• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Қылмыс 26 Ақпан, 2025

Алаяқтардан абай болыңыз!

63 рет
көрсетілді

Бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен елдегі заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Онда интернет алаяқ­тыққа қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды. Жиынға Президент Әкімшілігінің өкілдері, Парламент депутаттары, мем­лекеттік органдардың басшылары қатысты.

Өткен жылы мыңдаған отандасымыз кибералаяқтардың құрбаны болды. Күн сайын түрленіп, жаңа айла-тәсіл ойлап табатын алаяқтар азаматтарды арбауына түсіру үшін әсіресе заманауи IT-технологиялар мен психологиялық манипуляцияларды кеңінен қолдана­тын көрінеді. Мәселен, Алматы қаласында өздерін күштік орган­дардың қызметкерлері деп та­ныстырған телефон алаяқтары 82 жастағы зейнеткерді 67 млн теңгеге қатарынан 14 транзакция жасауға көндірген. Олар жәбірленушіге оның шоттары арқылы жасалған террористік шабуыл туралы хабарлапты.

Ал Ақтөбе облы­сындағы «Кредит 365 Казахстан» және «Авто сыйлық» микро­қар­жылық ұйымдары биометрия­сыз 2023 жылдың шілдесін­де қайтыс бол­ған аза­матқа мик­ро­­­қа­рыздар ресім­деген. Осы секілді респуб­лика көлемінде дүниеден өткен адам­дарға, тіпті елде еш­қашан болма­ған ше­тел­­діктерге биомет­рия өткіз­бестен, ми­к­ро­қарыздар бе­ру, банктік шоттар ре­сім­деу фактілері де кездесіп жатыр.

Осы орайда Бас прокурор­дың тапсырмасы негізінде былтыр желтоқсан айынан бас­тап өкілеттіктерін теріс пай­да­ланғаны және міндеттерін тиі­сінше орындамауы салдары­нан азаматтардың алаяқтар ай­ласына түсуіне әкеп соқ­қан микроқаржылық ұйымдар мен байланыс операторлары­на қатысты 71 қылмыстық іс қоз­ғалды. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан облысында елі­мізге ешқашан келмеген Украина азаматына шот ашқан екінші деңгейдегі банктің 2 қызметкеріне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Осы тұлғаның шотына жәбірленушілер өздерінің жи­наған қаражаттарын аударып отырған. Қазіргі уақытта олар ҚК-нің 250-бабы бойынша өкілеттіктерін теріс пайдаланды деген күдікке ілінді.

Билайн, Теле-2 ұялы байла­ныс операторларының қыз­­меткерлері мен олардың дис­трибьютерлеріне қатысты ҚК-нің 211 және 254-баптары бойынша 4 іс қозғалды. Олар алаяқтарға азаматтарды алдау үшін пайдаланылған мыңдаған сим-карталарды тіркеуге көмек­тескен.

Өткен жылы жалған банк, құқық қорғау және басқа орган­дардың қызметкерлерінен, байланыс операторлары мен жақын туыстардан келіп түскен 8 мыңнан аса қоңырау тіркелді. Қаскүнемдердің көп жағдайда шет мемлекеттерден әрекет етуі­не байланысты халықаралық ын­тымақтастық күшейтілді. Шет­елдік әріптестердің қол­дауы­мен Қазақстаннан тыс жер­­де біздің елдің азаматтары­на қа­тысты әрекет жасаған 8 жал­ған­ колл-орталықтар жо­йылды.

Басқа да іс-шаралардың кешені қабылданып жатыр. Мысалы, Ұлттық банктің жанында алаяқтық транзакцияларды бұғаттауға арналған Антифрод-орталығы іске қосылды. Міне, жарты жыл ішінде күдікті операциялар бойынша 1,5 млрд теңге бұғатталды.

Сондай-ақ прокуратура­ның бастамасы бойынша әкім­дік­тердің қолдауымен кибер­қыл­мыскерлерді анықтауға мүм­кіндік беретін заманауи бағ­дарламалық кешендер алынды. Бұл 2024 жылы 59 алаяқтық топты әшкерелеуге және банктік аударымдар мен жымқырылған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру қызметін көрсет­кен 128 азаматты қылмыстық жауаптылыққа тартуға септігін тигізді.

Тергеу органдары жәбір­ленушілерге келтірілген шы­ғынды азаматтық сот тәртібін­де «дропперлерден» өндіріп алу жолын (АК-нің 953-бабы) тү­сіндіруге бағдарланған. Осы­ның нәтижесінде, былтыр 800 талап арыз бойынша «дропперлерден» 1 млрд тенге өндіріп алынды.

Одан қалды, прокуратура жалған қоңырауларды дереу бұғаттау мақсатында киберполициямен, «Қазақтелеком» АҚ-мен және өзге байланыс операторларымен бірлесіп тиісті меморандум жасады. Оның аясында 19 мыңнан аса алаяқ­тық қоңыраулар бұғатталып, ин­тернет-алаяқтықта қолданы­латын 100 «СИМ-бокс» құрыл­ғылары анықталды, күдікті адам­дар, оның ішінде шетел азаматтары ұсталды.

Тергеу барысында мыңнан аса жәбірленушінің 1,5 млрд теңгеден аса несиелік бере­шектерін өндіріп алу уақытша тоқтатылды. Бұған қоса қар­жы ұйымдары азаматтардың іс жүзінде қатысуынсыз ресім­делген несиелер бойынша 100 млн тенге көлеміндегі берешекті есептен шығарды.

Отырыста отандастары­мыз­ды, әсіресе жастарды бас­қа біреудің ақшасын жы­лыс­­тату схемаларына тарту мәсе­лелері де сөз болды. Жиын қоры­тын­ды­сында бірқатар ұсыным әзірленді. 

Соңғы жаңалықтар