Алаш қайраткерлеріне қатысы бар әр отбасының айрықша тарихын былайғы жұрт біле бермейді. Менің марқұм анам Гүлнар – таяуда ғана Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің жалпы редакциясымен шыққан 12 томдық «Алашорда ісі» атты жинақтағы негізгі тұлғалардың бірі, көрнекті ұлт қайраткері Хайретдин Болғанбайдың туған қызы. Нағашы әжем (яғни Гүлнар Хайретдинқызының анасы) Рахима Әкбарқызы – Алаш қозғалысына қаржылай жәрдемдескен, Ақмола қаласының қалыптасып-дамуына атсалысқан көпес Әкбар Халфиннің перзенті.
Ал әкеме келсек, ол кісінің аты-жөні – Тұяқ Баяндыұлы Кәмелов (1919–1964). Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, мектеп мұғалімі, директоры. Ата-бабаларымыз Кәмел, Баянды, Ыбырай – Қорғалжынға белгілі тұлғалар. Заманында мектеп-мешіт тұрғызып, ұрпағы мен айналасын ағартқан екен. Ыбырай атамыз Әбубәкір, Толыбай, Қозыбақ секілді ел ағаларымен бірге патша өкіметінен рұқсат алып, Түркия арқылы Меккеге барып, қажы атанған. Ыбырай Баяндыұлының Құмжотадағы мектеп-мешітінің орны әлі де бар. Қиын жылдары атамыздың мал-мүлкін кәмпескелегенмен, өзін жер аудармаған екен. Ыбырай атамыз 1930 жылы қайтыс болған. Үлкен там-кесенесі Қорғалжынның рухани-киелі орны болып тұр.
Саяси репрессия, фашизмге қарсы соғыс біздің әулетті айналып өтпеді. Баянды, Ыбырай, Райыс большевизмнің талай құқайын көрді. Ағайынның бірлігі арқасында жамандықтан аман қалды. Ал Екінші дүниежүзілік соғысқа әулетімізден Кенжалы Ыбырайұлы, Әлжан Райысұлы, Кәмел Ыбырайұлы қатысса, Кенжалы және Әлжан аталарымыз қан майданнан оралмады. Бірі Воронежде, екіншісі Сталинградта оққа ұшты.
Әкем Тұяқ Баяндыұлы соғысқа дейін Қарағанды Мұғалімдер институтын (ол кезде В.Молотов атындағы) бітіріпті. Сөйтіп, майданға дейін ұстаздық етіп үлгеріпті. 1941 жылы соғыс басталысымен әскерге шақырту алады. Алғаш Ульяновск қаласындағы 1-танк училищесінде оқып, «танк командирі» дәрежесін иеленеді. Батыс майданының 158-танк батальонында командир болады. Украин майданындағы 108-танк бригадасы құрамында Мәскеуді қорғап, Берлинге дейін барды. Әкеміз мінген танк «ИС-122» екен. Бұл ауыр техника маркасы «Иосиф Сталин» дегенді білдіреді. Яғни әр соғыстың өз шындығы бар.
Екінші дүниежүзілік соғыстағы батылдығы шығар, әкеміз Тұяқ Кәмелов кеудесіне «Қызыл Жұлдыз» ордені мен «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарын тағып қайтты. Сондықтан ол кісіні өзіміз қаһарман санаймыз.
Тұяқ Баяндыұлы майданда жүріп, елге «Жеңіспен ораламыз!» атты өлеңмен хат жолдайды.
«Біз жүрміз халық үшін қан майданда,
Дамыл жоқ, күнде өлім шыбын жанда.
Аямай кеудедегі жанымызды,
Ең соңғы сарқылғанша қасық қанды.
Құрбан қып Отан үшін жас өмірді,
Шайқаспен өткіздік біз келер күнді.
Қорғауға туған жерді мақсат етіп,
Дұшпанға жібермейміз есемізді».
Қандай шынайы рух десеңізші! Бұл жыр төрт шумақтан тұрады. Әр шумақтың көтерген жүгі бар. Мұны шартты түрде жіктесек: майдан ақиқаты; намысты қайрау; ана мен Отан жауапкершілігі; жеңіске деген сенім. Жырдың әуен-музыкасы да болған секілді. Себебі «Аха-хау, туған жер! Сайрандап өскен елім!.» деп басталатын қайырмасы да бар.
Ең маңыздысы, осы жыр Қорғалжын аудандық газетіне жарияланыпты. Бұған мұрындық болған әкеміздің немере қарындасы, кейінгі белгілі ақын Ырысты Шотбаева екен.
Әкеміз майдандағы әңгімелерін орнымен айтып отыратын. Ол Челябі танк зауыты («Танкоград» деп аталыпты) шығарған соғыс техникаларын бақылау мен қабылдау комиссиясы құрамында болыпты. Тәжірибелі командир ретінде зауыт инженерлеріне пайдалы ақыл-кеңес берген. Тағы бір танк туралы жеткізген дерегі: соғыс қызу жүріп жатқан уақытта инженерлер әскери көліктің шойын сауытын (броня) жетілдіріп отырған.
Сондай-ақ ол кісі мінген әйгілі «ИС-1», «ИС-2» танксінің салмағы 44 тоннадан асқан. Алғашқысы 130 дана ғана, ал соңғысы 3 мыңдай шығарылыпты. Сауытының қалыңдығы 30–40-тан 120 миллиметрге дейін екен. Оның 85 калибрлі қаруы бірнеше шақырым жерден жаудың қалың сауытты техникасын оп-оңай быт-шытын шығарған. Әкеміз тізгіндеген «ИС»-тің 122 деген саны пушкасының көлемін айғақтайды.
Кеңестік танктердің жылдамдығы мен дәлдігін жетілдіруде Америка «Ленд-лиз» жүйесімен берген бөлшектердің көп пайдасы тигенін де көзі ашық інілеріне айтқаны есімде қалыпты.
Иә, осы «Жеңіспен ораламыз!» өлеңінде жазылғандай, әкеміз соғыстан аман-есен келіп, мұғалімдік қызметін жалғастырды. Осы ұстаздық жұмыста жүріп, 1946 жылы анамыз Гүлнар Хайретдинқызымен көңіл жарастырып, отбасын құрады. Шешеміз де Қарағанды педагогика институтын бітірген. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі еді (кейін Сабынды орта мектебінде ұзақ жыл директор болды).
Әкеміздің кеңдігі мен түсіністігі шығар, Алаш қайраткері Хайретдин Болғанбайдың жары Рахима Әкбарқызы (яғни енесі) біздің қолымызда тұрды. Әрине, Тұяқ Баяндыұлы анамыздың ресми өкімет ұнатпаған «халық жауының» қызы екенін білді. Бірақ өзінің тек-тамырын да, Хайрекең нағашымыздың деңгейін де түсініп, саналы түрде осы жолды таңдады.
Майдангер Тұяқ Баяндыұлы Қорғалжынның Сабынды мектебінде 10 жыл директор болды. Төрт жылдық мектепті жеті жылдық мектепке айналдырды. Күн-түн демей ғұмырын білім қызметіне арнады. Бірақ соғыстағы түрлі жарақат пен «халық жауы» қызының күйеуі деген қилы домалақ арыз әкеміздің денсаулығына кері әсерін тигізді. Ол бар болғаны 45 жыл жасап, қабілет-қарымы дер шағында бақиға аттанып кете барды. Ата-анамызға Жаратқан бұйыртқан 18 жылдық ерлі-зайыпты ғұмырында тату-тәтті тұрып, отбасылық сыйластықтың өнегесін көрсетті.
Әкемнің мұғалімдік жолында соғысқа дейін де қызық, тағылымды фактілер жеткілікті. Мәселен, ол 1940 жылы Қарағанды Мұғалімдер институтын бітірген соң, Қарсақбайдағы мектепке директор болып тағайындалады. Сол кезде кейінгі даңқты академик, ғылым қайраткері Қаныш Сәтбаев осында тұрады екен. Әкем Қанекеңнің жиені, болашақ әйгілі археолог Кемал Ақышевты, сондай-ақ тау тұлғаның Ханиса, Шәмшиябану, Мейіз сынды қыздарын оқытыпты.
Соғыс сынаған әкеміз Тұяқ Баяндыұлы білім мен тәрбие саласында Ыбырай Алтынсарин мен Антон Макаренко тәжірибесін, ізденісін жиі пайдаланыпты. Ол кісінің өмірлік ұстанымы – «Адамгершілікке тəрбиелеу құралы – еңбек және ата-ана өнегесі». Бұл Ы.Алтынсариннің дәйексөзі екен. Ұстаздық қалың дәптерінің бірінші бетіне «Нағыз педагогика – қоғамның қайнауынан шыққан педагогика» (А.Макаренко) деп жазып қойыпты. Міне, осы өміршең нақыл сөздер қазір де құнын жойған жоқ.
Әрине, әкесінен жастай айырылған баланың арманы көп болады. Бүгінде жасым жетпіске таяса да, майдангер әкемнің кәсіби ұстанымын әрбір оқыған сайын қатты толқимын.
Достық КӘМЕЛОВ,
«Хайретдин Болғанбай» ҚБ президенті, саясаттанушы