терең ашқан. Рим империясы өмір сүріп тұрған шақтан және империя құлаған V ғасырдан бастап түрлі дерек жазып қалдырған IV-VIII ғасырларда өмір сүрген тарихшыларды атай келіп, XV ғасырдан бастап Еуропада аттилатану ғылымы, оның ішінде екі үлкен мектеп – француз және неміс мектептері қалыптасқанын атап айтады да, оларды нақты мысалдармен түсіндіреді. Хундар тарихын ұзақ уақыт бойы христиан дініндегілердің бұрмалап келгеніне шолу жасайды. Еуропа төрінде әділ патшалық құрған, адал дипломат болған Аттиланы христиан тарихшылары өз тараптарынан оны жағымсыз етіп көрсетуден танбаған әрекеттерін тоқтатқан емес, бірақ «христиан әлемі қанша айыптаса да, Аттиланы әлем тарихы мен мәдениетінен алып тастай алмады. Шындық жеңді», дейді автор.
Аттилатанушы С.Өтениязов хундардың адамзат тарихындағы орны мен рөлі XVIIІ ғасырдан бастап біршама әділ зерттеле бастағанын, ал 1856 жылы Парижде екі том болып жарық көрген Амадей Тиерридің «Аттила және оның ізбасарларының тарихы» атты зерттеуі аттилатану мәселесі бойынша шын мәніндегі революция жасағанын еңбегінде атап айтты. Тиерри ұзақ жылғы ізденісінің нәтижесін Аттила есімі адамзат тарихындағы ұлы адамдар Александр Македонский мен Юлий Цезарь қатарынан орын алды деген тұжырыммен түйіндеді. Ол христиан діні әсерімен хундарды күйреткіштер, жауыздар кейпінде көрсету мақсатымен жазылған басқа зерттеулердің бәрін жоққа шығарды, сөйтіп, Аттила есімін еуропалық зерттеушілердің сыңаржақ айыптауларынан батыл арашалап алды деп көрсетті.
Ол хун ордасы ұрпақтарының бірі Уархун (Арғын) қағанаты Еуропа жерінде үш ғасыр ат ойнатқанын, ал Батыста да көрініс берген Азиядағы хун ұрпақтары құрған түрк қағанаты, Хазар, Осман империясы, Жошы Ұлысы (Ұлығ Ұлыс, Алтын Орда) адамзат тарихында өшпес із қалдырғанын айта келе, XV ғасырда Хун ордасының тағы бір ұрпағы Қазақ мемлекеті туғанына тоқталған. Сөйтіп, ғалым Өтениязов Аттила армандаған демократиялық мемлекетті мың жылдан кейін болса да қазақтар құрды деп қорытады. Алтын Орданың арқасында пайда болған Ресей империясы көп жыл қастандық жасап жүріп құлатқан Қазақ хандығы «шын мәнінде жаңа заманның інжу-маржаны», «нағыз демократиялы мемлекет» болатын деп тұжырым жасайды.
Бұған дәлел ретінде Самат Көшенұлы мемлекеттегі хан билігінің шектеулі болғанын, ханның сайланбалы лауазым екенін, оны жалпы халық емес, ру басылар, билер сайлап тұрғанын, мемлекетті іс жүзінде билер институты басқарғанын, оған ханның қаражат, әскер жинау, заң шығару, қылмыскерді жазалау мәселелерінде әрқашан тәуелді болғанын келтіреді. Бұл тақырыпқа, жалпы Қазақ хандығына қатысты жарыққа шығып жатқан оның көптеген тың жаңалығы бар аса құнды мақалалары атақты академиктер Әлкей Марғұлан мен Салық Зимановтың мақұлдауы мен қолдауына бөленіп тұрған-тын.
Тарихымыздың аса көкейкесті мәселелеріне сіңірген еңбектерін сараласақ – Өтениязовтың ғылымдағы нағыз жаңашыл күрескер, қоғам қайраткері екеніне көз жетеді. Осынау үлкен еңбегінің қорытындысында ғалым: «Бабаларымыздың даңқы аса биік болса да, әлі күнге дейін тарихын Еуропа философтарының көзқарасымен оқытып жүрміз», деп қынжылады. Негізгі ойын: «Хундар мен олардың қалың ұрпақтары – түркі халықтарының тарихы Еуропа тарихында аса қомақты орын алатынын мақтанышпен айтуға міндеттіміз», деп ой түйеді.
«Аттила және оның Еуразия тарихындағы орны» деген атаумен «Атамұра» баспасынан 2023 жылы екі том боп шығып, оқырманға жол тартты. Бұл күндері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Әлем әдебиеті мен мәдениетіндегі Аттила тұлғасы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізуге дайындық жүріп жатыр. Даңқты бабамызға арналған конференция белгілі аттилатанушы-зерттеушінің мерейлі белесіне орайласқаны қуантады. Ол зерттеген Аттиланың туғанына – 1625 жыл, Әбілқайыр ханның туғанына – 340 жыл, Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толады. Осындай рәміздік мәні бар ғылыми конференцияны ұйымдастырып жатқан Қазақ ұлттық университеті басшылығына алғыс айтуға пейілміз.
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,
тарих ғылымдарының кандидаты, жазушы