«Aidentis» – елімізде медицина мен IT-индустрияның тоғысында пайда болған инновациялық стартап. Аталған жоба стоматологтердің жұмысын едәуір жеңілдетеді. Бұл – тіс ауруларын дәл әрі жылдам диагностикалауға арналған жасанды интеллект платформасы.
Стартап негізін қалаушы Асылзат Исатаеваның айтуынша, рентген суреттерін талдау – ұзақ әрі күрделі үдеріс. Дәрігерлер жақ сүйектерінің орналасуын қолмен өлшегендіктен қателесу ықтималдылығы жоғары. Ал науқас оның зардабын өмір бойы тартуы мүмкін.
«Жұмысымызды алғаш бастаған кезде бізге бір қыз хабарласты. Ол 5 жыл бойы дұрыс орнатылмаған брекет тағып келген. Соның салдарынан жақ сүйегі шамадан тыс қысылып, мойын омыртқасындағы нерв зақымданған. Ақырында, бұл жағдай оның аяқтарының уақытша сал болуына әкелген. Мінекей, осы оқиға біздің өнімнің дәрігерлер мен қарапайым адамдарға қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Қазіргі таңда платформа орыс, ағылшын, араб, португал тілдерінде қолжетімді. Технологиямыз әмбебап болғандықтан, оны кез келген елде қолдануға болады», дейді А. Исатаева.
Қажетті дүние қашанда сұранысқа ие. Қазір 50-ден астам стоматологиялық клиника мен диагностикалық орталық аталған платформаны күнделікті тәжірибеде қолданып, игілігін көріп отыр. 2025 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткішті 150-ге дейін арттыру жоспарланған. Компанияның негізгі мақсаты – MENA (Таяу Шығыс және Солтүстік Африка) аймағына шығу. Тағы бір қуантарлық жаңалық, жақын күндері Сауд Арабиясында, Біріккен Араб Әмірліктерінде, басқа да елдерде «Aidentis»-тің қанатқақты жобалары іске қосылмақ.
Айта кетейік, «Aidentis» – тек тәжірибелі дәрігерлерге ғана емес, студенттер мен жас стоматологтерге де таптырмас құрал. Бұл модуль олар үшін виртуалды зертхана қызметін атқарады. Яғни студенттер рентген суреттерін талдауды үйренеді, емдеу жоспарын құруды меңгереді. Жоба жетекшісінің айтуынша, «Aidentis» серіктестері қатарында медициналық университеттер, кәсіби қауымдастықтар, студенттік ұйымдар бар.
«Жақында Семей медицина университетімен меморандумға қол қойдық. Енді осы модуль оқу бағдарламасына енгізіледі. Студенттер – платформаның болашақ қолданушылары. Жыл сайын еліміздегі университеттер шамамен 100 стоматолог маманын даярлап шығарады, олардың көбі осы салада қызмет етеді. Олар болашақта жасанды интеллект құралдарын медициналық орталықтарына енгізіп, әріптестеріне оның артықшылықтарын түсіндіреді. Қазір клиникалар қымбат жабдық сатып алып, бірақ ем-дом барысында жасанды интеллектінің мүмкіндігін қолданбаса, оны заманауи медициналық орталық деп атау қиын», дейді стартап негізін қалаушы.
«Aidentis»-ті қолдануға компьютер мен интернет болса жеткілікті. Платформа әрбір тістің жағдайын, бұрыштарын есептеп, панорамалық кескіндер мен диаграммалар түрінде талдау ұсынады. Тағы бір ерекшелігі – рентген суреттерін өңдеу жылдамдығы мен дәлдігі. Дәстүрлі диагностика кезінде дәрігерге рентген суреттерін мұқият қарап, жақ сүйектері мен тістердің орналасуын анықтауға көп уақыт жұмсауға тура келеді. Бұл үдеріс кейде бірнеше сағатқа созылуы мүмкін. Ал «Aidentis» алгоритмдері диагнозды секундтар ішінде жасап шығарады.
«Жасанды интеллект – дәрігерді алмастыратын құрал емес, оған көмекші. Біздің мақсатымыз – стоматологтердің жұмысын жеңілдету, оларды артық жүктемеден босату. Адам факторының әсерін азайту арқылы диагностика сапасын жақсарту. Жасанды интеллект дәрігердің көмекшісі ретінде қандай да бір күмәнді белгі байқалса, жүйе дәрігерге хабарлайды. Осылайша, соңғы шешімді әрдайым маман қабылдайды. Қысқасы, технология мен адам факторын біріктіретін ең тиімді әдіс. Енді жасанды интеллект көмегіне жүгінген кезде тіс дәрігерлері уақытты үнемдеп қана қоймай, бұрынғыдан бірнеше есе көбірек табыс таба алады. Себебі үнемделген уақытын басқа пациенттерді қабылдауға жұмсайды», дейді Асылзат Исатаева.
Жақында «Aidentis» стартабы Қазақстан Стоматологиялық ассоциациясымен (ҚСА), Қазақстан студент-стоматологтер қауымдастығымен (DAS) стратегиялық серіктестік орнатты. ҚСА – елімізде 19 филиалы бар, стоматология саласындағы әртүрлі деңгейдегі мамандарды біріктіретін ұйым. «Aidentis»-пен әріптестік жасанды интеллект технологияларын клиникалық диагностикаға енгізуге, жас мамандарды даярлау мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.
«Aidentis» стартабының әлеуетін олардың жасанды интеллект тақырыбындағы дәрісін тыңдаған кезде байқадық. Бұл бағыт – стоматологияның болашағы. Енді біз осы технологияларды клиникаларымызға енгізе отырып, мамандар мен студенттердің дағдыларын дамытып, диагностика сапасын жақсартуға көмектесе аламыз», деді ҚСА президенті Дана Оспанова.
Сонымен қатар платформа болашақта қызметін кеңейтіп, жаңа мүмкіндіктер ұсынуды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, стоматологиялық хирургия, имплантология, терапия бағыттарында жасанды интеллектіні қолданбақ. Бұл – стоматологиядағы диагностикадан бастап емдеу үдерісіне дейінгі барлық кезеңге жаңа деңгей әкелетін маңызды қадам. Алдағы уақытта осынау инновациялық шешім әлемдік деңгейде өз орнын тауып, бәсекеге қабілетті өнімге айналары сөзсіз.