Есірткі қылмысымен күрес – ел полициясының басты міндетінің бірі. Тәртіп сақшыларының қырағы қызметінің арқасында күн сайын түрлі қылмыс ашылып жатыр. Соның бірқатары кейінгі онкүндік ішінде тіркелді.
Қаңтар айында Жамбыл облысының полицейлері есірткі қылмысының 40 дерегін анықтады. Оның ішінде 8-і – аса ірі көлемдегі есірткіні заңсыз сақтау, үшеуі – есірткі сату, екеуі – есірткі өсіру, біреуі – есірткіні насихаттау мен жарнамалау дерегі. Сонымен қатар ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысудың бір фактісі тірелген. Синтетикалық есірткі өндіретін зертхана ұйымдастырған төрт адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ал Тараз қаласында үнді марихуанасын өсіретін зертхана белгілі болып, қызметі тоқтатылды. Облыстық департамент дерегінше, бір ғана айдың ішінде заңсыз айналымнан 173 килодан аса түрлі есірткі заты тәркіленген.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, синтетикалық препараттардың таралуына қарсы күрестің тиімді әдісі – әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу. Қаңтар айында «Кибернадзор» арқылы 107 интернет-сайт анықталып, бұғатталған. Дегенмен есірткімен күресте қылмыстың салдарымен емес, себебімен жұмыс істеп, құқық бұзушылықтың алдын алған тиімді. Осыған орай жамбылдық ішкі істер органдары мүдделі органдармен бірлесіп жоғары және орта оқу орындарында 113 профилактикалық іс-шара өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде 191 материал жариялаған.
Еліміздің теріскейіндегі қызылжарлық тәртіп сақшылары да кейінгі он күннің ішінде марихуана өсіретін бес зертхананы анықтады. «Polisia.kz» таратқан дерекке сүйенсек, Солтүстік Қазақстан облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі фитозертханаларын анықтау жөніндегі жұмыстарды күшейткен. Нәтижесінде, таяу күндері құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз егіп-өсірді деген күдікпен Петропавл қаласының 27 мен 47 жас аралығындағы бес тұрғыны анықталды. Олардың барлығы қылмыс үстінде, нақты дәлелмен ұсталды. Күдіктілердің үйлерін тексеру кезінде жарықтандыру құрылғылары мен басқа да қажетті құрал-жабдық, тұқымдар мен қарасора түптері табылған. Полицейлер олардан 22 түп қарасора, 265 грамға жуық марихуана мен гашиш есірткі заттарын тәркіледі. Қазіргі таңда тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
Ақмола облысына қарасты Щучинск қаласында жергілікті полиция бөлімінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесі қызметкерлері де құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру үшін өз пәтерінде фитозертхана ұстаған жергілікті тұрғынды құрықтады. Ол тыйым салынған заттың өндірісін жолға қою үшін интернет арқылы қажетті жабдыққа, атап айтқанда фитобокс, диодты шам, фитолампа, тағы басқа керек-жараққа тапсырыс берген. Сонымен қатар қажетті тұқымды сатып алып, алғашқы өнімді күтіп отырған жерінен қолға түсті.
Тәртіп сақшылары оның үйін тексере келе сұр-жасыл түсті, өзіндік иісі бар қорапты тауып, тергеу іс-шаралары барысында оның марихуана екенін анықтады. Тәркіленген заттардың нақты құрамы мен салмағын анықтау үшін сараптамаға жіберілді.
Осы орайда полицейлер 2025 жылдан бастап елімізде есірткі өндіру үшін берілетін жаза өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін қатаңдатылғанын еске салады.
Ал Абай облысының полиция қызметкерлері ҰҚК департаментімен бірлесіп, прокуратураның үйлестіруімен еліміздің оңтүстік өңірінен есірткі жеткізудің тұрақты арнасын жою бойынша іс-шара жүргізді. Нәтижесінде, автокөлікпен ірі көлемде есірткі тасымалдап бара жатқан үш жергілікті тұрғынды ұстаған. Олардан нарықтағы құны 35 млн теңгені құрайтын 110 килодан аса марихуана тәркіленді.
Осы факт бойынша аса ірі көлемдегі есірткіні заңсыз сақтау, тасымалдау және өткізу бойынша қылмыстық топ жасаған іс-әрекетке қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аймақта есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес белсенді түрде жалғасып жатыр.
Айта кетейік, еліміздің заңнамасында есірткі қылмыстарын жасағаны үшін 14 жастан бастап қылмыстық жаза тағайындалады. Бұл – әсіресе ата-аналар үшін маңызды ескерту. Олар балаларының қандай іспен шұғылданып жүргенін жіті қадағалауы қажет. Егер жасөспірімнің қалтасында не картасында артық ақша пайда болса, сабақтан кейін белгісіз іспен айналысып жүргені анықталса, оның күдікті жүріс-тұрысын тексеру керек. Қырағылық кез келген қылмыстың алдын алуға септігін тигізеді.