Солтүстік Қазақстан облысында қолдан жасалған спирттік ішімдіктерді тарату үдеп тұр. Жуырда полиция қызметкерлері Ақжар ауданында рейдтік іс-шаралар жүргізу барысында 39 жастағы азамат жүргізіп келе жатқан «Mazda» көлігін тоқтатқанда, оның ішінен 100 литрдей заңсыз алкоголь тәркіленді.
Жүргізуші ішімдіктерді пластикалық ыдыстар мен бөтелкелерге бөліп құйып алған екен. Әрине, бұлардың бәрінде акциздік маркалар жоқ болғандықтан, оны қылмыстық жолмен бір жерден қымқырып немесе арзанға сатып алғаны көрініп тұр. Заңсыз айналымға шығарылған алкогольдік өнімдер тәркіленіп, жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Алкогольдің заңсыз таралуымен күрес – «Заң және тәртіп» қағидатын іске асырудың және мас күйде жасалатын қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алудың маңызды бөлігі. Қаңтар айында солтүстік полицейлері барлығы 1 145,5 литр акцизсіз алкоголь тәркіледі.
Өткен жылдың аяғында алкогольге қарсы заңнаманың үнемі бұзылып отырғанын байқадық. Соның ішінде желтоқсан айында ғана учаскелік инспекторлар 95 адамды алкогольдік өнімдерді сатуда заң талаптарын бұзғаны үшін, ал 178 адамды оны жасырын түрде қолдан жасап сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Барлығы 6 мың тонна құрамында спирті бар алкогольдік өнім тәркіленген. Мысал үшін айтатын болсақ, Есіл ауданының бір ауылындағы жергілікті тұрғынның ауласынан «Участок» профилактикалық операциясы барысында құрамында спирті бар 497 литр сұйық өнім алынды. Оның 697 шишасы сыра, 29 бес литрлік пластикалық ыдысқа құйылғаны арақ деп көрсетілген. Заңды айналып кәсіпкерлік жасағаны үшін үй иесіне үлкен көлемде айыппұл салынды. Ал Петропавл қаласының 62 жастағы бір тұрғыны сауда үйлерінің бірінде ішкілікке бейім адамдарды көзімен бағып, оларға спиртке су қосылған «арақтарды» арзан сатып келген. Ұсталған кезде оның 5 литрлік пластикалық ыдыста спирті болған. Сондай-ақ үйінде 15 литр, үйінің ауласындағы гаражында 213 литр спирті тығулы тұрған. Бұған да әкімшілік жолмен айыппұл салынды.
Облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары, полковник Құрманғали Ысмағұлов учаскелік инспекторлармен кездескенде осы тараптағы жұмысты күшейтуді тапсырды.
«Алкогольдің заңсыз айналымы барлық қылмысты істердің бастамашысы болатыны, сондықтан оны сатудың тәртібі қатаң сақталуы керектігі ескертілді. Мысалы, ұрлық сияқты қылмыстар ашылғанда, оны жасаған адамдардың бәрі дерлік алдын ала спирттік ішімдіктер ішіп алатыны іс жүзінде дәлелденіп отыр. Сондықтан алкоголь айналымына қатаң бақылау – қылмыстың алдын алу деген сөз», деді Қ.Ысмағұлов.
Солтүстік Қазақстан облысы