• RUB:
    6.62
  • USD:
    519.29
  • EUR:
    613.28
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Ақпан, 2025

Шет ауданы жарықсыз қалды

130 рет
көрсетілді

Шет ауданы халқының дәл бүгін өркениет дегенде өкпесі қара қазандай күйде. Мұндай заманда тұтас аудан жарықсыз қалды дегенге, әрине, ешкім сене қоймайды. Бірақ Шеттен бұл мәселенің шеті шыққалы көп болды. Ескірген электр жүйесінен жиі ақау шығып, ел-жұрттың жүйкесін әбден тоздырды.

Аудан жел үп етсе, жарық «жалп» етіп сөне­­тін кезеңге тап болғандай. 2023 жылы да Қошқарбай ауылындағы әбден ескірген трансформатор өртеніп кетіп, Қошқарбай, Ақсу, Шопа, Қызылқой, Аққияқ, Талды, Бере­кетті, Жаңажұрт, Деріпсал ауыл­дары электр қуатынсыз қалған еді. Енді, міне, аудан жарықсыз, тоқ­пен жал­ғанған үй-жайлар жылусыз қалды.

Жергілікті атқарушы билік өкіл­дерінің уәжіне қарағанда, бұл келеңсіз жағдайдың бірден бір себебі – «Шет Энерго» компаниясының «Жезқазған таратушы электр торабы компаниясы» АҚ-ның талаптарын орындамауы. Айналып келгенде екі компанияның ерегісінен ел зардап көріп отыр. Аудан халқының төзімі әбден таусылған.

«Жарықсыз отырған жұрттың көңілі алаңдаулы. Халықты жарықсыз қалдырған «Шет Энерго» меке­месі­нің бүгіндегі электр желі­лері­­нің ескіргенін бұған дейін мен қан­­­шама рет айтып, көтеріп жүр­дім. Қазір­де жел соқса болды, жа­­рық сөніп,  4–5 күнге дейін қосыл­май­ды. Оны жөн­деп, қосуға бригада­сы тағы кел­мей­ді. Тұрғындар тұтын­ған тоқ энергиясының ақшасын уақ­ты­лы төлеп отыр. «Шет Энерго» тұр­ғын­дардың жағдайына қарамай, немқұ­рай­дылық танытуы салдарынан осындай жағдайға әкеліп соқты. Осыдан екі ай бұрын Үкімет мемлекет меншігіне аламыз деген еді. Аталған мекеменің мәселесі көп», дейді аудан тұрғыны Бейбіт Жұмабеков.

Шет ауданының 27 елді меке­нінде жарық жоқ. Ел-жұрт кеңес үкіметі кезінен қалған ескі электр жабдығы әбден қажытты дейді.

«Ауданымыздың электр қуатының ырың-жырыңынан қорлық көріп, зардап шегіп келе жат­қанына жиырма жыл болды десек, қателеспейміз. Кеңес үкі­меті­нен қалған электр жүйелері мен жабдықтарын су тегінге алған мо­­но­полистер пайданы бөлісе алмай үнемі соттасып келеді. «Шет Энерго» ЖШС мен «ЖезРЭК» АҚ

ара­сындағы келіспеушілігінің кесі­рі­нен қызыл шұнақ аязда Ақсу-Аюлы­ның халқы, тағы да жарықсыз қалды. Бұларды тезге салатын заң, «қой» дейтін құқық қор­ғау қызметі  жоқ па?» деген сұ­рақ туа­ды», дейді аудан тұрғыны Ертай Жәнібеков.

Аудан әкімдігі өкілдерінің айтуынша, «Шет-Энерго» ЖШС-ның бірнеше жыл бойы электр жүйелеріне ауқымды жөндеу жүргізбеуінен жеке учаске­лерде тоқ көзі апаттық жағдай­да ажырап отыр. Осыған дейін тозығы жеткен электр желілерін жаңарту туралы меншік иесіне әкімдік тарапынан бірнеше мәрте ескерту беріліп келген.

«Бүгінгі таңда «Шет-Энерго» компаниясына қатысты жағдай әлі де күрделі болып отыр. Бір­неше жыл бойы компания электр желілерін жаңғыртуға ин­вестиция салмаған, бұл электр энергиясының жүйелі үзілуіне әкеліп соқты. Адамдар жиі жарықсыз ғана емес, сонымен қатар жылусыз да қалады. Тұрақты ескертулерге қарамастан, «Шет-Энерго» қыз­метінің сапасы түзелер емес. Осыған байланысты аудан әкім­дігі жергілікті деңгейде тө­тен­ше жағдай жариялауға мәж­бүр болып отыр, бұл шаралар ауданда электр энергиясын қал­пына келтіруге бағытталған. Тұрғындардан сабыр сақтап, біз жағдайды тұрақтандыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанымыз­ды түсінулерін сұраймын», дейді аудан әкімі Мұхит Мұхтаров.

«Шет Энерго» кәсіпорны болса өз тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын, жарықтың шектелуіне негізгі себепші өздері емес екенін алға тартады.

Электр желісі ақауын аудан­ның тұрғын үй-комму­налдық шаруашы­лық бөлімі үнемі мониторинг жүргізіп, журналға толтырып отырады. Ауданда жарық 2020 жылы – 65 рет, 2021 жылы – 80 рет, 2022 жылы – 81 мәрте, 2023 жылы 93 рет өшкен. Ал биыл қаңтарда Шет өңірінің (27 елді мекен) тұрғындары 5 күн электр қуатынсыз қалды.

Бұл мәселе Үкіметтің назарына жетті. Экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссияның отырысында компания мүлкін мемлекет пайдасына алу үшін сотқа берілетіні айтылған.

«Шет-Энерго» ЖШС Шет ауданының елді мекендерін электрмен қамтамасыз етеді. Ауыл тұрғындары электр қуаты­ның негізсіз өшуіне жиі шағымданды. Мамандар қуат­тың жетіспеушілігін, электр желілерінің жоғары тозуын, сапасыз жөндеу жұмыстарын, ава­риялық бригадалардың жетіс­пеушілігін атап өтті. Ком­пания үнемі төтенше жағдай­лар­дың болуына жол берді. Шет ауданы тұрғындарының өмірі мен денсаулығына зиян келтірмеу үшін компанияның мүлкін мемлекет пайдасына реквизициялау мақсатында сотқа жүгіну туралы шешім қабылданды», деген ақпарат жарияланған еді Премьер-министр сайтында.

Қысқасы, Шет ауданы өрке­ниеттен шет қалғанына өкпелі және шұғыл шешім қабыл­даса деген елдің талап-тілегі бар. Жарығы өшкен ел үмітін өшірмей отыр, әзірге.

 

Қарағанды облысы,

Шет ауданы