Көрнекті фольклортанушы, филология ғылымдарының докторы Едіге Тұрсыновтың жеке кітапханасы Almaty Management University-де ашылды. Кітаптарды университетке ғалымның қызы Қарлығаш Тұрсынова сыйға тартты. Іс-шара «Open Library AlmaU», «Аспандау» ғылыми білім беру қоры, «Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестігі және «Жолшы» философиялық қоғамының қолдауымен «Дала ілімі» түркі ғылыми семинары аясында ұйымдастырылды.
Кездесуді жылы естеліктермен бастаған модератор, PhD, «Жолшы» философиялық қоғамының төрағасы Нұржан Құлымжанов ғалымның әдіснамасы эпостану, этномузыкология, этнография, этнопсихология, фольклортану мен әдебиеттанудың дамуына айтарлықтай әсері хақында ой өрбітіп, қатысушылардың назарын осы бағыттағы еңбектеріне аударды.
Кітапхананың ашылуына қатысқан «AlmaU» президенті Асылбек Қожахметов «Едіге Тұрсынов – өз өмірін қазақ ауыз әдебиеті мен фольклорын зерттеуге арнаған көрнекті зерттеуші. Кітапханамыз оның көп жылғы еңбектері мен ғылыми ізденістерінің нәтижелері жиналатын орынға айналары сөзсіз», деп атап өтті.
Қазіргі уақытта «AlmaU» қорына қаланған Едіге Тұрсыновтың жеке кітапханасы 2 мыңға жуық кітаппен толықпақ. Жиында тарих ғылымдарының докторы Марат Сембин ғалымның еліміз тәуелсіздік алғанға дейінгі ғылымдағы өмірі, табандылығы мен білімге деген құштарлығының арқасында мол мұра жинағанын тілге тиек етті. Бұл өскелең ұрпақтың тарихымыз бен әдебиетіміз туралы сирек қормен танысуына мүмкіндік береді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, түркітанушы Қайрат Жаңабаев ғалым Едіге Тұрсыновтың ерекше оқырман болғанын еске алды. «Ғылыми баспадан шыққанның бәрін кейінге қалдырмай, қарындашпен белгілеп отырып, сын-ескертпелер, толықтыруларын енгізіп, бірден оқуға тырысатын. Өз кітапханасы үшін де, оқырман үшін де ең жақсы ғылыми әдебиеттерді таңдауға кәсіби көзқараспен қарады», деді ол.
Философия ғылымдарының докторы, мәдениеттанушы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Альмира Наурызбаева: «Едіге Тұрсынов қазақ фольклорының шынайы байлық екенін түсінуге шабыттандырды. Біз сияқты өткен ғасырдың 70-жылдардағы ұрпақтарын мәдени мұраны құрметтеуге үндеді. Ол фольклорды зерттеуде ғана емес, еліміздің әлеуметтік-гуманитарлық ғылымының әдіснамасында серпіліс жасаған ғалым», деді. Іс-шара студенттердің музыкалық және театрландырылған қойылымына ұласты.
АЛМАТЫ