Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы инвестиция саласындағы жұмысты күшейту қажеттігін айтты. «Бізге сапалы инвестиция қажет екені анық. Озық технологияға негізделген және сыртқы нарыққа арналған жобаларды әдетте шетел инвесторлары ұсынады», деді Президент. Бұл орайда инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға барлық жағдай жасалған арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың алар орны ерекше.
Ілгері басқан ілкімді істер
Өңірде Қытай инвестициясының үлесі артып келеді. Түркістандағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында (АЭА) инвестициялық құны 548,2 млрд теңге болатын 133 жобаны жүзеге асыру көзделген. Бүгінде 369,3 млрд теңгеге 95 жобаның құрылысы қолға алынды. Биыл 197,7 млрд теңге сомасына 35 жобаны іске асыру жоспарланған. Барлық жобалар іске асқан жағдайда 7 221 жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ жалпы сомасы 177,65 млрд теңгеге 2 494 жұмыс орнын құра отырып, әлеуетті 11 инвестициялық жоба пысықталып жатыр.
«Turan» АЭА басқарма төрағасы Төлеген Телғараевтың айтуынша, өндірістік аймақта жүзеге асырылып жатқан 8 жобаның 4-еуі биыл іске қосылады.
«Арнайы экономикалық аймақтың аумағы – 3987,39 гектар, 6 қосалқы аймақтан тұрады. Құрылысы жүргізіліп жатқан нысандардағы жұмысшылардың басым бөлігі – жергілікті азаматтар. Экономикалық аймақтағы «PSI Mineral Technologies» ЖШС тау-кен металлургия кешеніне арналған ауыр техника шығаратын зауыт жобасының құны – 8 323,4 млн теңге. Өндірілген техникалар ішкі және сыртқы нарықта сатылады. Бірінші кезең биыл іске қосылады. «Алтын дала мақта» ЖШС-ның ПВХ құбырларын шығаратын зауыты жылына 1,44 млн метр құбыр шығаруға қауқарлы. 60 адам жұмыспен қамтылған. «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС-ның мақтаны терең өңдеу және дайын өнімді экспорттау көпсалалы нысанының құны 146,8 млрд теңгені құрайды. Толық циклді тоқыма фабрикасында 11 цех жұмыс істейді деп жоспарланған. Онда мақтаны иіру, мата өндіру, бояу, өңдеу жұмысы жүреді. Өндіріс қуаты – жылына 13 мың тонна иірімжіп, 50 млн метр үй тоқымасы, 7 млн жиынтық төсек әбзелі», дейді Т.Телғараев.
Қытай технологиясымен 1,2 мың гектарға мақта егілген. Осы орайда айта кетелік, аймақта мақта нарығына экспорттық тәуелділікті жою, тоқыма-тігін саласын дамыту мақсатында «Мақта шаруашылығын дамытудың және мақта-тоқыма кластерін қолдаудың 2027 жылға дейінгі өңірлік жол картасы» бекітілген. Оған сәйкес, өңірде 9 мақта-тоқыма кластерін құру жұмысы бастау алды. Нәтижесінде, 14 мың жұмыс орны ашылып, жыл сайын салық түсімі 26,2 млрд теңгеге жетпек.
Мақта өндірісі мақтануға тұрарлық
Тоқыма фабрикаларына Отырар ауданында өндірілген шикізат жеткізіледі. Жуырда ауданда 2 мақта өңдеу зауытының капсуласы салынды. Жоба заманауи су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, жоғары стандартты шикізат базасын қалыптастыруды, соңғы үлгідегі мақта өңдеу зауыттарын, тамшылатып суару таспаларын шығаратын өндіріс орнын және басқа да инфрақұрылымдық нысандарды қамтиды. Инвестициялық құны – 80 млрд теңге. Жоба арқылы қуаттылығы жылына 160 мың тонналық 4 заманауи мақта өңдеу зауытын іске қосу, 6 мың тонна мақта тұқымын шығаратын өндірістік желі құру көзделген. Биыл 2 зауыт іске қосылса, тағы 2-еуі 2026 жылы пайдалануға берілмек. Мақтаарал ауданы индустриялық аймағында іске қосылған «Жанасыл» мақта өңдеу зауыты 150 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, тәулігіне 600 тонна таза мақтаны өңдеп шығарады. Одан бөлек, күніне 180 тонна мақта талшығы өңделеді. Зауыт қазір шитті мақтаны өңдеп, мақта талшығын, мақта шитін, мақта линтін және улюк өнімдерін Қытай, Түркия, Тәжікстан, Иран, Қырғызстан және Еуропа елдеріне экспорттауда. Жалпы, аталған индустриялық аймақта көзделген құны 6,1 млрд теңге болатын 9 жобаның 6-ауы іске қосылып, 309 жаңа жұмыс орны ашылды.
Болгариялық «UBC Group» холдингі өңірде 2 ірі өндіріс желісін ашуды көздеп отыр. Инвестор жобаның бірінші кезеңіне 5 млн еуро көлемінде қаржы құяды. «SPK Turkistan» аумағындағы өндіріс алаңында 350-ге жуық жұмыс орны ашылады. Ал «Тұранда» іске қосылатын екінші зауытқа 7,5 млрд теңге инвестиция салынады. Нәтижесінде, айына 10 мыңға дейін тоңазытқыш жабдығын шығарып, 1 000 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.
Сауран ауданындағы шағын өндірістік паркте 8 кәсіпорын іске қосылып, жұмыс бастаған. Зауыттарға қажетті ғимараттарды салу жұмысы қарқынды: 39 ғимараттан тұратын «Шағын өндірістік парктің» құрылысы жүріп жатыр. Жоба құны 17 млрд теңге болса, инвестиция көлемі – 131 млрд теңге.
37 млрд теңге инвестиция тартылды
Жалпы, Түркістан облысында аумағы 1699,2 гектардан тұратын 14 индустриялық аймақта 116,4 млрд теңгені құрайтын 82 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бүгінде 51 жоба іске асырылып, 37,7 млрд теңге сомасына инвестиция тартылды және 2 591 жұмыс орны құрылды.
«Индустриялық аймақтардың инфрақұрылымына 12,3 млрд теңге жұмсалған. Бюджеттен жұмсалған 1 теңге 9,4 теңге инвестиция тартуға мүмкіндік берді. «Түркістан» индустриялық аймағы бойынша 7,6 млрд теңгеге 21 жоба іске қосылған, 878 жаңа жұмыс орны ашылды. Бүгінде 23,4 млрд теңгені құрайтын 13 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар есебінен 586 жаңа жұмыс орны ашылмақ. «Бадам» индустриялық аймағында 19,8 млрд теңгеге 8 жоба іске қосылған, 803 жаңа жұмыс орны ашылды. Төлеби ауданында биыл жеке инвестиция есебінен 100 жоба іске асып, оның құны 17,9 млрд теңгені, ашылатын жұмыс орны 633-ты құрайды деп жоспарланып отыр. «Қазығұрт» индустриялық аймағы бойынша 2,2 млрд теңгеге 4 жоба іске қосылған, 123 жаңа жұмыс орны ашылды. Жаңадан жүзеге асып жатқан жобалардың қатарында сүт өнімдерін өндіретін «Асыл бастау» компаниясы бар. Қазір зауыт күніне 1 тонна сүт қабылдап, ірімшік шығарады», дейді облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов.
Аяқсыз қалған жобалар да бар
«Кентау» индустриялық аймағындағы «Бесқасқа» ЖШС 4 жылдан астам уақыт жұмыс істемей тұр. «Сим Тас» ЖШС жобасы мәлімделген өнім шығармайды және осы кәсіпорындардың жай-күйі антисанитариялық жағдайда. Индустриялық аймақта жүзеге асыру көзделген 9 жобаның 7-еуі іске қосылып, 193 жаңа жұмыс орны ашылған. Жаңадан іске қосылып жатқан жобалардың қатарында металл торлары мен құрылыс блоктарын өндіру цехы және металл бұйымдарын өндіретін 2 кәсіпорын құрылысы жүргізілуде. Дегенмен кәсіпорындардың іске қосу мерзімі 2 жылдың көлемінде созылып келеді.
«Түлкібас» индустриялық аймағындағы қосалқы стансаны қалыпқа келтіру үшін аудан әкімдігі тарапынан 68,8 млн теңге бөлініп, мердігер компания жұмыс бастаған. Қарашада аяқталауға тиіс жұмыстар 2025 жылға қалды. «Бәйдібек» индустриялық аймағында «КазТравертин» компаниясының травертин шикізатынан құрғақ құрылыс қоспасын өндіру, «Рамирта» компаниясының доломит және мәрмәр карьерлерін қайта өңдеу өнімдерінен кірпіш өндіру жобаларының іске асуы бүгінгі күнге дейін созылып келеді. «Созақ» индустриялық аймағында 1,1 млрд теңгені құрайтын 5 жобаның 2-еуі ұзақ уақыт жұмыс істемей тоқтап тұр. Әкімдік тарапынан инвесторларға жер учаскелерін рәсімдеу бойынша да проблемалар бар. Бұл орайда облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірлік инвестициялық штабтың биылғы алғашқы жиынында жұмысты күшейтуді тапсырды.
Сондай-ақ инвестштаб отырысында инвесторлар мен кәсіпкерлердің өтініштері, инвестжобалардың жүзеге асырылу барысы талқыланды. Мысалы, Сайрам ауданында бу-газ қондырғысы, мал сою бекеті мен мал бордақылау алаңы, Созақта газ өндіру жобалары жүзеге асады. Ордабасы ауданында заманауи кірпіш зауыты мен алюминий бұйымдарын өндіру зауытының құрылысы қарқынды. Сауран ауданында инженерлік жабдықтар, өнеркәсіптік су бекіту арматурасын шығаратын зауыттар салынады. Келес ауданында еліміздегі ең үлкен жылыжайдың құрылысы жалғасып келеді. Сарыағаш ауданында құс фермасы кеңейтілсе, өзге аудандарда да инвестициялық жобалар пысықталып жатыр.
Түркістан облысы