• RUB:
    6.66
  • USD:
    518.34
  • EUR:
    607.91
Басты сайтқа өту
Дін 20 Ақпан, 2025

Ислам диалогін дамытуға арналған халықаралық конференция

60 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Бахрейн астанасы Манама қаласында өткен ислам диалогін нығайту жөніндегі халықаралық конференцияға қатысты. Палата спикері форум алаңында Әл-Азһардың Жоғарғы имамы шейх Ахмед ат-Тайебпен, Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы Шейх-ул Ислам Аллашүкір Паша-Задемен, конференцияға келген басқа да бірқатар қатысушымен екіжақты кездесулер өткізді.

Бахрейнге сапар аясында Сенат төрағасы осы елдің Королі Хамад бен Иса Әл-Халифамен де кездесті. Мәулен Әшімбаев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізіп, Бахрейн Корольдігі еліміз үшін Парсы шығанағы аймағындағы маңызды серіктестердің бірі екеніне назар аударды. Сондай-ақ ол Қазақстан Корольдікпен көпжоспарлы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.

Халықаралық конференцияның пленар­лық сессиясында сөз сөйлеген Мәулен Әшім­баев қазіргі таңда адамзат ішкі қайшы­лықтар, геосаяси тұрақсыздық, қарулы қақты­ғыстар, экстремизмнің насихатталуы сияқты жаһандық сын-қатерлерге тап болып отыр­ғанын айтты. Сенат спикері бұған дейінгі тәжірибе көрсеткендей, мұндай халық­аралық шиеленіс радикалды идео­логияларды тарату, ксенофобия мен жек­көру­шілікті қоздыру үшін жиі қол­даны­латынын тілге тиек етті. Мәулен Әшім­баев осы тұрғыдан келгенде Бахрейндегі конференция бейбітшілік пен бірлікті нығайту және халықтар мен мәдениеттер ара­сындағы диалогті жүйелі жолға қою бағы­тында уақтылы қолға алынған маңызды алаң ретінде ерекше мәнге ие екенін атап өтті.

«Конференция халықаралық қоғам­дастық үшін аса маңызды кезеңде ұйымдастырылып отыр. Дүниежүзі бет­пе-бет келген бүгінгі сын-қатерлер мұсыл­ман әлеміне ғана емес, бүкіл жаһан­дық тәртіптің негіздеріне қауіп төндіріп тұр. Осы орайда ислам диалогін дамытуға арналған бұл конференция дер кезінде қолға алынған іргелі бастама екенін атап өткен жөн. Бахрейннің осы бағыттағы игі істері – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бейбітшілік пен диалог мәдениетін ілгерілетуге арналған бастамаларымен үндес. Бейбітшілік мен төзімділік идеяларын ілгерілету жолында Бахрейн Корольдігінің 2017 жылғы декларациясы мен «Шығыс пен Батыстың бейбіт қатар өмір сүруі үшін» ұранымен өткізілген Бахрейн диалог форумы да шешуші рөл атқарды. Сондай-ақ Король Хамадтың Бейбіт қатар өмір сүру жөніндегі жаһандық орталығы да осы прогрессивті ұстанымды белсенді түрде дәріптеп келеді», деді М.Әшімбаев.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шылары съезі хатшылығының басшысы конференцияның панельдік сессияларында дін тақырыбымен қатар көтерілген ғылым, білім, әйелдердің рөлі және басқа да тұжырымдамалық аспектілерді қамтитын мәселелердің өзектілігіне тоқталды. Сенат спикері Қазақстан халықаралық аренада бел­сенді дәріптеп келе жатқан бейбіт­ші­лікті, келісімді және өзара сенімді нығай­туға арналған негізгі тәсілдерді де атап өтті.

«Қасым-Жомарт Тоқаев ел ішінде де, әлемдік аренада да бірлік, өзара түсіністік және конфессияаралық диалог мәдениетін дәйекті түрде дәріптеп келеді. Қыркүйек айында Астанада «Діндер диалогі: болашақ жолындағы синергия» тақырыбына арналған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі өтеді. Бұл бастама 20 жылдан аса уақыттың ішінде қазіргі өзекті проблемаларды шешуге рухани көшбасшылардың күш-жігерін жұмылдыратын беделді алаңға айналды. Съезд аясында Жас діни лидерлер форумы да өткізіліп келеді», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар ол Әл-Азһардың Жоғарғы имамы шейх Ахмед Ат-Тайебпен кездесті. Онда тараптар конфессияаралық диалогті дамытудың өзекті мәселелері мен перспективаларын талқылады. Сенат спикері Қазақстан ислам әлемінің негізгі білім, ғылым және рухани орталықтарының бірі саналатын Әл-Азһар университетіне үлкен құрметпен қарайтынын айтты. Сондай-ақ ол Жоғарғы имамға конфессияаралық диалогті нығай­туға қосқан үлесі мен Әлемдік және дәстүр­лі діндер көшбасшылары съезінің идея­ларын қолдап келе жатқаны үшін ризашы­лығын білдірді. Уақыт өткен сайын қазіргі құбылмалы әлемде съезд құндылық­тарының маңызы арта түскені анық.

Әл-Азһар университеті – білім, бейбітшілік пен руханият идеяларын дәріптейтін аса маңызды орталықтардың бірі. Сіздің дінаралық диалогті нығайту жолындағы қызметіңіз халықаралық деңгейде үлкен құрметке лайық. Сіз Қазақстанның Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу жөніндегі бастамасын белсенді қолдап келесіз. Сол үшін өзіңізге ерекше алғыс білдіреміз», деп Мәулен Әшімбаев Шейх Ахмед ат-Тайебке Мемлекет басшысының атынан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне шақыруды табыс етті.

Өз кезегінде Әл-Азһардың Жоғарғы имамы Қазақстанның жаһандық дінара­лық диалогті ілгерілету және нығайту бағы­тындағы маңызды рөліне назар аударды. Сондай-ақ ол теологиялық білім беру, ғылыми зерттеулер саласын­дағы ынтымақтастық сияқты маңызды бағыттарда одан әрі бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

Мәулен Әшімбаев Кавказ мұсыл­мандары діни басқармасының төрағасы Шейх-ул-ислам Аллашүкір Паша-Задемен кездесуде Ақтау маңында Әзербайжан­ның «AZAL» әуе компаниясына тиесілі ұшақтың апатқа ұшырауына байланыс­ты көңіл айтты. Сондай-ақ ол Кавказ мұсылмандары діни басқармасы ұзақ жылдар бойы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі көздеген мақсат­тарға қол жеткізуге елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар Қазақстан деле­гация­сының мүшелері Бахрейннің Ислам істері жөніндегі Жоғары Кеңесінің төрағасы Шейх Абдулрахман бен Мохаммед бен Рашид Әл-Халифамен, БАӘ Ислам және уақыфтар істері жөніндегі Бас агенттігі­нің төрағасы Омар Хабтур Әл-Дареймен, Оксфорд Ислам зерттеулері орталығының директоры Фархан Ахмад Низамимен және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы­ның Бас хатшысы Хиссейн Брахим Тахамен кездесті.